Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Лебіздер легі

Лебіздер легі
ашық дереккөз
Лебіздер легі
Халықтық мұраттардың тоғысы 25 қазан – Республика күні. Бұл айтулы күн елдік мұраттардың ықылым заманнан бері бірлік пен ынтымақтың, қаймағы бұзылмаған бейбіт өмірдің, дәстүр мен салттың сабақтастығын үзбеген кескіні, бейнесі. Ата-бабамыздың арман-мұраттарының, аңсаған азаттығының шуағы. Көлеңкесін алысқа түсірген алып бәйтеректей алып армандардың тоғысы. Тілек-ниеттер ақсақал, қариялардың пәтуалы ақ батасындай бақ пен берекеге бастау болған күн! Бүгінгі күні жарасымды өміріміздің, жақұтты күніміздің, шуақты нұрымыздың шоқ жұлдызындай жарқырап, әлемге кең танылған Қазақстан жастарының бақыты – білім, әлеуметтік, экономикалық салалардың барлығында көрініп келеді. Еліміздің көк Туы әлемнің қай түкпірінде желбіресе, аспан тектес ашықтық, азаттықтың символы болған байрағымыз рухымызды көтеруде. Бұған қалай мақтанып, шаттанбайсың?! Жас ұрпақтың бойындағы патриотизмнің баспалдағы ата-баба рухымен дәнектей себілген асыл дән. Күн көзіне ұмтылған өскіндей өрлей түскен өрендердің өнегесі бұлақ көзін содан алып, содан өрлейді. Бұл сабақтастық асыл дәстүрімізге, аға буын мен жас буынның арасындағы алтын көпірге айналуда. Оған негіз болып отырған еліміздегі жүргізіліп отырған құнды саясаттың, құнарлы идеологияның негізі. Сондықтан, ғасырдан-ғасырға ата жолын үзбеген ұрпақтың бұл күнді Ұлы күнге балауы орынды. Бақ пен береке егізі болған, табандылығы негізі болған Республика күні құтты болсын! Сауран ҚАЛИҰЛЫ, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Өткеннен сабақ алып, алға жылжуымыз керек Тәу етер тәуелсіздіктің арқасында еліміз жаңа белестерге көтерілді. Халықаралық қауымдастықта өзіндік орнымызды айқындап, алпауыт мемлекеттермен тереземіз тең дәрежеде әріптестік байланыстарды нығайтып келеміз. Осы орайда спорт саласында да төрткүл дүниеге танылуға мүмкіндік туды. Өзім де түрлі турнирлерде туған елімнің намысы үшін аянып қалған емеспін. Күні кеше мәреге жеткен Азия ойындарында да отандастарымның қолдауын айрықша сезіндім. Әсіресе, аренаның ішінде көк Туды көзім шалғанда кеудемді мақтаныш сезімінің кернейтіні рас. Әлемнің қай түкпіріне барсақ та «Қазақстан, Қазақстан» деп ұрандатқан жанкүйерлер кездесіп жатады. Бәріміз үшін бұдан асқан бақыт бар ма, сірә? Әрине, спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Сол секілді өмірімізде түрлі жағдайлар болып жатады. Қуаныш та, өкініш те. Өткеннен сабақ алып, алға жылжуымыз керек. Бұлай дейтінім Қазақстан осыдан он жыл бұрын қандай еді? Қазір қандай? Көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамып келеді. «Елу жылда – ел жаңа» дегендей, Жаңа Қазақстанда жаңа леп бар. Ұлттық мерекеміз – Республика күні құтты болсын! Еліміз өсіп, өркендей берсін! Көк байрақ – азаттығымыздың белгісі. Мемлекеттік Ту өзге елдерде жоғары көтерілгенде төбем көкке бір елі жетпей, мақтаныш сезімде боламын. Өз елімнің рәміздерін құрметтеймін! Мен өз елімнің патриотымын! Дүбірлі додаларда жетер жетістігіміз көп болсын! Ұлы Абай айтпақшы, «ақырын жүріп, анық басып», әлі талай биіктерге жетеміз! Асланбек Шымбергенов, әуесқой бокстан әлем чемпионы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар