Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖАЛЫНМЕН АРПАЛЫСҚАН ЖАУЫНГЕРЛЕР

ЖАЛЫНМЕН АРПАЛЫСҚАН ЖАУЫНГЕРЛЕР
ашық дереккөз
ЖАЛЫНМЕН АРПАЛЫСҚАН ЖАУЫНГЕРЛЕР
Өртсөндіру саласында «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығара отырып еңбек етіп, отпен арпалысқан жауынгер жетерлік. Біз өртсөндірушілер туралы ойлай қалсақ, үнемі көз алдымызға қара күйенің ішіндегі, жүздерін жалын шарпыған, қайратты жігіттер мен қызыл түсті өрт сөндіру автокөлігі елестейді. Алайда оның арғы жағында жанталасып, жалынмен жағаласқан өртсөндірушілердің жанайқайын көп ести бермейміз. Болмысы бөлек Байжанов Міне, сондай еңбекқор да қарапайым жанның бірі – Нұрман Байжанов. Ол 1981 жылы 4 мамырда Жуалы ауданы, Ертай ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. 1996 жылы М.Ғабдуллин атындағы 9 жылдық орталау мектебін аяқтап, одан әрі орта мектепті сол кездегі Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, Түлкібас ауданы, Жаскешу ауылындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектебінде жалғастырған. 2001-2003 жылдар аралығында Қарағанды облысындағы 6305 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеген. Ал әскерден оралған соң 2004-2007 жылдар аралығында Тараз қаласындағы әскери техникаларды жөндеу базасында әскери қызметте бөлімше командирі лауазымында алғашқы еңбек жолын бастаған. Содан бері халық үшін аянбай тер төгіп, талай жалыннан аман шығып, талай адамды құтқарып, батасын алған. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Тараз қаласындағы «Қарасу» ықшамауданында 5 қабатты тұрғын үйдің шатырынан өрт шыққанда оқиға орнына өзге әріптестерімен бірге жеткен Нұрман жедел түрде автосатыны орналастырып, шұғыл әрекетке көшеді. Нәтижесінде бірнеше адам автосатының көмегімен өрттен құтқарылған. Өрт ошағына барғанда барлық арнайы техникалардың тоқтаусыз су беруі үшін түрлі сорғылары мен қозғалтқыштардың жоғары деңгейде жұмыс атқарып, жалпы техникалар жарамды күйде болуы тиіс. Ал Нұрман секілді өз саласының үздік азаматтары тұрғанда, өрт сөндіру жұмыстарының басты құралы – техникалар жұмыс істеуін тоқтатпай, әрдайым көмекке келуге дайын тұратыны даусыз. Өз саласының қыр-сырын жақсы білетін ол 2007 жылы Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне аға жүргізуші лауазымына тағайындалды. Содан бері ол өрт сөндіру көлігін тізгіндеп қана қоймай, жас мамандарға өзінің тәжірибесін айтып, ой бөлісіп отырады. – Осыдан бірнеше жыл бұрын асыл жарым Салтанат сырқатына байланысты кенеттен өмірден өтті. Бұл менің қабырғама қатты батты. Қазақ «Орта жолда атың өлмесін, орта жаста жарың өлмесін» деп бекер айтпайды ғой. Бірақ тағдырдың жазуына амал жоқ екен. Басыма берген сол сынақты көтеруге тура келді. Оның үстіне 5 қызымызды тәрбиелеп, қатарға қосуым керек деген үлкен ауыр міндетті өз мойныма алдым. Сондықтан да қиындыққа мойымай, барынша балаларыма көңіл бөлуге тырыстым. Қыз бала болған соң олардың алдында өзімнің әкелік жігерімді жоғалтпауға бел будым. Құдайға шүкір, бүгін олар ешкімнен де кем түспей есейіп келе жатыр, – дейді ол. Иә, ол жақсы қызметкер ғана емес, жақсы жар, жақсы әке бола білген нағыз қазақтың батыры. Ол әрқашан өрт оқиғалары мен түрлі сипаттағы апаттық-құтқару жұмыстарының бел ортасынан табылып, елдің игілігі жолында аянбай тер төгіп жүрген азамат. Еңбегінің жемісін де көруде. Атқарған қызметіне орай «Өртке қарсы қызмет органындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен де марапатталыпты. Ол 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы су тасқыны кезінде де арнайы топтың құрамында сол аймаққа барып, кейіннен Мақтааралда бірнеше елді мекенге су жайылған төтенше жағдай кезінде де сол аймақтағы жайылған суды аулаққа шығару жұмыстарымен айналысқан. Спортты серік еткен Ерболат Жалпы бүгінгі күнде облыста кілең сайдың тасындай іріктелген от жауынгерлері жетерлік. Соның бірі – өз ісінің майталман маманы, Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өртсөндіру бөлімінің өртсөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Ерболат Керімбаев. Ол 1994 жылы 9 маусымда Сарысу ауданы, Ұ.Сыздықбайұлы ауылында дүниеге келген. Ерболат үйде үш ағайынды. Ол үйдің ең үлкені. Алғаш мектеп табалдырығын Ұ.Сыздықбайұлы ауылында аттап, одан кейін Тараз қаласындағы №34 мектепте білімін жалғастырған. 2010-2014 жылдар аралығында Тараз қаласындағы теміржол және коммуникация колледжіне оқуға түсіп, оқумен қатар бокспен және қоян-қолтық төбелеспен де белсенді айналысқан. Ал волейбол мен футбол десе, ол бұрыннан ішкен асын жерге қоятын жандардың қатарында. Мұндайда «жігітке жеті өнер де аз, жетпіс өнер де көптік етпейді» деген сөз еске оралады бірден. – Мен кейбір жолдастарым сияқты ерініп үйде жата бергенді немесе бір жұмыспен айналысып, қалған дүниенің бәрін кейінге ысырып қойғанды аса ұнатпаймын. Оның үстіне әрбір ер азамат өз ісінен бөлек спортпен айналысу керек деп есептеймін. Спорт адамның ой-санасын сергітеді. Сондай-ақ ол шаршаған кезде рух береді. Яғни спорт та демалудың бір амалы. Екіншіден спортпен айналысқан адамның қан айналымы, ой жүгірту жүйесі бірқалыпты болады. Сондықтан да жас кезде адам бәрін істеп үлгеру керек. Әрі спортты серік еткен адам ғана сау денелі болмақ. Ал сау денелі ұрпақ ұлттың байлығы, – дейді Е.Керімбаев. Ол Тараз қаласындағы №2 мамандандырылған өртсөндіру бөліміне өртсөндіруші-құтқарушы лауазымына 2015 жылы орналасқан. Содан бері ол өз қызметін адал атқарып, тек өртпен ғана емес, сондай-ақ түрлі табиғи апаттарға жататын қарлы боран кезінде немесе елді мекендерге су жайылғанда бірнеше рет апаттық-құтқару жұмыстарының бел ортасында жүрген азамат. Бірнеше уақыт бұрын ол Меркі және Т.Рысқұлов аудандарындағы таулы аумақта тұтанған өрт оқиғаларын жоюға да белсенді атсалысқан. Ол өзінің өрт сөндіру кезіндегі қиындықтарын да естен шығармайды. Қайта одан өзіме сабақ алып отырамын дейді. – Осыдан бірнеше жыл бұрын әдеттегідей кезекшілікке түскен кезім болатын. Абай көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйдің біріндегі пәтерден өрт шыққандығы жөнінде хабарлама келіп түсіп, оқиға орнына шұғыл аттандық. Ол кезде аталған өртті марқұм азаматтық қорғау подполковнигі А.Микропуло басқарған еді. Біз оқиға орнына жеткенде пәтер ішінде адамдар қалып қойғандығын анықтап, жедел түрде газ-түтіннен қорғау құрылғысына қосылдық. Сөйтіп бет шарпыған ыстық жалынға қарамастан ішке кіріп, қалың қою қара түтіннің арасынан бір мүгедек кісі мен кәмелет жасына толмаған 2 жас баланы сыртқа алып шықтық. Уақыт оздырмай дәрігерлерге дейінгі алғашқы көмек көрсеттік. Ал бұл кезде өзге әріптестерім өрттің одан әрмен қарай жайылуының алдын алып, дер кезінде тоқтатты. Бұл бір ғана оқиға емес, мұндайды біз жиі көреміз. Алайда өрт сөндіру кезінде адам құтқарып қалудан бөлек, мәйіт алып шығудың сезімі басқаша екенін де айта кеткім келеді. Қарапайым адамға оның қиындығы мен жүйкеге түсетін салмағы сезілмеуі мүмкін. Алайда біз оның бәрін өз басымыздан кешкен сәттер көп болады, – дейді ол. Ол осындай еңбегінің арқасында нәтижелі жұмысының жемісін де жеп жүрген азамат. Оның үстіне ол бұл салада жалғыз емес. Жан жары Жанармен бірге халықтың қажетінен шығуға талпынып келеді. Оның жұбайы өртке қарсы қызмет саласында күштер мен құралдарды жедел басқару орталығында диспетчер болып еңбек етеді. Сондықтан да осындай отбасымен бірге Отан үшін қызмет істеп жатқан жандар аман болсын дейміз. Антына адал Мұхтар Әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі – өртсөндіруші. Шынымен де бұл сала нағыз ер жігітке тән, батылдық пен батырлықты қажет ететін мамандық. Күн сайын қауіп-қатермен бетпе-бет ұшырасып, тілсіз жауды ауыздықтайтын батырлардың жоғары дайындықтан өтетіні белгілі. Сондықтан өртсөндіруші міндетті түрде батыл, төзімді, физикалық тұрғыдан мықты болуы қажет. Сонымен қатар тілсіз жау саналатын өртпен және сумен, боранды, қарлы дауылдармен т.б. табиғи апаттармен күресу үшін тек керемет бұла күш қана емес, тәжірибе де болғаны жөн. Мұның бәрі құтқарушының бойынан табылуы тиіс қасиеттер. Сондықтан да олар өзге жандар бейбіт уақытта мамыражай күн кешіп жатқанда, керісінше бейбіт кезеңде күнделікті тілсіз жаумен айқасқа түсіп жатады. Осындай жоғары қасиеттерге ие деуге тұрарлық бүгінгі кейіпкеріміздің бірі де бірегейі – облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі Тараз қалалық №4 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Мұхтар Жексенбиев. Ол 1986 жылы Байзақ ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. 2004 жылы мектепті аяқтап, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Ал 2007 жылы әскер қатарына шақырылған. Сөйтіп Отан алдындағы борышын өтеп келген соң 2008 жылдан бастап 15 жыл бойы өзінің сүйікті кәсібімен айналысып келеді. Қызмет барысында өзін кәсіби әрі білімді және жауапты қызметкер ретінде көрсеткен ол әрқашан кейінгі толқын буындарымен өрттерді жою және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында бойына жиған тәжірибесімен бөлісуден жалыққан емес. Атқарған адал еңбегі мен өрттегі батылдығы үшін аудан және облыс басшылығының бірнеше рет түрлі алғыс хаттарымен марапатталған. Ол өзінің айналасындағы жастарға мамандығын мақтаныш тұтатынын айтып, тәжірибесімен бөлісуден шаршаған емес. Сондықтан да әріптестері оны адал да шынайы адам ретінде қабылдайды. Ал Мұхтар Елемесұлы болса өз мамандығын барлық істен биік қоятындығын айтады. – Ең біріншіден бұл мамандықты адам өзі қалап, сүюі керек. Сонда ғана адал терін аянбай төгеді. Әрі келген қандайда бір қауіп-қатерлерден тайынбай өртке қарсы тұра алады. Адам өз мамандығының жемісін тек халықтың алғысынан алатынын да ұмытпауы тиіс, – дейді ол. Міне, осындай өз ісін тиянақты орындап, өздерінің қауіпті әрі күрделі қызметтерін шын жүректен жақсы көретін мамандар қашанда халық үшін керек екендігін бәріміз де түсінгеніміз жөн. Шапағат Әбдір
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар