Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Зерделі, ойлы ұланның, Қонысы болған Мойынқұм»

«Зерделі, ойлы ұланның, Қонысы болған Мойынқұм»
ашық дереккөз
«Зерделі, ойлы ұланның, Қонысы болған Мойынқұм»
Мойынқұм ауылындағы Б.Момышұлы атындағы стадионда «Мәдениет – асыл қазынам» атты Мойынқұм ауданының мәдениет күні өтті. Тарихы бай, жыр-дастандарға арқау болған киелі мекендегі мәдениет күні 16 ауылдық клубтың логотипі ілінген автокеруеннің кіреберіс қақпадан бастап, аудан орталығын аралауынан басталды. Іс-шараға келген қонақтар және зиялы қауым өкілдері алдымен аудан орталығындағы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құран бағыштады. Мәдени-көпшілік іс-шараның шымылдығы «Жазата жайлауында» атты театрландырылған көрініспен ашылып, қазақтың «Келіндер сәлемі» мен «Тұсаукесер» дәстүріне ұласты. Мұнда облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай Айсұлтан есімді бүлдіршіннің тұсауын кесті. Жиналған қауым бүлдіршінге ақ батасын берген соң, шашу шашылды. «Құралай сұлу жырының, Желісі болған Мойынқұм. Жолбарыс жортқан даланың, Иесі болған Мойынқұм. Тарпаң менен құланның, Өрісі болған Мойынқұм. Зерделі, ойлы ұланның, Қонысы болған Мойынқұм», дегендей, кіреберісте жастарды тербеткен «Алтыбақан», қолөнер шеберлерінің ауылы, ауылшаруашылық жәрмеңкесі, ауданның тарихы мен жетістіктері жайында қойылған түрлі көрмелер қонақтарды елітіп, Мойынқұм өңірінің тарихынан сыр шертті. Аталмыш іс-шара барысында аудан тұрғындары мен меймандары қазақы киіз үйде жайылған дастарқандағы ұлттық дәмнен ауыз тиіп, халқымыздың барлық тұрмыс-салтын көрсеткен қыз-келіншектердің күбі пісіп, құрт жайып, ет асып, диірмен тартып, бауырсақ пісіргеніне зер салды. Бұдан кейін аударыспақ, көкпар, қазақ күресі мен қол күрестен күш сынасты. Сондай-ақ Кеңес Одағының екі дүркін чемпионы болған Шотай Тайбағаровтың құрметіне қой қырқудан өткізілген қырқыншылардың жарысын тамашалады. Бұл шараның мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, төл тарихымызды таразылап, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеу әрі жас ұрпақтың санасына бабаларымыздың салт-дәстүрі мен өмір дағдысын сіңіру. Салтанатты жиынның ашылуында «Тараз» триосының әншісі, мойынқұмдық Ноян Сейділдаев «Жүрегім нәр алған ба Мойынқұмнан» әнін орындаса, 16 «Нива» автокөлігі мен қолдарына домбыра ұстаған 160 адам бастаған шеру орталық стадионды айналып өтті. Ал алаңда ұлттық нақышта киінген 150 қыз мың бұрала би биледі. «Мойынқұм» ән-би ансамблінің орындауында 50 домбырашы Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйін тартса, мәдениет үйінің әншілері «Ата қоныс Мойынқұм» әнін орындады. «Мойынқұм» халықтық театры «Туған жер тарихы» қойылымын көрсеткенде, 16 тұлғаның фотосуреті кезекпен алаңға қарай жылжып, алаңның оң қанатына келіп тоқтады. Концерттік бағдарламаны облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай құттықтау сөзімен ашты. – Халықтың сұранысына сәйкес, өткен жылы облыс көлемінде 11 мәдениет нысанының құрылысы басталып, жыл қорытындысымен 4 нысанның құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, 32 нысан күрделі және ағымдағы жөндеуден өтті. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы және облыстың даму бағдарламалары аясында 14 мәдениет нысанының құрылысын жүргізуге бюджеттен барлығы 2,2 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Жыл аяғына дейін 30 мәдениет нысаны күрделі және ағымдағы жөндеуден өтеді. Қазіргі таңда Мойынқұм ауданында 40 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетуде, – деді Ерлан Нұрманұлы. Бұдан кейін сөз алған аудан әкімі Әлихан Балқыбеков: – Тарихи деректерге сүйенсек, Қазақ хандығының құрылуы осы Мойынқұм жерінде бастау алған. 1465 жылдары Керей мен Жәнібек сұлтандар бір түмен елімен, төрт түлік малымен қопарыла көшіп, Шу бойындағы осы Мойынқұмда қыстап, Қозыбасының Тұлпарсаз жайлауында Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлап, өздерін қазақ деп атапты. Хан сайлауы кезінде ел жабыла қозы сойып топтанып етін жейді, бас сүйектерін бір жерге жинайды. Сөйтіп бас үйілген жерді Қозыбасы деп атаған. Бұл киелі мекен осы Мойынқұм ауданына қарасты Хантау тауының бөктерінде жатыр, – дей келе талайларды таңғалдырған киелі Мойынқұм жерінің тарихына тоқталды. Сондай-ақ жарты ғасырлық тарихы бар «Тараз» триосының мүшелеріне және облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ғани Садырбаевқа, «Абырой» авторлар қоғамы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, жерлесіміз Марс Сүленовтерге «Мойынқұм ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты. Салтанатты шара соңында жерлесіміз Асылхан Шүңіреков бастаған «Тараз» триосы «Көкшолоқ», «Мойынқұмда» әндерін орындаса, эстрада жұлдыздары, жерлесіміз Ерлан Орынбасаров пен Баян Нұрмышева «Біргеміз», «Менде ғана бар», «Айналайын осы ауылдың қыздарын-ай!» тәрізді әндерін шырқап, іс-шараның көркін қыздырды. Аудан өнерпаздары Ерлан Айтқабыл мен Гүлдана Әлиева, Қасымжан Сәденов, Гүлгүл Тәйтімова, Қажымұрат Әбдіқадыров, Төреби Жексембек, Ақжан Мамбетәлиевтер әннен шашу шашып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл сыйлады. Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА, журналист, Мойынқұм ауданы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар