Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ӨНЕГЕСІН КӨПКЕ ҮЛГІ ЕТКЕН ОТБАСЫЛАР

ӨНЕГЕСІН КӨПКЕ ҮЛГІ ЕТКЕН ОТБАСЫЛАР
ашық дереккөз
ӨНЕГЕСІН КӨПКЕ ҮЛГІ ЕТКЕН ОТБАСЫЛАР
Жыл сайын елімізде отбасы құндылықтарының рөлін арттырып, шаңырақ пен некенің оң имиджін дәріптеу мақсатында «Мерейлі отбасы» байқауы ұйымдастырылады. 10 жыл ішінде байқауға республиканың әр өңірінен 20 мыңнан аса отбасы қатысқан. Құт қонған Сұрымбаевтар әулеті Биыл конкурсқа Қазақстан бойынша 3 344 отбасы қатысыпты. Байқауда бақ сынауға бел буғандардың 40 пайызы қалалық және 60 пайызы ауылдық отбасылар екен. Жалпы «Мерейлі отбасы» конкурс қана емес, халықтың ішіндегі үлгілі отбасылардың өнегесін көпке тарататын ұлттық жобаға айналып бара жатқандай. Шын мәнінде өнегелі отбасылар қоғамның айнасы болуы тиіс. Сондай үлгісін көпке көрсетіп отырған әулеттің бірі – Жуалы ауданындағы Сұрымбаевтар отбасы. Отбасының отағасы Қанатбек Сұрымбаев пен отанасы Қаракөз Айтбаеваның бас құрап, шаңырақ көтергендеріне 27 жыл болған. Қазіргі таңда 5 ұлы, 2 қызы және 1 немересі бар. – Бір отбасы болғаннан кейін жұбы­ңызбен бірге бір шаңырақтың астында өмірдің ыстығы мен суығын қатар өткізесіз. Сондай кезде ерлі-зайыптылар бірін-бірі жете түсініп, бір-біріне сүйеу болуы тиіс. Меніңше үйде «сен бастықсың» немесе «мен бастықпын» деген болмайды. Бір отбасының жауапкершілігі екі адамға да бірдей жүктеледі. Сонымен қатар бір-бірінен сыр жасырмаған сайын ерлі-зайыптылардың арасы жақындай түседі. Арада күмән да болмайды деп ойлаймын. Бұл қарапайым отбасындағы қағида, – дейді Қанатбек Сұрымбаев. Шынымен де сонау ерте замандағы ғұламалардың да сөзіне сүйенсек, бір отбасындағы екі адам бір құстың екі қанатындай болуы керек. Қ.Сұрымбаевтың жары Қаракөз Жамалбекқызы 1977 жылы Байзақ ауданы, Чапаев ауылында (қазіргі Тегістік ауылы) дүниеге келген. Білімі – жоғары. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін (қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті) «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша аяқтаған. Бүгінгі таңда Қызыларық ауылындағы №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқаруда. Өмірінің 20 жылын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз. Көпбалалы ардақты ана. «Алтын алқа» төсбелгісінің иегері. – Біздің бір ғана ұстанымымыз бар. Ол – еңбек. Ата-бабамыз «Еңбек – бәрін жеңбек» деп бекер айтпаса керек. Әрине еңбекпен, адал термен келген мал ғана адамға құт болады. Ал еңбексіз тапқан дүниенің берекесі болмайтынын бүгінгі жас ұрпақ ұғынып өсуі тиіс. Жастарымыз еңбектің ешқашан жеңіл болмасын, терін төкпей табысқа кенеле алмайтынын терең түсінсе екен деймін. Сонда ғана жастар қиялымен байып, көктен түсетін ақшаны дәметпейтін болар еді. Қазіргі таңда жастардың бойында қолымды қимылдатпай мол ақшаға кенеле қалсам деген тәтті қиял бар. Салдарынан түрлі құмар ойындарға әуес болып, барынан айырылып жатқан жастарымыз қаншама?! Мұның барлығы тегін дүниені аңсағанның әсерінен деп ойлаймын. Сондықтан балала­рымызға барынша еңбектің тәтті дәмін тат­қы­зуға тырыстық, – дейді Қаракөз Жамалбекқызы. Сұрымбаевтар отбасы бүгінде елге танымал әулет. Қанатбек Жамалбекұлы 2012 жылдан бері «Дархан» шаруа қожалығының басшысы. Егін, малшаруашылығымен айналысып, агросаласының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Ал тұңғыштары Асылхан Қанатбекұлы 1997 жылы дүниеге келген. Бүгінде Асылхан отбасында 1 ұл тәрбиелеуде. Екінші перзенттері Расылхан Қанат­бекұлы 2001 жылы дүниеге келген. «Ғылыми математика» мамандығы бойынша Сүлеймен Демирел атындағы универ­ситеттің студенті. Тағы бір баласы Мұхамеджан 2004 жылы дүниеге келген. Мәскеу электронды техника институтында «Электроника» мамандығы бойынша оқиды. Ал Нұрсұлтаны 2005 жылы дүниеге келген. №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы. Сондай-ақ қыздарының үлкені Инабат Қанатбекқызы 2009 жылы дүниеге келген. №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы. Ал Іңкәр 2012 жылы дүниеге келген. №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы. Кенжесі Дархан 2018 жылы дүниеге келген. Балабақша тәрбиеленушісі. – Әулетке 1996 жылы тамыз айының 16 күні келін болып түстім. Небәрі 19 жасымда күйеуім алып қашып кетті. Махаббаттың не екенін түсінбеген күйі бір әулеттің келіні болып шыға келдім. Бірақ отау құрған соң мойнымызда сол шаңырақты гүлдендіру деген аса жауапты міндет тұрғанын сезіндік. Жолдасым Қанатбек ауылда қарапайым тракторшы болып жұмыс істейтін. Шынымды айтсам, қазіргі жастарымыз секілді жолдасымның қолындағы дүние-мүлкіне, қызметіне мүлдем бас қатырмаппын. Бар болғаны анамның «кімнің келіні болсаңда сол үйдің де, біздің де жаман атымызды шығарма» деген өсиет сөзіне адал болуға тырыстым. Әрі келін болып түскен шаңырақтағы ата-енем қатты қамқор болды. Сондықтан да болар, күйеуімнің артық-кем мінезін де елемей жүре беретінмін. Сондықтан кенже келіні болғандықтан шығар, ата-енем қатты жақсы көріп, еркелететін. Басқа туыстармен де тату-тәтті болдым. Алайда бірден сіңісіп кеттім деп айта алмаймын. Жаңадан келін болып түскенде атамның сұсты жүзінен кәдімгідей сескенетінмін. Атамның бетіне қарап сөйлей алмайтынмын. Сондай-ақ сол бір кездерде бір аулада атамның және атамның інісінің шаңырағы бірігіп тұратынбыз. Ас ішетін уақытта бәріміз есік алдындағы жаздық үйге жиналатынбыз. Кіші атамыздың баласы Қанатбектен бұрын үйленген екен. Сөйтіп екі шаңырақтан екі келін шығамыз. Біз шыққанда екі енеміз бірталай тірлік тындырып қойғаны білініп тұратын. Тіпті самауырға шайды қайнатып та қоятын. Екі келіндері екі жақтап шайды құйып беріп отыратынбыз. Үстел басында әркімнің өз орны болатын. Атамыздың анасы өзінің тұрақты орнында отыратын. Жоғарғы төр жақта біздің атамыз, одан төмен қарай үйленген балалары, үйленбеген балалары, үлкен баланың немересі отыратын. Екі енеміз самауырдың екі жағына жайғасатын. Сол бір күндер берекесі шалқыған дәурен екен. Ал жаңағы сұсты деген атамыз ең сабырлы, ең ақкөңіл, әулеттің шешім айтар биі секілді қайсар мінезді кісі болып шықты. Атаммен тез тіл табысқаным соншалық, тоқсанға келгенше сыйлап, туған әкемдей жақсы қарым-қатынаста болдым. Сөйтіп жүріп енем мен атамның мейіріміне бөленіп жұмысқа да тұрып, жоғары білім де алып, 7 баланы өмірге әкеліп те үлгердім. Негізі көпбалалы ана боламын деп ойлаған емеспін. Бәрі де ата-енемнің арқасы. Балаларды біз емес, ата-енеміз бағып-қағып өсірді. Ал біз өз балаларымызды ата-енеміздің көзінше жақсы көруге де бата алмадық. Тек 5 ұлымыздан кейін дүниеге келген екі қызымызды ата-ана ретінде құшағымызға басып, бауырымызға баса алдық, – дейді Қаракөз. Бұл қарапайым отбасы келінінің өзі түскен әулеті туралы айтқан шағын ғана әңгімесі. Алайда осы бір кішкене ғана еске алуда қаншама құндылық жатыр десеңізші. Қазақтың негізгі ұлттық тәрбиесінің де тамыры осындай келіндерден бастау алмай ма? Ата-енесі туралы айтқанда өз әке-шешесінен де артық көретіні көрініп-ақ тұр. Қазақтың осындай келіндері ғой кешегі Абайды, Төле биді өмірге алып келген де. Сөзіне қарап тұрып сүйінбей тұра алмайсың. – Дүниеде оқып білімді болған және оқымай-ақ білімді болатын екі түрлі адам болады. Соның екіншісі өзімнің атам еді. Атам қартайған шағында төсек тартып жатып қалды. Сол күндердің бірінде атамнан: «Ата жастық шағыңыз қайта оралса, не істер едіңіз?» деп сұрағанымда ойға шомып жатып: «Балам, міндетті түрде көп білім жинап, халқыма қызмет етер едім» деп жауап берді. Сол кезде бойымда «жоғары білім алып, атамның арманын орындаймын» деген күш-жігер пайда болды. Атам жоғары оқу орнын оқымағанымен, газет-журналдарды үзбей оқитын зиялы адам еді. Сондықтан да шығар, атам бізді үй жұмысына салып қойып отырғанды жөн көрмей, сырттай білім алуымызға мүмкіндік жасады. Абысыным екеуміз құшағымыздағы балаларымызды ата-енемізге табыстап, оқуға құжат тапсырып, емтиханнан жақсы балл жинап, мен «Бастауыш сынып мұғалімі», абысыным «Ағылшын тілі» мамандығына оқуға түсіп кеттік. Сөйтіп бес жыл бойы сырттай оқып, диплом алдық. Осылайша мектепте хатшылық жұ­мыстан бастап, тәлімгер, одан бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп келемін. Педагогикалық еңбек өтілім 20 жылдан асты, – дейді Қаракөз Айтбаева. Иә, елдің көзін оқу ашатыны қай заманның да шындығы екені анық. Өнегелі отбасында алған тәрбиесімен келін болып түскен әулетін көгертіп, көктетіп отырған Қаракөз бүгінде ұлағатты ұстаз. Қазіргі таңда әулеттің ұлдарының бірі мал және егіншаруашылығымен айналысса, енді бірі әке жолын қуып, трактор жөндеумен айналысуда. Ауылдың барлық шаруа адамдарының техникасын жөндеп, алғысқа бөленген нағыз еңбек адамы. Ауылға аңыз болған Әбілдаевтар Биыл «Мерейлі отбасы – 2023» конкурсының жеңімпаздарын құттықтаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл – төл құндылықтарымызды дәріптеп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашатын маңызды жоба. Өнегелі отбасылардың байқауға белсене қатысуынан елімізде береке-бірлігі жарасқан құтты шаңырақ иелері аз емес екеніне көз жеткіздік. Олардың арасында белгілі бір мамандықты атакәсіпке айналдырған азаматтардың көп болуы – қуантарлық жайт. Осындай үлгілі әулеттер қоғамда ұрпақтар сабақтастығын сақтауға ықпал етеді. Халқымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген жақсы сөз бар. Отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық, үнемшілдік, жанашырлық, әділдік сияқты адал азаматқа тән қасиеттер, ең алдымен, отбасында қалыптасады. Әділетті Қазақстанды осындай жандар құрады. Мемлекет отбасы институтын дамытуға, ана мен баланы қорғау мәселесіне әрдайым айрықша назар аударады. Осы бағытта ауқымды істер атқарылып жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады», деген болатын. Мемлекет басшысы айтқандай өңі­ріміздегі үлгілі әулеттердің бірі – Әбілдаевтар шаңырағы. Бір шаңырақта 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған отағасы Тәжіқұл Әбілдаев 1966 жылы 26 маусымда Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылында дүниеге келген. Білімі – орта. «Қазфосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар зауытында машинист болып 25 жылдан аса уақыттан бері еңбек етіп келеді. Ал отанасы Нұрғиза Мырзашова 1975 жылы 5 мамырда дүниеге келген. Тараз педагогикалық институтын аяқтаған. 2005 жылдан бастап Шайқорық орта мектебінде информатика пәнінің мұғалімі болып қызмет етуде. Республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы. «Ауыл мектебін басқару және білім сапа­сын арттырудың тиімді жолдары» тақы­ры­бында авторлық ұжыммен бірге әдістемелік жинақ жазған. Республикалық «Мен және менің коучингім» байқауының ІІІ орын, «Білім беру ісінің үздік педагогы – 2020» атты республикалық байқауының І орын, республикалық «Педагогика: дәстүр және инновация» қашықтық олимпиадасының ІІ орын иегері атанған. Қыздары Аяулым Әбілда 2000 жылы 6 сәуірде дүниеге келген. «Galaxy» халықара­лық мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Сүлеймен Демирел атындағы уни­вер­ситеттің магистрі. Сондай-ақ «KRMU CUP» пікірсайыс турнирінің «Үздік талпыныс» номинациясының жеңімпазы, «AMANAT CUP IV» пікірсайыс турнирінің үздік ойыншысы. 5 кітаптың авторы, мақалалары баспа беттерінде жарық көрген. «Жас қаламгер» атты студенттер арасындағы балаларға арналған әңгіме жазу сайысында «Үздік әңгіме» номинациясының, «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» атты постерлік баяндамалар конкурсының жеңімпазы, «Ұлы дала ұстазы: әдістемелік жалғастық» атты жоғары оқу орындары білім алушыларының республикалық ғылыми-онлайн семинарының І орын иегері. Тағы бір қызы Мерей болса 2003 жылы 25 сәуірде дүниеге келген. Алматы технологиялық университетінің 3-курс студенті. «Жастар» интеллектуалды пікірсайыс клубының ұйымдастыруымен өткен «Көшбасшы» интеллектуалды ойынының III орын иегері, «Үздік орта буын» номинациясының жеңімпазы. «Жастар» интеллектуалды пікірсайыс клубының ұйымдастыруымен өткен «Бүгінгі арландар мен кешегі тарландар» атты пікірсайыс турнирінде «Үздік төреші» номинациясымен марапатталған. Ал Нұрай қызы болса 2007 жылы 27 қыркүйекте дүниеге келген. Шайқорық орта мектебінің 10-сынып оқушысы. 2023 жылы «ZHULDYZ ART» атты халықаралық байқауына қатысып, «Вокал» номинациясы бойынша бас жүлде, республикалық «Altyn tobylgy» зияткерлік олимпиадасының III орын, «Ұлы дала дауысы» атты III республикалық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық байқауының «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша бас жүлде, «Золотые таланты» атты халықаралық байқау-фестивалінің I орын иегері. Облыстық «Жаңа есім – 2022» жобасының жеңімпазы, «Абай оқулары» байқауының «Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша Абай және Шәкәрім әндері мен күйлерін шебер орындап, бас жүлде жеңіп алған. Сүт кенжелері Мейірлан болса 2015 жылы 28 тамызда дүниеге келген. Шайқорық орта мектебінің 2-сынып оқушысы. 2022 жылы республикалық «Daryn.online» білім беру платформасы ұйымдастырған «Жас математик» олимпиадасының І орын, «Кенгуру – математика барлығы үшін» интеллектуалдық ойын-конкурсының ІІІ орын иегері. 2023 жылы республикалық «Оқушы шығармашылығы» байқауында эссе номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталған. Осылайша ата-анасының елге қараған бетін жерге қаратпай, берген тәрбиесін ақтап ержетіп келе жатқан ұл-қыздарымен мақтанатын шаңырақ қашанда көпке үлгі. – Мен өзім ұстаз болғандықтан үйде балаларыма да сол мәртебеге лайықты тәрбие бергенді қатты қаладым. Шын мәнінде олардың сыртынан «анасы – мұғалім, аналардың түрін қарашы» деген сөз ермесе екен дедім. Мәселе атақ пен абыройда емес. Баланың бойындағы әдеп, ибамен, тазалықта ғой. Өзін ұқыпты, таза ұстаған баладан түбінде бірдеңе шығады. Адам бірінші кезекте өзін сыйлауы, аялауы керек. Біз балаларымызға соны ұғындырдық. Баласының тәрбиесіне қарап, ата-анасының мәдениетінің дәрежесін көруге болады. Демек бала әр шаңырақтың айнасы. Біз ұлттық тәрбиеміздің бастауы сол балаларымызға байлаулы екендігін түсінуіміз керек, – дейді әулеттің отанасы Нұрғиза Мырзашова Иә, қарапайым ғана еңбек адамы болып жұмыс істейтін әкенің өнегесі көпке үлгі қашанда. Ол өзінің балаларын оқытып, соларды жетістікке жеткізген әке. Әулеттің тұтқасы болып отырған Тәжіқұл Шайділдаұлы балаларының білімді болып, халыққа қызмет еткенін армандаған екен. Бүгінде арманына жетті десек те болатындай. Өсіріп отырған ұл-қыздары арманшыл әкенің айтқанын тыңдап, ойлағанын жүзеге асырды. – Біз ылғи да әкемізді тыңдаймыз. Ол кісі біздің сабағымызды, сырттай немен айналысып жүретінімізге дейін бақылап, қарап отырады. Әрі еркелетіп, тәрбиесін беріп, әкелік мейірімін төгеді. Біздің отбасымыздағы құндылықта сол әкеміздің жылы қабағы болды десек, қателеспейміз. Отбасында ешқашан ұрсу арқылы немесе ұру арқылы балаға тәрбие бере алмайсыз. Тек қана сабырлықпен түсіндіру арқылы ғана баланы өзіңізге иландыра аласыз. Біздің әкеміз де, анамыз да сол қағиданы ұстанған жандар. Бізге осы күнге дейін қатты сөз айтып, зекіген емес. Әне сол берген тәрбиенің нәтижесін біз енді көрсетіп жатырмыз деп ойлаймын, – дейді Аяулым Әбілда. Қашан көрсең де ел алдында жүретін Әбілдаевтар отбасы өздеріне парасатты өмір жолын таңдаған десек, артық айтпаған болар едік. Олардың білім саласында және өнер саласында жеткен жетістіктері сүйсінтпей қоймайды.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар