Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Отандық ғылымның болашағы алда

Отандық ғылымның болашағы алда
ашық дереккөз
Отандық ғылымның болашағы алда
Газетіміздің өткен санында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті студенттерінің Астана қаласында өткен республикалық инновациялық идеялар байқауына қатысып, бірінші орынды жеңіп алғанын сүйіншілеп жазған болатынбыз. «Химия және химиялық технология» кафедрасының 4-курс студенттерінен құралған «Ученые» командасы 15 топтың ішінде ең жоғары балл жинап, жеңіс тұғырынан көрінген еді. Облыс мерейін асқақтатқан жас ғалымдардың қай-қайсысы да ерекше атап өтуге тұрарлық. Бүгін біз «Ученые» командасының капитаны Ұлжан Қанатбек туралы сөз қозғамақпыз. Ұлжан Ғалымжанқызы 2003 жылы 29 тамызда Тараз қаласында дүниеге келген. Алты жасында отбасылық жағдайына байланысты Талас ауданына қоныс аударған. Әкесі Ғалымжан жеке шаруашылықпен айналысады. Анасы Айгүл – бастауыш сынып пәнінің мұғалімі. Отбасында 6 адам, екі інісі және бір әпкесі бар. Ауылда қарапайым отбасында тәрбиеленіп өскен қыз 1-4-сыныпты Қожағаппар ауылындағы Қарымбай Қошмамбетов атындағы негізгі мектепте оқыған. Ал 5-10-сынып бойынша білімді Майтөбе ауылындағы Амантай Дәулетбеков атындағы орта мектепте алған. Орта білім беретін білім ошағын тәмамдар тұста, яғни 11-сыныпта Жуалы ауданындағы Б.Момышұлы ауылындағы №15 мектеп-лицейге ауысады. Өмір Ұлжанды өз таңдауын жасау үшін жауапкершілік арқалауға ерте бастан бейімдеді. Мектепте барлық сабақтан белсенді болғандықтан мамандық таңдау қиынға соғып, көп ойланады. Кейіпкеріміздің бала кезден бергі арманы – шет мемлекеттерге шығып, білім алып, елінің дамуына өз үлесін қосу. Болашақта өзін білім саласында көргісі келген зерек қыз мамандық таңдағанда «мен осы мамандықпен ақша табамын, бай боламын» деген ойда емес емес, «еліме, жеріме пайдам тисе екен» деген ниетте болады. Әсіресе алдына Қазақстанда индустрияның дамуына қайтсем де үлес қосамын деген мақсаты айқын еді. Сонымен тәуекел деп «Химия-биология» пәндеріне дайындалуды бастап кетеді. ҰБТ-ны сәтті тапсырғаннан кейін балы жеткен мамандықтарға құжаттар тапсырып көреді. Бүгінгі таңда білімді өрен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде білім алып жүр. Ол аталған оқу орнының химиялық білім беру бағдарламасының үш тілді топ бойынша студенті. Өзі осы университетке грантқа оқуға түскенде қатты қуанғанын айтады. Кейіпкеріміз үшін адамның қайда оқығаны, қайдан шыққаны маңызды емес, бастысы – мамандығына деген махаббат, жауапкершілік және дәл қазіргі сәтте қолда бар мүмкіндіктерді пайдалану. Ұлжан студенттік кезең нағыз білім алу, оқу, даму шағы деп санайды. Университетке оқуға келгенде оның химияға және ғылымға деген махаббатын кураторы Маржан Қалмаханова оятқан екен. Жас ғалым химияны қазіргі таңда үш тілде оқып жүр. Бірінші курстан бері Маржан Сейітқызының жетекшілігі бойынша ғылыми жобалармен айналысып келеді. Шетелдік профессорлардан білім алып, зертханада бірге тәжірибе жасайды. 2-курста зейінді студенттің тарих пәнінен оқушыларды ҰБТ-ға дайындағаны бар. Сонымен қатар ағылшын тілінен онлайн сабақ беріп, жазғы демалыста университетте жетекшісімен бірге мектептік деңгейде оқушылармен ғылыми жоба жасаған. 2021 жылы «Workshop organization Science with a Purpose – Improving Environmental Science Capacity in Kazakhstan Universities» байқауында бағын сынаған. Сол жылы шетелдік профессорлардың жүргізуімен өткен «Air quality» және «Clean water» курсына қатысады. Өткен жылы мобильділік бағдарламасы бойынша конкурс жеңімпазы атанды. Оқу орнында жүріп қол жеткізген ең үлкен жетістіктерінің бірі – 3-курста Польша мемлекетінің Познань қаласындағы «Adam Mickiewicz» университетінде білім алғаны. Польша мемлекетінде білім алу Ұлжан үшін үлкен мүмкіндік болды. Себебі ол жақта талай нәрсе үйренді. Ол білім сапасы өте жоғары университетте оқығанын үлкен мақтанышпен айтты. Жақында «Shell» және «Kazenergy» компанияларының ұйымдастыруымен өткен «Student Energy challenge» республикалық инновациялық идеялар байқауының бірінші орын иегері атанды. – Бұл жоба 3 жылдық еңбектің жемісі десем де болады. Біздің ұсынған жобамыз – ауылшаруашылық қалдықтарынан және табиғи саздан мембраналы фильтр дайындау. Тараз қаласындағы кәріз суын тазалау 2022 жылдан бастап қолға алынған ірі жобалардың бірі. Яғни, біз ұсынып отырған технологияның өзектілігі мен қажеттілігі өте жоғары. Жоба жетекшіміз Маржан Сейітқызы 2021 жылы «American concl» ұйымдастырған байқауда жоба жеңімпазы атанып, мемлекет тарапынан осы жоба бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуге грант бөлінген еді. Зерттеу жұмыстары АҚШ-та орналасқан Небраска университетімен бірлесе отырып жүргізілді. Зерттеу барысында Асадағы кәріз су құрамынан көп мөлшерде органикалық қалдықтар табылды. Біздің ұсынып отырған мембраналы фильтр арқылы осы лас суды тазалап, егіншаруашылығына пайдалануға болады. Яғни техникалық су алуға мүмкіндік бар. Жобамен айналысқан команда құрамында төрт адам болды. Атап айтатын болсам, өзім команда капитаны ретінде және Аяулым Қанжан, Аяулым Дарханбек, Аяулым Исмайл сынды студенттер аталған жобаға үлкен еңбек сіңірдік. Жарыс өте тартысты өтті. Себебі байқауға Назарбаев университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті секілді еліміздің ең мықты деген оқу орындарындағы озық ойлы жастар қатысты. – Мамыр айының басында байқауға қатысуға өтініш білдірдік. Жаз айларында команда капитандары онлайн тренингтерге қатысып, сертификаттар алдық және өте тәжірибелі менторлармен жұмыс істедік. Жалпы жобаның құжатын жаздық, видео презентация, бөлек түсіндірме презентация жасадық. Жоба жасау оңай болды деп айта алмаймын. Ғылым асқан сабырлылықты талап етеді. Шыдауға тура келетін кездер болды, жазғы демалысымды лабораторияда өткіздім. Әрбір процесті бақылау ұнағаннан кейін бе, зертханалық жұмыс аса қиындық туғызған жоқ, керісінше менің ғылымға деген құштарлығымды арттырды. Жарыста 90 командадан 15 команда финалға жолдама алып, 3 команда жеңіске жетті. Конкурста әртүрлі бағыттағы жобалар ұсынылды. Шынын айтсам, химия саласы бойынша ғылыми жобаларда жеңіске жету аздап қиындау. Бірақ біз оған қарамастан жарыста жобаны қазақша қорғап, үш тілде сұрақтарға жауап беріп, үздіктердің үздігі атандық, – дейді Ұлжан Ғалымжанқызы. Жас ғалым күнделікті күйбең тірлікке толы өмірінде сүйікті ісіне де (хобби) уақыт таба біледі. Бос уақытында түрлі жанрда кітап оқығанды, подкаст тыңдағанды, ғылыми мақалалармен танысқанды және суда жүзуді ұнатады. Ағылшын, орыс, араб тілдерін жетік меңгерген. Алдағы уақыттарда әртүрлі қалдықтарды өңдеу, ауа, су тазалау бағыты бойынша ғылыми жобалармен айналысқысы келеді. – Жоспарлар өте көп. Ғылым – ешқашан тоқтамайтын сала. Заманға сай жаңғырып отырады. Мен де болашақта жасаған жобаларымды тоқтатпай, одан әрмен дамытамын. Бұдан да тиімдірек жолдарын қарастыратын боламын. Жетекшіммен алға қойған мақсаттарым өте көп, Аллаға шүкір, барлығы орындалып келе жатыр. Келесі жылы 4-курсты аяқтаймын. Ары қарай магистратура оқуға ниетім бар, – дейді ол. Жас ғалымның өмірлік мақсаты – қай кезде де адам болып қалу, өз міндетін адал атқару. Сонымен бірге ол Қазақстанда білім жүйесіне жаңа өзгерістер енгізгісі келеді. «Химия саласының дамуына үлесім тисе» деген үлкен арман-мақсаты бар. Өзінен кейінгі іні-сіңлілеріне «Білімді қызыл диплом, не болмаса шәкіртақы үшін емес, өмірлік азық ету үшін алыңдар» деп кеңес беріп те отырады. Үлкен жетістікке жеткен сәтте Ұлжанның кеудесінде еңбегінің ақталғаны үшін қуаныш не мақтаныш емес, ата-анасы мен жетекшісіне деген алғыс тұрыпты. Өзін оқытып, тәрбиелеп, адам болсын деп елден кем қылмай өсірген ата-анасы да қызының жетістігіне балаша қуанған болар. Кейіпкеріміз «Менің әрбір жеткен жетістігім – ата-анамның жеткен жетістігі» дейді. Жетекшісі Маржан Қалмахановаға да айтар алғысы көп. Үнемі бағыт-бағдар беріп, ақылын айтудан жалықпайтын ұстазы да шәкіртінің әр жетістігіне шынайы қуанып отырады. – «Student Energy challenge» инновациялық идеялар байқауына Дулати студенттері «Ауылшаруашылық қалдықтарынан және табиғи саздан мембраналы сүзгі дайындау» жобасын ұсынды. Бұл жеңіс қаншама жылдық еңбектің жемісі. Алайда біз бұл жобаны жеңіс үшін емес, елге тиер пайдасы болса деген ниетпен жасағанымызды айтқым келеді. Команда капитаны Ұлжан – өте білімді, өзіндік жолын қалыптастырып үлгерген сауатты студент. Екеуміз бірігіп көптеген жоба жасадық. Алдағы жылы оқуын аяқтайтын білімгердің болашағы жарқын болғай. Халыққа пайдалы игі істердің бастамашысы бола берсін, – дейді ұстазы Маржан Сейітқызы. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке толастамайды. Қазіргі заман жастардың бiлiм мен бiлiктiлiкке талпынып әрекеттенуiн, еңбектенiп өсуiн талап етiп отыр. Алдағы уақытта Ұлжанның бұдан да биік белестерді бағындыратынына сеніміміз мол. Ақтоты ЖАҢАБАЙ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар