Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖЕМШӨП ЖЕТЕ МЕ?

ЖЕМШӨП ЖЕТЕ МЕ?
ашық дереккөз
ЖЕМШӨП ЖЕТЕ МЕ?
2021 жылы ауа райының қолайсыздығы мен қуаңшылықтың салдарынан облысымызда шөп бағасы шарықтап кетті. Төрт түлік малдан несібе айырған халықтың арқасына аяздай батқан қымбатшылықты ауыздықтау мақсатында сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей тапсырмасымен өңірімізде әр сенбі сайын жемшөп жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Мұны айтып отырған себебіміз, биыл да ахуал мәз емес. Ала жаздай көктен бір тамшы жаңбыр жаумады. Салдарынан егіннің шығымы да, шабындықтардағы өнімділік те төмендеген. Одан бөлек ағын судың тапшылығы да «жығылғанға жұдырық» болды. Әрі «Ауыл аманаты» жобасы аясында облысымызда мал саны бұрнағы жылдарға қарағанда еселеп өсіп келеді. Мәселен облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақтың берген мәліметіне сүйенсек, 1 қыркүйекте облыста мүйізді ірі қара саны 548 мыңға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 105,2 пайызға артқан. Сол секілді қой мен ешкі саны 4 миллион 23 мыңды құрап, былтырғы жылға қарағанда 107,1 пайызға көбейген. Сонымен қатар жылқы 109 пайызға, түйе 101,9 пайызға, құс 106,3 пайызға артыпты. Осылайша мал саны жылдан-жылға көбейген сайын тиісінше жемшөпке де сұраныс арта түсуде. Сондықтан қазіргі таңда мал азығын дайындау өңірдегі өте маңызды мәселенің бірі болып отыр. Өйткені, жеткілікті мал азығы қоры жасалмай, малшаруашылығы ешуақытта серпінді дами алмайды. Ендеше қазіргі мал азығын дайындай жұмыстарының барысы қалай? Қыста тапшылық туындап, тағы да жемшөп жәрмеңкесін өткізіп, алашапқын болмаймыз ба? Осы орайда алдымен облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасына қайырылып, көкейдегі сұрақтарымызды басқарма басшысы Нұрби Жігітековке қойдық. Басқарма басшысының айтуынша, биыл облыстағы төрт-түлікті мал азығымен қамтамасыз ету үшін 2 миллион тонна пішен, 87 мың тонна пішендеме, 438 мың тонна сабан, 81 мың тонна сүрлем дайындау межеленген. Қазірге дейін 186,4 мың гектар көпжылдық, 26,7 мың гектар біржылдық шөп пен 141,1 мың гектар табиғи шабындық және 4,1 мың гектар сүрлемдік жүгері орылған. Сонымен қатар бүгінде 2,1 миллион тонна пішен, 87,2 мың тонна пішендеме дайындалса, 411,4 мың тонна сабан, 75,5 мың тонна сүрлем әзірленіп, сабан және сүрлем жинау жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, өңірде өткен жылдан қалған 250,7 мың тонна мал азығы бар екен. Осы ретте аудандардағы ауыл­ша­руа­шылығы бөлімінің басшыларымен, бірқатар шаруа қожалық төрағаларымен сөйлесіп, науқандық жұмыстардың барысына қанықтық. Мәселен, Жамбыл ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Амангелді Әбдібеков мал азығы ретінде 227 564 тонна шөп, 19 000 тонна пішендеме, 18 000 тонна сүрлем, 46 000 тонна сабан дайындалғанын жеткізді. Ауданда шөп ору науқанына 48 шөп оратын комбайн, 60 шөп тайлағыш техника жұмылдырылған. – Жамбыл ауданы – егіншаруа­шылығына қолайлы аймақ. Бүгінде жергілікті диқандар жауапты науқанды аяқтауға жақын қалды. Биыл ауылша­руашылығы дақылдары 60 163 гектарға орналастырылды. Яғни, дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 19 929 гектарды, майлы дақылдар 3 070 гектарды, қант қызылшасы 1 540 гектарды, картоп 603 гектарды, көкөніс, бақша дақылдары 9 812 гектарды, мал азығы дақылдары 25 209 гектарды құрады. Қазіргі таңда жиын-терін науқаны қалыпты жағдайда өтуде. Сонымен қатар 4 582 гектар күздік бидай мен 13 432 гектар жаздық арпа толығымен жиналды. Жалпы түсім 16 939 тоннаны құрап, әр гектардан орта есеппен 9,4 центнерден өнім алынды. Егін орағына 49 комбайн қатысты. Сонымен қатар аудан аумағындағы 19 жылыжайдан 127,2 тонна өнім жиналды. Ал, 522,1 гектар жеміс дақыл­да­рынан 1 875 тонна өнім алынды. Сондай-ақ, биыл өңірде 691 гектар қант қызылшасы жиналады деп күтілуде. Күзгі дала жұмыстарының сапалы және мерзімінде жүргізілуі техниканың дайындығына байланысты. Бүгінде шаруашылықтардағы 228 трактор, 92 соқа, 55 дәнсепкіш, 13 тұқым дәрілегіш дала жұмыстарына дайын. Жаңа техника сапалы жұмыс кепілі десек, аудан бойынша биыл 8 айда 963,4 миллион теңгеге 1 комбайн, 27 трактор, 94 аспалы және тіркемелі бірлік сатып алынды. Биыл ауданда 4 580 гектар күздік бидай себу жоспарланып, межеленген алқапқа қажетті 824 тонна бидай тұқымының 409 тоннасы лабораториялық сараптамаға түсіп, 334 тоннасы тексеруден өтті. Күзгі дала жұмыстарына бөлінген 975 тонна дизель отынының 893 тоннасына операторлар арқылы қаржысы төленіп, жеткізілді, – деп, жиын-терін науқанының жай-күйінен хабардар етті. Ал малшаруашылығы серпінді дамыған Қордай ауданында биыл 306 000 тонна пішен, 19 000 тонна пішендеме, 66 000 тонна сабан және 23 000 тонна сүрлем дайындау жоспарланыпты. Қазіргі таңда мал азығының барлық түрі 100 пайыз дайындалыпты. Байзақ ауда­нында да мал азығын дайындау жұмыстары аяқталуға жақындаған. Ерте қамданған аудан шаруалары қазірге дейін сүрлемнен басқа мал азығын жинап үлгерген. Сонымен қатар Мойынқұм ауда­нының шаруалары мал азығын дайындау бойынша бекітілген жоспарды 110,1 пайызға артығымен орындап, облыс бойынша көш бастапты. Атакәсіпті өркендетіп отырған талас­тық шаруа Серікбай Ыбырайханов болса, биыл шөп шығымы алдыңғы жылдармен салыстырғанда төмен болғанын, бірақ мал азығын дайындауда ешқандай мәселе туындамағанын айтты. – Өткен қыста қар жылдағыдан мол түскендіктен шаруалардың көңілі шат болатын. Себебі қыстағы қар – жерге ырыс, жердегі ылғал – елге ырыс. Алайда үміт ақталмады. Қар суы көктем шығысымен кеуіп кетті. Көктемнің алғашқы күндері жауын-шашынды болғанымен, кейін ауа райы тосын мінез танытты. Апталап жел тұрып, күн суытып, ылғалдың жұрнағы да қалмады. Топырақ та кеш жылынды. Салдарынан шөп көктеп шыққанымен бой салып өсе алмады. Одан бөлек биыл су тапшылығы шаруаларды әбден титықтатты. Дегенмен шаруашылықпен айналыс­қалы бұдан да қиын кездерді бастан өткергенбіз. Сондықтан барына шүкір етіп, қысқа қажетті шөпті жинап алу үшін ерте іске кірістік. Бұрынғыдай таңдап жүруге мүмкіндік жоқ. Сол себепті техника жүре алатын арық-атыздардың, өзен-көлдердің жағасындағы шөптің барлығын орып алдық. Өткен жылдан қалған шөбіміз де мая-мая болып жиналып тұр. Сондықтан малымыз қыстан қоңды болып шығады деп ойлаймын. Жалпы қанша басына таяқ болып тиіп жатса да мал азығын дайындауға бас ауыртпайтындар көп. Сөйтіп күз келгенде сабылып шөп іздейтіндер көбейеді. Кез келген тауарға сұраныс көбейген сайын бағасы да қымбаттай береді. Нәтижесінде баға шарықтап келеді. Басқа облыстардан келіп шөп сатып алатындар да бағаның негізсіз өсуіне айтарлықтай ықпал етеді. Сол себепті жемшөпті басқа аймақтарға сатуға мүлдем тыйым салу керек. Ең алдымен өзімізді толық қамтып алуымыз қажет. Тіпті артылып жатса, мүмкіндік болып тұрса, келесі жылдың да азығын дайындап алғанға не жетсін?! Одан бөлек бағаны көбіне ортадағы алыпсатарлар аспандатып жібереді. Күз ортасынан ауып, қыс жақын­да­ғанда ғана дабыл қағып жүрмес үшін қазірден жемшөп бағасын тұрақты ұстап тұруға күш салу қажет, – дейді Серікбай Ыбырайханов. Шаруаның алаңдауы негізсіз емес. 2021 жылы облысымыздың кейбір аймақтарында шөп бағасы 70 пайызға дейін қымбаттағанын ұмыта қойған жоқпыз. Дегенмен биыл әзірге баға тұрақты. Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды. Алдыңғы жылдары болған жайдан сабақ алып, баға мәселесіне қазірден бас қатырған дұрыс. Себебі бақылау болмаса шөптің көптігі де бағаның көтерілуіне мысқалдай да кедергі бола алмайтынын көзіміз көрген. Талғат Нұрханов
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар