Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қайтарымсыз қаржы мақсатты жұмсалуы керек

Қайтарымсыз қаржы мақсатты жұмсалуы керек
ашық дереккөз
Қайтарымсыз қаржы мақсатты жұмсалуы керек
Қазіргі таңда кәсіппен айналысамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалып отыр. Соның бірі – бірнеше жылдан бері мүгедектігі бар адам, көпбалалы ана, қандас секілді халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға қайтарымсыз қаржы беру. Бүгінде аталған қайтарымсыз қаржыны алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған тұрғындар өңірде жетерлік. Дегенмен қайтарымсыз қаржыны елге үлестіру ісі қандай ережемен жүзеге асуда? Грант алуға өтінім бергендер бойынша оң немесе теріс шешім шығаратын конкурстық комиссия қандай критерийлерге сүйенеді? Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында өңір тұрғындарын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жайы қаралып, жоғарыда аталған бірқатар мәселелерге баса назар аударылды. – Осы жылдың 1 қыркүйегінде облыс халқының саны 1 миллион 221 мың 600 адамға жетті. Жұмыс күші 571 мың 900-ді құраса, жұмыспен қамтылғандар – 544 мың 500. Оның ішінде жалдамалы жұмысшылар – 362,6 мың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 181,9 мың адам. Жұмыссыздар саны 27,4 мың болса, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрап отыр. Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында 2023 жылы құрылатын жұмыс орны жоспары 68 мың болып бекітілсе, есепті кезеңге 56,6 мың жұмыс орны құрылды, ал 13 қазанда бұл көрсеткіш 58,3 мың орынға жетіп, жоспар 85,8 пайызға орындалды, – деген облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлдана Жуынбекова халықты жұмыспен қамту шараларына қатысты облыста атқарылған жұмыстардың ретін бүге-шүгесіне дейін баяндады. Аппараттық кеңесте облыс әкімі қайтарымсыз қаржының халыққа қалай үлестіріліп жатқанына, конкурстық комиссия мүшелерінің құрамына кімдер енгеніне баса назар аударды. Г.Жауынбекова аталған комиссия құрамына жергілікті жердегі, яғни қалалық, аудандық Қоғамдық кеңес пен партия мүшелері және кәсіпкерлер енгенін сөз етті. – Баяндамаңызда «Кәсіпкерлікті дамыту үшін облыстағы 1 мың 54 адамға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 1 454,5 миллион теңге мемлекеттік қайтарымсыз грант беру қарастырылған» дедіңіз. Есепті кезеңге облыс бойынша 784 адамға 1081,6 миллион теңгенің гранты берілген екен. Осы ақпараттан тұрғындар ашық түрде хабардар болуы керек. Біріншіден, қайтарымсыз қаржы алуға қанша адам өтініш білдірді? Оның ішінде грантқа қол жеткізгендерге қандай артықшылық берілді? Грант ала алмағандардың өтініші қандай себеппен кері қайтарылды, оларға грант не үшін берілмеді? Осы мәселелерге қатысты мәліметті әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ашық түрде жариялау керек. Үш күн уақыт беремін. Осы мерзім аралығында аталған комиссияның жұмысын қайта қарап, трансферттерді қалай көтеруге болатынын, грантқа қолжетімділікті арттыру және грантты көптеп бөлу мәселесі бойынша жұмыс жүргізіп, азаматтарға грант беруге қатысты қабылданған шешімдерді екшеп, халыққа ұғынықты түрде жеткізіңіз. Аталған комиссия құрамына қоғам белсенділері де енуі керек. Грантқа ие болған азаматтар қаржыны мақсатты жұмсауы қажет. Осы бойынша мониторингтік жұмыс жүргізіп, қайтарымсыз қаржыны мақсатты жұмсамағандарды анықтаңыздар. Себебі халық арасында жеке азаматтық қоғамдық қабылдау өткізгенде тұрғындар тарапынан негізінен жұртты жұмыспен қамту және қайтарымсыз грант беруге қатысты мәселе жиі көтеріледі. Алдағы уақытта осы мәселелер бойынша тиісті деңгейде жұмыс атқарылуы қажет. Бизнес-идеяларды іске асыру үшін берілетін қайтарымсыз гранттарды бөлу процесін де тікелей эфир арқылы көрсетеміз. Екінші мәселе ұлттық жобалар аясында жұмысқа тұрған адамдардың 72,6 пайызына ғана міндетті зейнетақы жарнасы аударылған. Қалған адамдардың міндетті зейнетақы жарнасының аударылуына қатысты қандай жұмыстар атқарылуда? Мәселен, Жамбыл ауданында ұлттық жобалар аясында 304 адам тұрақты жұмысқа орналастырылса, оның 53,3 пайызына ғана міндетті зейнетақы жарналары аударылыпты. Қалған адамдардың міндетті зейнетақы жарнасы қашан аударылады? – деген Ербол Шырақпайұлы Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбековтен мән-жайды сұрап, білді. Өз кезегінде Нұрлан Күдербайұлы бұл мәселені ауданда ұлттық жоба аясында жұмысқа орналасқан 304 адамның кейбірі қыркүйек айының соңы мен қазан айының басында жұмысқа тұруымен байланыстырды. Айтуынша, олардың міндетті зейнетақы жарнасы жұмысқа тұрған уақыттан бір ай өткеннен кейін түсе­тін­діктен бұл есепке алынбай қалған. Айдың басында жұмысқа орна­лас­қан­дар­дың міндетті зейнетақы жарнасы осы айдың аяғында аударылған соң, бұл меже 100 пайыз орындалмақ. Міндетті зейнетақы жарнасы аударымы бойынша Жуалы, Талас аудандары басшыларының да берген жауабы осы болды. Кеңес барысында аймақ басшысы мектеп, аурухана, спорт кешені басшыларының бос лауазымдарына орналасуға арналған конкурстар алдағы уақытта әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көрсетілетінін да атап өтті. Сондай-ақ кадр саясатына да серпін беру керектігіне назар аударды. – Облыстық кадр резерві құры­ла­ды. Комиссия құрамына сала ардагерлері мен барлық мүдделі азамат­тар енеді, олар резервте тұрған­дар­дың қатарынан кадрларды іріктеумен айналысатын болады, – деді Е.Қарашөкеев. Жиын соңында Ербол Қарашөкеев Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне тиісті индикаторлық көрсеткіштерді өз деңгейінде орындауды, әрбір 10 мың тұрғын үшін кемінде 100 мың жұмыс орнын ашу туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындауды, мобильді оқыту орталығын ашуды қарастыру, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында грант бөлуге қатысты жоспарлы жұмысты орындау, қайтарымсыз қаржы беру мәселесін қайта пысықтау жөнінде нақты тапсырма берді. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар