Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Отанды ұл да, қыз да сүюі керек

Отанды ұл да, қыз да сүюі керек
ашық дереккөз
Отанды ұл да, қыз да сүюі керек
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Жастар сарайында «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының ұсынысымен және облыс прокуратурасының қолдауымен «Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мен дамыту: міндеттері мен болашағы» тақырыбында облыстық жастар форумы өтті. Аталған іс-шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, құзырлы және құқық қорғау орган басшылары, зиялы қауым, ардагерлер, әскерилер және жастар, еріктілер, педагогтер қатысты. Жастардың ұлттық рухын оятып, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызы мен мәні айтылған форумда бала тәрбиесі, отбасының рөлі, жастар тәрбиесі мәселелері жан-жақты қаралды. Келелі кездесудің шымылдығын аймақ басшысы Нұржан Молдиярұлы ашып, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды Балалар жылы деп атағаны тегін емес. Елдің ертеңі нұрлы, болашағы жарқын болу үшін бүгін біз жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелеп, оларды жаңашыл тұлға ретінде қалыптастыруымыз керек. Қазір біздің өңірімізде жастар саны 258 мыңнан асады. Ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында жалпы білім беретін мектептер де патриоттық тәрбие аясында 1200-ге жуық түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар өңірімізде 613 жас сарбаздар мен жасөспірімдер қозғалысы жұмыс істеуде. Әрине, әскери-патриоттық тәрбие бағытындағы жұмыстар күн тәртібінен түспеуі тиіс, – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов. Шынымен де, Отанның, ұлттың болашағы – дені сау әрі білімді жастар. Облыста жылына 18-28 жас аралығындағы 7000-дай ер азамат әскерге шақырылса, олардың ішінде 3000-дайы ғана мерзімді әскери борышын өтеуге жарамды. Өйткені медициналық комиссиядан өткізу барысында тепсе темір үзетін жас жігіттерден түрлі аурулар анықталып, әскери қызметке жарамсыз болып шығады екен. – Қазіргі таңда еліміздің Қарулы күштері заманауи техникалармен жабдықталып, әскер құрамы білімді де білікті мамандармен толықтырылды. Әр мемлекеттің өз шекарасын, халқын қорғай алатын әскери күші болуы керек. Ол үшін жастар шымыр, денсаулығы мықты болуы шарт. Оған қоса батырлар жырын жаттап өскен ұрпақтың бойында ұлттық рухы тасып тұрады. Олардың денсаулығын кішкене күнінен күтімге алып, түрлі зиянды әрекеттерден сақтауымыз тиіс. Қазіргі жастардың көбі әскери борышын өтеуден бас тартып жатады. Сондықтан әр баланың бойына кішкене күннен бастап, «Отанды мен қорғаймын» деген идеяны сіңіріп өсіруіміз керек, – дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Ғалымжан Тасжанов. Ұлтқа қызмет етудің үлкен не кішісі болмайды. Әрі отанды қорғау ерлердің ғана емес, әр азаматтың борышы. Бұл ретте қазір қаракөз қыздарымыз да белсенділік танытып келеді. Арысы Тұмардан, берісі Әлия мен Мәншүктен жалғасып келе жатқан аналарымыздың бойындағы ерлік мінез бүгінгі аруларымыздың бойынан да табылып жатса таңғалмаймыз. – Әскери болу әр азаматтың ғана емес, арулардың да арманы. Өзімнің мамандығым мұнай-газ саласына жақын болғанмен болашақта әскери қызмет атқаруға да ойым кетіп жүр. Сондықтан мен өзім қызығушылық танытып, әскери-патриоттық «Жас Ұлан» клубының мүшесі болып қабылдандым. Содан былтыр «Айбын онлайн» атты жастардың сайысына қатысып, командамызбен жүлделі орын алып келдік. Өз елімнің патриоты ретінде Отанымның гүлденетініне және өз замандастарымның туған жерін риясыз сүйетініне, онымен мақтанатынына сенемін, – дейді Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің ІІ курс студенті Дильназ Мирхатова. Бас прокуротураның мәліметінше, соңғы үш жылда 3 мыңнан аса жас құқықбұзушылықпен тіркелген. Ал ағымдағы жылдың бес айында жастардың қатысуымен 370 құқықбұзушылық болған. Оның ішінде топтық төбелес, суық қару қолдану және басқа да келеңсіз жағдайлар әдеттегі құбылысқа айналып отыр. Ал Қаңтар оқиғасына қатысқан күдіктілердің 73 пайызын 29-ға дейінгі жастар құрап отыр. Олардың ішінде жұмыссыз жүрген жастардан бөлек жоғары оқу орындары мен колледж студенттері де бар екен. Міне, осы мәліметтің өзі-ақ біздің ұлттық тәрбиемізді күшейтудің маңыздылығын көрсетіп отыр.

Ш.ӘБДІРҰЛЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар