Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«АНАММЕН БІРГЕ КІТАП ОҚИМЫН»

«АНАММЕН БІРГЕ КІТАП ОҚИМЫН»
ашық дереккөз
«АНАММЕН БІРГЕ КІТАП ОҚИМЫН»
Биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Президент өз сөзінде: «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті келесі жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін», деген болатын. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл жылды тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, ең алдымен, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы керек екенін атап өткен-ді. Осыған орай «Анаға тағзым» орталығында Балалар жылына орай «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының аясында балаларға арналған отбасылық «Анаммен бірге кітап оқимын» шығармашылық байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың негізгі мақсаты – жастардың шығармашылық қабілетін шыңдап, ана мен баланың арасындағы қарым-қатынастың нығаюына үлес қосып, қазақ әдебиетінің шығармаларын, ананың рөлі туралы көркем әдебиеттерді жан-жақты зерттеу, насихаттау, тұлғалық өсу мен өзін-өзі дамытуға арналған ғылыми-көпшілік әдебиеттер арқылы шығармашылық дарындылығын анықтау және оқу мәдениетін қалыптастыру. Сайыс төрешілерінің құрамында жазушы-публицист, Қазақстанның Құрметті журналисі, қазылар алқасының төрағасы Бекет Момынқұл, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Хамит Есаман, филология ғылымдарының кандидаты, М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ профессоры Сейсекүл Исматова, «Інжу-маржан» жас қаламгер қыздар кеңесінің төрайымы Ардақ Үсейінова, Тараз қаласындағы Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Тәліпбекқызы және орталық директоры Эльмира Инаятқызы болды. Тараз қаласында тұратын 12 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер анасымен бірге қазылар алқасы бекіткен 9 кітапты оқып, өз ойларын бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялауы тиіс. Ал екінші кезеңге өткен қатысушылар 3 ай бойы оқыған әдеби шығармаларын қорытып, анасы баласына және бала анасына кітаптардан алған сезім-тебіренісін қағаз бетіне түсіріп, сырласу хатын жазуы керек. Байқаудың марапаттау кезеңінде Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Елен Әлімжанұлы алғы сөз алып, қатысушыларға сәттілік тілеп, ізгі тілегін жеткізді. Жиын соңында әділ-қазылар алқасының құрамы әр қатысушының бейнеролигін тыңғылықты тамашалап, өз пікірлерін ортаға сала келе, бағаларын берді. – Биік мәреге жақындап тұрып, «әттеген-ай» деген кездер де болды. Әрқайсысыңыздың бейнежазбаларыңызды көрген кезде сіздердің жан тебіреністеріңіз сезілді. Ал жазылған хаттар ол да өз алдына бір төбе. Тіпті кейбір хаттарды оқу барысында көзімізге жас алдық. Барлығы тамаша болды. Адамның жан дүниесін тебірентіп, өзіңнің сезіміңді жеткізе білу бұл үлкен қасиет. Біз сол сезімді сезіндік, сіздермен бірге күй кештік – деді филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова. Байқау нәтижесіне сәйкес, 5 оқушы жүлде қоры 20000 теңгені құрайтын «Зерделі» номинациясын иеленді. Және қазылар алқасының шешіміне сәйкес, кішкентай болса да байқау шартын түгел орындаған бесінші сынып оқушысы Айханым Қайратқа және анасы Үміт Анарбаеваға 50000 теңге табыс етілді. Жүлде қоры 75 мың теңгені құрайтын 3-орынмен сегізінші сынып оқушысы Мерей Тұрсынбек және анасы Айзат Кошкинбаева және Дина Маербек пен анасы Жанар Туменова марапатталды. 2-орынды – 100 мың теңгені Аружан Байрақымен анасы Сәуле Мухамедрахымқызы, сонымен қатар Кәусар Қайыр мен анасы Гүлмира Ахмағанбетова жеңіп алды. 1-орынды оқушы Бекасыл мен анасы Эльмира Есіркепова жеңіп алып, 150 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Жиынның соңында қонақтар орталықтың 1-қабатының фойесінде орналасқан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Кітаптар қалашығына саяхат» көрме-инсталляциясын және «Мирас» ата дәстүр залында қазақ анасының қасиетті бас киімі – кимешектің ерекшеліктері, түрлері туралы жас ұрпақтың танымын кеңейту және ұлттық киім үлгілерін бүгінгі заманға ыңғайлап киюдің бұқаралық сипатын арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Киелі кимешек» көрмесін тамашалады.

Аяулым ЖАМАНҚАРА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар