Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖАҢАТАСТАҒЫ МЕКТЕПКЕ ҚОНАЕВТЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

ЖАҢАТАСТАҒЫ МЕКТЕПКЕ ҚОНАЕВТЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ
ашық дереккөз
ЖАҢАТАСТАҒЫ МЕКТЕПКЕ ҚОНАЕВТЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ
Жаңатас қаласына қарасты «Дегерес» елді мекенінің мектеп түлектері биылғы соңғы қоңырау салтанатты іс-шарасын жүректерінде мәңгі сақтайтыны анық. Себебі олар он бір жыл оқыған жергілікті қазақ орта мектебі мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың атын алды. Сондай-ақ білім ошағының алдына ұлт бағына туған тау тұлғаға ескерткіш-бюст қойылды. Жиынға аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев бастаған актив құрамы мен ауданның зиялы қауым өкілдері және ұлағатты ұстаздар мен мектеп түлектері қатысты. Салтанатты рәсімде алғашқылардың бірі болып сөз алған аудан басшысы Марат Қырғызәліұлы бүгінгі тарихи сәттің мән-маңызына кеңірек тоқталып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған жас түлектерге сәттілік тіледі. – Қазақстан Республикасы Үкіметінің ағымдағы жылдың 11 сәуірдегі №204 қаулысына сәйкес, білім ошағына қазақтың біртуар азаматы, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі берілді. Биыл ұлы тұлғаның туғанына 110 жыл толған мерейтойы кезінде бұл біз үшін үлкен қуанышты жаңалық болды. Бұл мектеп бұған дейін Алаш зиялысы Сәкен Сейфуллиннің атымен аталып келген болатын. Алайда біздің ауданда Сейфуллин атындағы мектеп екеу болғандықтан, біріне Қонаевтың есімін беруге ұсыныс бердік. Мұнымызға аудан тұрғындары мақұлдасып, бастамамызға оң бағасын берді, – деді аудан әкімі жүрекжарды жылы лебізінде. Сондай-ақ той төрінен табылған айтыскер ақын, облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі Есет Досалы жырдан шашу шашып, тау тұлғаның азаматтық болмысын аша түсті. Д.Қонаев бюстінің бой көтеруіне демеушілік танытқан кәсіпкер, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, ҚР Құрметті құрылысшысы Дәулеталды Жанбаев, ал бюсті жасаған мүсінші Алтай Бейсенов. Ескерткіш-бюсті ауданның зиялы қауым өкілдері Басие Әбдірахманов, Тыныштық Бектөрева, Совет Бейімбетовтер салтанатты түрде ашып, оған ауданның барша мемлекеттік мекемелері гүл шоқтарын қойды. Салтанатты іс-шара аудандық мәдениет үйінде өткен Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 110 жыл толуына арналған форумға ұласты. Ғылыми келелі кеңеске Халықаралық Қонаев атындағы қордың Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары, Қазақстанның Құрметті журналисі Жаңабай Миллионов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Жамбыл облысының мемлекеттік архиві» мекемесінің директоры Көсемәлі Сәттібайұлы, сондай-ақ Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары Сайлаубек Лесбаев және Талас ауданындағы Қонаев атындағы музейдің қызметкері Ілес Нұрұлы қатысып, әдеби-мазмұндық, тарихи-сараптамалық түрлі тақырыпта баяндама жасады. Мұнда да аудан басшысы Марат Сұлтанғалиев құттықтау сөз сөйлеп, Д.Қонаевтың бюстін тұрғызған кәсіпкер Дәулеталды Жанбаевқа Алғыс хат табыстап, иығына зерделі шапан жапты. Сондай-ақ жуырда ғана аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастырумен өткен аудандық «Шабытымның шынары – Димаш ата» атты жыр мүшәйрасының жеңімпаздарын бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сонымен қатар ғылыми форумның қорытынды сәтінде Д.Қонаев атындағы Талас аудандық қоғамдық қорының өкілі Ілес Нұрұлы тау тұлғаның есімін ел жадында қалдыруға атсалысқан сарысулық ардагерлер Серік Аппазов пен Дәулеталды Жанбаевқа және Басие Әбдірахмановқа, сондай-ақ аудан әкімі Марат Сұлтанғалиевке Қонаев төсбелгісін тақты. Мұнымен қоса, мемлекет және қоғам қайраткерінің Сарысу аудандық қорына 500 мың теңге қаржылай сертификат табыстады. Жалпы, аудан көлемінде аталып өтіп жатқан ұлы тұлғанның 110 жылдық мерейтойында мәдени іс-шаралармен қатар, бұқаралық спорттық бағдарламалар да ұйымдастырылды.

Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ, аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар