Нақты іс нәтижеге бастайды
«Жаңа экономикалық саясаттың қағидалары мен басымдықтарын нақты айқындаумен қатар, алдағы реформаларды сапалы әрі толық жүзеге асыру өте маңызды. Оның табысты болуы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне, жауапкершілігіне және саяси ерік-жігеріне тікелей байланысты.
Реформалардың іске асырылуына негізінен атқарушы билік жауап береді». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында осылай деп атап көрсеткен болатын. Бүгінде сан салада қолға алынған бастамалар аймақтардың дамуына да оң септігін тигізуде. Мемлекеттік бағдарламалар мен жоғары деңгейде берілген тапсырмалардың нәтижесінде өңірлердің өрісі кеңейіп, өркениет биігіне қарай қадам басуда.
Нәтиже қашанда нақты іспен келеді. Биылғы 7 айда Шу ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасты. Өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 13,8 миллиард теңгені құрады. Ал ауылшаруашылық саласында 19,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Сонымен қатар 37,4 миллиард теңге инвестиция тартылды.
Жалпы өнеркәсіп саласында биыл 1,2 миллиард теңгені құрайтын 23 жобаны іске асыру көзделген болатын. Сәйкесінше 124 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда 11 жоба бойынша 77 тұрғын жұмыспен қамтылды. Қалған 12 жоба жыл соңына дейін толыққанды іске асырылады.
Ауылшаруашылық саласында байыпты бастамалар жетерлік. Биыл құны 209,2 миллион теңге болатын 25 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Соның ішінде нақты 14 жоба бойынша жұмыс басталып кетті. Мысалы, Ақсу, Шоқпар ауылдық округтерінде мал бордақылау алаңдары ашылса, Өндіріс ауылдық округінде сүт өңдеу цехы мен көшетхана іске кірісті. Қонаев ауылдық округінде де дәл осындай 10 көшетхана жасақталды.
Нәтижесінде жалпы ауылшаруашылығына 64 миллион теңге инвестиция тартылып, 17 нақты жұмыс орны ашылды. Қалған 11 жоба да биыл халыққа қызмет көрсете бастайды.
Осы жылы 134,1 мың гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егіліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 2876,4 гектарға ұлғайтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында еліміздің сушаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалатынын айтып, нақты міндеттер жүктеді.
«Су үнемдейтін технология- ларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс.
Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады», деді Президент.
Шу ауданында 94 канал бар. Өткен жылдан бері «ПУИД-2» жобасы аясында 16 нысанға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Оң жағалаудағы магистральді канал бойындағы Андреевка, Ақтөбе, Госфонд, Госфонд-1, Қалығұл, Подхоз, Киров, Ленин-2, Огородный каналдарының жөндеу жұмыстарын 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Ал Огородный-1, Огородный-2, Ленин-1, Красная весна-1, Красная весна-2 және Поселковый каналдарын қайта жөндеуден өткізуге қаражат жеткіліксіз болып тұр. Дегенмен қосымша қаржыландыру мәселесі ҚР Су ресурстары комитетінің техникалық кеңесінің қарауында.
Сушаруашылығы жүйелерін қалпына келтіру Жол картасы аясында аудан аумағындағы 35 канал бойынша 3 миллиард 177,6 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. 31 канал республикалық меншікке өткізілді.
Далақайнар ауылындағы 4 каналға 67,3 миллион теңге қаражат қарастырылып, құрылыс жұмыстары қыркүйек айынан басталды.
Сонымен қатар 2-кезеңдегі 45 канал аудан теңгеріміне алынып, жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сараптама қорытындысы осы айда алынады. Нәтижесінде 2026 жылдың соңына дейін барлық каналдарды жөндеуден өткізу жоспарда бар.
Сонымен қатар биыл барлығы 11 307 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілді. Оның ішінде 9 046 гектарға тамшылатып суару, 2 161 гектарға жаңбырлатып суару, 100 гектарға спринкерлік суару әдістері қолданылуда.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында да ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелер бар. 2019 жылы «Ауыл аманаты» жобасы Жаңақоғам ауылдық округінде іске асырылған болатын. Жобаның бес бағыты бойынша 192 өтінім қарастырылып, барлығы 778,2 миллион теңге несие берілді. Соның нәтижесінде 189 ауыл тұрғыны 610 миллион теңгеге 4 692 бас мал сатып алды.
Ал 2022 жылы Бірлікүстем ауылдық округінде қаржыландыру жұмыстары жүргізілді. Жобаның бес бағыты бойынша 131 өтінім қарастырылып, барлығы 677,9 миллион теңге несие берілді. Ауыл тұрғындары 242 ірі қара , 249 жылқы, 3 896 уақ мал сатып алып, өз кәсіптерін бастады.
Сол сияқты биыл ауданнан Жаңажол, Қорағаты, Көкқайнар ауылдық округтері «Ауыл аманаты» жобасына енгізіліп, несиелендіру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа жол ауылдық округі бойынша 583 аула болса, соның 147-сі жобаға қатысуда. Бүгінгі күнге 97 құжат мақұлданып, 49 азамат несие қаражатын алды.
Қорағаты ауылдық округінде 508 аула бар. Бүгінде жобаға 125 аула қатысуда. Қазірге дейін 83 құжат мақұлданып, 12 азамат несиеге қол жеткізді.
Сонымен қатар Көкқайнар ауылдық округі бойынша 140 отбасы жобаға қатысуға ниет білдірген. Бүгінгі күнге 68 құжат мақұлданып, 29 азамат несие қаражатын алды.
Жайылым мәселесін реттеу де басты назарымызда. Ауданда жайылым жерлердің пайдалануына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 93,8 мың гектар жайылым жер жетіспейтіндігі анықталды.
Мәселені шешу үшін бірқатар тірлік қолға алынды. Елді мекеннің жайылым жерлерін ұлғайту бойынша аудандық босалқы жер қорынан қосымша 83,3 мың гектар жайылымдық жер учаскелері ауылдық округтерге бекітіліп берілді.
2023 жылы пайдаланылмай жатқан 22 000 гектар ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған болатын. Қазіргі таңда мемлекет меншігіне 9 000 гектар жер қайтарылды. Оның ішінде 1878,09 гектары егістік болса, 7 122,86 гектары жайылымдық.
Одан бөлек «Smart Аgro Karkara» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі, бірақ пайдаланылмай жатқан жалпы 6 400 гектар жер телімдерін мемлекеттік жер қорына қайтару бойынша аудан әкімдігі тарапынан сотқа талап арыз берілді.
Жыл басынан бері 21 шаруа қожалығының игерілмей жатқан 49 446 гектар жайылымдық жері анықталды, яғни мал саны тіркелмеген. Жер телімдерін игермеген шаруа қожалықтары бойынша Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес шара қолдану үшін облыстық жер инспекциясымен бірлесіп жұмыс атқарылуда.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жақсарту жайы да күн тәртібінен түскен емес. Ауданда тұрғын үй кезегінде 1745 адам тіркелген. 2020 жылы 80 пәтерлік 5 қабатты 3 үйдің құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжат әзірленген. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттың мерзімі өтуіне байланысты өргертулер мен толықтырулар енгізілуде. Аталған жоба қолдау тапса, 240 азамат тұрғын үймен қамтылатын болады.
Жалпы ауданда 142 көппәтерлі үй бар. 2012-2021 жылдар аралығында мемлекеттік бағдарлама арқылы көппәтерлі 34 үй жөндеуден өткен.
Биылғы сәуір айында облыстық бюджетті нақтылау барысында 167 миллион теңге бөлініп, Шу қаласындағы 9 көппәтерлі тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі кезде 5 тұрғын үй жөндеуден өтуде. Қалған 4 үй бойынша да тиісті жұмыстар басталды.
Шу қаласы мен Төле би ауылындағы 24 тұрғын үйге «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы» аясында ағымдағы жөндеу жүргізу үшін облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына өтінім жолданды. Бұдан бөлек тұрғындар «Асарлатып үй салу» жобасының да шарапатын сезінуде. 2020 жылдан бастап аталған жоба аясында 19 баспана табысталды. Биылдың өзінде 9 үйді пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Биыл «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 30 маманды үймен қамту ойластырылуда.
Сонымен қатар тұрғын үй сатып алу бюджеттік бағдарламасы бойынша жалпы 576 миллион теңгеге 60 үй-жай сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде 30 үй сатып алынды. Келісімшарттардың жалпы құны 284,4 миллион теңгені құрады. Сондай-ақ қалған 30 үй бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Барлық үй теңгерімге алынған соң кезекте тұрған азаматтарға берілетін болады.
Тұрғындарды таза ауызсумен қамтуға да жіті көңіл бөлінуде. Ауданда 35 елді мекеннің 26-сы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. 22 елді мекенде орталықтандырылған ауызсу жүйелері жүргізілген. 4 елді мекен ауызсумен жартылай қамтылған, яғни тұрғындар ауызсуды көше бойындағы колонкадан тасымалдап тұтынады.
Бүгінде Құлақшын, Көкжиек елді мекендеріне контейнерлік модульді блок орнатылды. Алайғыр елді мекеніне орнату жұмыстары жуырда аяқталады.
Былтыр Көктөбе, Ақтөбе, Еңбекші, Сауытбек, Көкқайнар ауылдары мен Шу қаласының Қант зауыты аумағын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары басталған. Нысандар өтпелі болуына байланысты 2023 жылдың қазан-желтоқсан айларында жұмыстар толығымен аяқталады.
Биыл сондай-ақ Төле би ауылының сол жақ бөлігін ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 583 миллион теңге бөлініп, игерілуде.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл аудан аумағын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 9 жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Оның ішінде 8 құжат бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім берілді. Нәтижесінде 2025 жылдың соңына елді мекендерді 100 пайыз ауызсу жүйесімен қамту көзделіп отыр.
«Көгілдір отын» мәселесі де көптің көкейіндегі түйткіл. Шу ауданындағы 35 елді мекеннің 18-і табиғи газбен қамтылған. Бұдан бөлек Мойынқұм, Жиенбет, Еңбек, Ақтөбе, Аспара ауылдарына газ құбыры тартылған. Ал Бәйдібек, Ақтасты, Бөлтірік, Балуан шолақ, Далақайнар, Шоқпар, Шоқпар стансасының ішкі жүйесіне жобалық-сметалық құжат әзірленуде.
Сондай-ақ биыл ауданда жалпы 14 әлеуметтік нысанды табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілуде. Оның 12-сі білім нысаны, біреуі көппәтерлі тұрғын үй және СПТУ-24 жатақханасы. Жалпы қаражат көлемі 831,5 миллион теңгені құрап отыр.
Енді жолдың жайын қозғасақ. Шу ауданы бойынша жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы 844,82 шақырымды құрайды. 2023 жылға көше жолдары бойынша 45 жоба жоспарланған. Мысалы, Шу қаласында барлығы 313 көше бар болса, соның 181-і мүлдем асфальтталмаған.
Биыл қаланың жолын жөндеуге 428 миллион теңге қарастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 200 миллион теңгеге артық. Бөлінген қаражаттың нәтижесінде 21 көше жөнделетін болады.
Сол сияқты ауылдық округтер тарапынан құны 126,6 миллион теңгені құрайтын 8 жоба жоспарланған. Бүгінгі таңда 4 жоба бойынша асфальт төсеу және 4 жоба бойынша орташа жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды.
Сондай-ақ аудандық маңызы бар Жаңажол ауылына кіреберіс жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында құны 849,7 миллион теңге болатын 16 жоба дайындалған еді. Бүгінгі таңда 10 көшеде асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталды. Қалған 6 жоба бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі күнге тағы 125 көшеге сараптама қорытындысын алу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек 4 аудандық маңызы бар жолға сараптама қорытындысы дайын.
Сонымен қатар әлеуметтік нысандардың құрылысы да қарқын алуда. Оның жарқын мысалдарын білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларындағы ғимараттар санының артуынан да көруге болады. Жуырда Төле би ауылындағы 300 орындық Әл-Фараби мектебінің құрылысы аяқталды. 2024 жылы 5 жаңа мектеп, 2 жапсарлас құрылыс, 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжат әзірленіп, бюджеттік өтінім берілді.
Медицина саласында да жаңа нысандар баршылық. Жақында ғана Төле би ауылында 48 орындық балаларды оңалту орталығының құрылысы аяқталып, есігін айқара ашты.
Сондай-ақ Жиделі стансасындағы медициналық нысанға 126 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сәтін салса, ғимарат алдағы желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Ал Аспара стансасындағы 5 келушіге арналған медициналық нысанның жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, 2025 жылға құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Нәтижесінде медицина саласындағы нысандар қажеттілігі толық шешімін табатын болады.
Ауданда 47 мәдени ошағы бар. Бүгінде 2 ауылдық клуб апатты жағдайда болса, 6 клуб ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Осы 8 жобаның бесеуі құрылыс, үшеуі күрделі жөндеуді қажет етеді. 2022 жылы Ақтөбе, Белбасар ауылдарының мәдениет үйі құрылысына жобалық-сметалық құжат дайындауға 6 миллион теңге қарастырылып, сараптама қорытындысы алынды.
Осы жылы Абай ауылындағы 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, тамыз айында пайдалануға берілді. 2024 жылы Жаңажол ауылындағы мәдениет үйінің құрылысын жүргізу үшін бюджеттік өтінім ұсынылды. 2025 жылы Сауытбек, Көкқайнар, Бірлік ауылдарындағы мәдениет ошағын күрделі жөндеу қарастырылып отыр. Сонымен қатар 2028 жылға дейін Мойынқұм, Алға ауылдық клубтарының құрылысы жоспарланған.
Спорт саласында да жоспарлы жұмыстар жүзеге асуда. Қазіргі таңда Қонаев ауылында құны 369,1 миллион теңге тұратын спорт кешені салынып жатыр. Нысан осы қазан айында пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар биыл ауданда 13 спорт алаңының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Айта кету керек, спорт саласында 2025 жылға дейін 31 жоба жоспарланған. Оның 8-і құрылыс болса, екеуі күрделі жөндеу жұмыстары. Және 21 спорт алаңшасы орнатылатын болады.
Шу ауданында шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Соның бірсыпырасы абаттандыру ісіне байланысты. Осы орайда Шу қаласындағы аумағы жөнінен ең үлкен «Жеңіс саябағына» және Төле би ауылындағы М.Жүнісалиев саябағына көңіл бөлуіміз керек. Биыл қайта жаңғырту жұмыстарына қажетті құжаттар әзірленуде.
Сондай-ақ Шу қаласындағы Қасымхан көшесіндегі саябақтың құрылысына эскиз жобасы дайындалды. Сонымен қатар Шу қаласындағы Айнакөл көшесіне іргелес жатқан аумақта атшабар құрылысын бюджеттің мүмкіндігін ескере отырып жүзеге асыратын боламыз.
Бүгінде теміржол вокзалы ғимаратының және аумағын жөндеу мәселесі де өзекті болып отыр. Негізгі ғимараттар «Қазақстан ТЖ» акционерлік қоғамының теңгерімінде болғанымен вокзалға іргелес жерлер қала аумағына қарайды. Сондықтан да осы аумақтарды жөндеу және абаттандыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттамаға қаржы қарастырылып, келесі жылы іске асыру жоспарлануда.
Шу қаласындағы аудандық полиция бөлімі ғимаратының тозығы жетуіне байланысты жаңа ғимарат құрылысына да жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Сараптама қорытындысы 2022 жылы алынды. Бүгінгі күнде облыс әкімдігінің құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған.
Сондай-ақ қаланың орталық көшесі бойындағы ескерткіштердің маңын абаттандыру, қалпына келтіру жұмыстары да басты назарда. 2024 жылы С.Шәкіров көшесі бойындағы С.Шәкіров ескерткіші маңындағы аллеяны абаттандыру бойынша тиісті құжаттар әзірленуде.
Шу қаласының кәріз және шайынды су жүйелерін қайта жаңғырту аяқталмаған нысаны бойынша жыл соңына дейін сараптама қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім берілетін болады.
Ағымдағы жылы 11,6 шақырым жылу жүйелеріне техникалық қорытынды жасалынды. Техникалық қорытындыға сәйкес жылу жүйелері 4 учаскеге бөлініп, жобалық-сметалық құжат әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ кезекте тұрған азаматтарды үймен қамту мақсатында Шу қаласындағы әскери қалашықта орналасқан 75 пәтерлі 4 үйді күрделі жөндеуден өткізу мәселесі де аудан әкімдігі тарапынан зерделенді. Дегенмен бұл үйлер сейсмикалық сараптамадан өтпей, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жарамсыз болып отыр. Сондықтан да бұзу жолдары қарастырылуда.
Міне, Шу ауданында атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсаттардың ауқымы осындай. Әрине, ауқымды істердің барлығы да ел-жұрттың игілігіне бағытталған. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан қолға алынған реформалардың тиімділігін тұрғындар айқын сезініп отыр.
Бақытжан Жәнібеков,
Шу ауданының әкімі
Келесі мақала