Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Аңсаған сәби» армандарды орындайды

«Аңсаған сәби» армандарды орындайды
ашық дереккөз
«Аңсаған сәби» армандарды орындайды
Елімізде әрбір алтыншы жұп сәби сүюді армандайды. ҚР Денсау­лық сақтау министрлігі­нің мәліметі бойынша, қазір 15 мың ерлі-зайыпты бедеулік диагнозымен есепте тұр. «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылғалы бері 20 мың әйел жасанды ұрықтандыру қызметін алған. Бұл процедуралар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қаржыландырылады. Осы тақырып төңірегінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамның облыс бойынша директоры Ләззат Әлімованы әңгімеге тартқан едік. Маманның айтуынша, бағдарлама терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. – Жобаға сәби сүюді аңсап жүрген отбасылық жұптар қатысады. Ерлі-зайыптылар қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды жүргізу қағидалары мен шарттары белгілеген репродуктивті жас, яғни 18 бен 42 жас аралығындағы медициналық параметрлерге сәйкес келуі қажет. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша экстракорпоральді ұрықтандыру процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. Талпынысы сәтсіз аяқталған жағдайда қайтадан кезекке тұра алады, – дейді Л.Әлімова. Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында экстракорпоральді ұрықтандыру жасайтын клиникалар бар екен. Бүгінгі күні жалпы 19 клиника, оның ішінде 1 мемлекеттік және 18 жекеменшік емхана жұмыс істейді. – Жыл сайын квоталар аймақ­тарға сәйкес бөлінеді. Астана, Алматы және Шымкент қалалары бұл тізімде көш бастап тұр. Атап айтар болсақ, МӘМС шеңберінде жұмыс істетін Алматы қаласындағы 7 клиникада 2 мыңға тарта жасанды ұрықтандыру әдісі жасалды. Айта кету керек, пациент қор сайтына кіріп, клиниканы өзі таңдай алады. Ол үшін «fms.kz» ресми сайтында «Пациент үшін», ары қарай «Клиниканы таңдау» батырмасын басып, «ЭКҰ қызметтерін көрсететін медициналық ұйымдардың тізбесін» ашу керек. Ол жерде клиникалардың тізімі, мекенжайы және телефоны көрсетілген. Процедура МӘМС аясында тегін жасалады. Сол бойынша, квота алғысы келетін пациенттің мәртебесі сақтандырылған болуы тиіс. Ең әуелі, сәби сүйгісі келетін жұп репродуктологтың кеңесіне бару керек. Оған жолдаманы өз емханасындағы гинеколог береді. Қажетті тексерілулерден соң па­циенттің экстракорпоральді ұрықтандыру жасауға көрсеткіштері сай келсе, құжаттарды жинап, дәрігерлік-консультациялық комиссиядан өтеді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда жұп кезекке тұрады, – дейді Л. Әлімова. Айта кетсек, елімізде 2021 жылдан бері жыл сайын 7 мың ЭКО процедура МӘМС есебінен қаржыландырылған. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында берген ақпаратқа сүйенсек, осы жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша, 5 миллиард теңгеге жуық қаржыға 4 мыңнан астам экстракорпоральді ұрықтандыру әдісі жасалған. Ал ҚР Денсаулық сақтау министр­лігінің мәліметінше, бағдар­лама іске асырыла бастағаннан бері «өзін аңсатқан» 5 000 нәресте дүниеге келген. Өңірімізде өткен жылы 263 экстракорпоральді ұрықтандыруға 270 миллион теңгеден аса қаражат бөлінген. Биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша 144 қызмет көрсетіліп, 163 миллион теңгеден аса қаржы жұмсалған. Бағдарлама аясында бір адамға МӘМС есебінен орта есеппен 1 миллион теңге бөлінеді. Репродуктологтардың айтуынша, оның 600 мың теңгесі стимуляциялауға арналған гормондық препараттарға жұмсалады. Сонымен қатар 200-300 мың теңге шығын материалдарын жабуға кетеді екен. Кейде құны 1 миллион теңгеден асып жығылатын мұндай процедураны кез келген отбасының қалтасы көтермейтіні рас. Оған қоса ЭКҰ әдісіне бірнеше мәрте жүгініп барып сәбилі болғандар көп. Ал қазір бұған жұмсалатын шығынды қор МӘМС есебінен төлейді. Дегенмен жұптарға квота берілмейтін жағдайлар да кездеседі. Дәрігерлер әйелді медициналық тек­серуден өткізгеннен кейін бірнеше мәселені ескереді. Олар жатырдың туа­бітті немесе кейін анықталған ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген локализация онкологиясы сынды жағдайларда пациентке экстракорпоральді ұрықтандыру жүргізілмейді. Егер пациентте қосымша сұ­рақтар туындаса, өзі тіркелген емханасындағы «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгіне алады. Ал ол жерде мардымды жауап ала алмаса, қордың арналары, яғни «fms.kz» ресми сайты, «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы, «Telegram» әлеуметтік желісіндегі «@SaqtandyrýBot», 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, шағым қалдыруға болады. Сонымен қатар азаматтардың мәртебесі де қосымшалар арқылы тексеріледі. Жоғарыда аталған қосымшалардан бөлек, «Damumed» мобильді қосымшасы, Kaspi.kz, Halyk, Bcc.kz сынды екінші деңгейлі банктер арқылы тексеріс жүргізіледі. Сондай-ақ «egov.kz» сайтын­дағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебені тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы ақпарат алуға да болады. Аяулым ЖАМАНҚАРА aaiauka@mail.ru
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар