ТӘУЕКЕЛДЕР КАРТАСЫ НӘТИЖЕСІН КӨРСЕТУДЕ
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаровтың сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына сәйкес атқарылған жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды.
Жалпы өңірлік сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасы білім, жолдар мен инфрақұрылым, құрылыс пен тұрғын үй, жер бөлу, қаржы және экономика, бизнес сынды 7 негізгі бағытты қамтиды. Баяндамашының айтуынша, аталған бағыттар бойынша бірқатар жұмыс атқарылған. Мәселен, ауызсумен қамтамасыз ету бағытында жүргізілген мониторинг нәтижесінде Меркі ауданының бұрынғы басшылығы кәсіпкерге 12 ауылдық округті ауызсумен қамтамасыз ететін сушаруашылығы құрылыстарын сенімгерлік басқаруға заңсыз бергені, сондай-ақ оның су тарифі басқа аудандармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екені анықталған.
Департаменттің ұсынысынан кейін сушаруашылығы құрылыстары жаңадан ашылған «Алатау су-жылу» коммуналдық мекемесі балансына қайтарылып, су тарифінің бағасы 40 және 22 теңгеге төмендетілген. Яғни бұрын заңды тұлға бір текше метр су үшін 190 теңге төлесе, қазір 150 теңге төлейді. Ал жеке тұлғалар бір текше метр су үшін 104 теңге төлесе, қазір 82 теңгеге арзандаған. Қазіргі таңда мүлікті қабылдау актісіне сәйкес жұмыс жүргізілуде.
Сонымен қатар осыған дейін «Байзақ су» коммуналдық мекемесі басшылығының ауызсу есептегіштеріне пломба орнатқаны үшін 149 жеке тұлғадан және 8 бизнес субъектісінен ақы алу фактісі анықталған. Департамент енгізген ұсыныстан кейін ақы алу практикасы тоқтатылып, пломба орнатқаны үшін төленген ақша кәсіпкерлік субъектілеріне кері қайтарылған. Сондай-ақ ауызсу тарифінің бағасы 5 және 3 теңгеге төмендетілген.
– Тұрғын үй саласындағы мониторинг кезінде қызметтік пәтерлерді заңсыз алу және тұру фактілері анықталды. Қазіргі уақытта департаменттің бастамасы бойынша заңсыз берілген 11 пәтер мемлекеттік тұрғын үй қорына қайтарылды. Айта кету керек, өткен жылы тұрғын үй кезегінен 3 мың 600 адам шығарылды.
Жер қойнауын пайдалану саласына жүргізілген мониторинг нәтижесінде Шу ауданының әкімдігі ҚР Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, құм-тас қоспасын өндіруге арналған 1,69 гектар жер учаскесін заңсыз бергені анықталды. Аталған кен орны департаменттің ұсынысы бойынша мемлекет иелігіне қайтарылды, – дейді Дәурен Омаров.
«Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметіне жүргізілген талдауда қаланы көгалдандыруға және абаттандыруға байланысты жұмыстарды орындамаған кәсіпорындармен өзара есеп айырысу жағдайлары анықталған. Алдын ала залал 700 миллион теңгені құрапты. Нәтижесінде қаланы абаттандыруда белгілі бір мәселелер туындаған. Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 57 миллион теңгесін растады. Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» және Қ.Рысқұлбекұлы саябақтарына және «Тектұрмас» этнотарихи кешеніне ойын-сауық аттракциондарын орналастыру үшін төленген қаражаттың 6,4 миллион теңгесі мекеме кассасына түспегені анықталды. Бұл жағдайлар бойынша тиісті процессуалдық шешімдер қабылдау үшін тергеу амалдары жүргізілуде екен.
Ал білім саласына жүргізілген талдаумен Байзақ, Жуалы, Жамбыл, Шу және Т.Рысқұлов аудандары қамтылып, 130-дан аса бұзушылық анықталған. Талдау аясындағы мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы 207 миллион теңгені құраған. Қазіргі таңда оның 55 миллион теңгесі қайтарылған. Жемқорлық тәуекелдері бюджетті жоспарлаудан бастап, оны игеру кезеңіне дейінгі аралықта толығымен кездескен.
Бизнесті қолдауға байланысты жүргізілген жұмыстар барысында «Бизнеске жол» жобасы аясында облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп департамент өңірдегі 280 кәсіпкердің құқығын қорғаған. Шешілген кейстердің нәтижелері бойынша 4 лауазымды тұлға тәртіптік, 1 лауазымды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылған.
– «Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай терезесі» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы мемлекеттік органдардың мемлекеттік сатып алу жоспарларына мониторинг жасалып, департаменттің енгізген хаттары негізінде мемлекеттік органдардың сатып алу жоспарлары қайта қаралып, нәтижесінде 5,9 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді. Мысалы, Меркі ауданы әкімдігінің қаржы бөлімі құны 275 миллион теңге болатын 1 кеңсе ғимаратын сатып алуды жоспарлағаны анықталды. Департаменттің ұсынымынан кейін сатып алу бағасы қайта қаралып, 120 миллион теңгеге дейін төмендетілді. Нәтижесінде 155 миллион теңге үнемделді, – деген Дәрен Омаров жалпы сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына сәйкес жүргізілген мониторинг және талдау нәтижесімен 57 ұсыныс енгізілгенін, оның орындалуын кезең-кезеңімен баяндап отыратынын айтты.
Айжан ӨЗБЕКОВА
aizhan-uzbekova@mail.ru
Келесі мақала
ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖОЙЫЛМАЙ, жағдай жақсармайды
Ұқсас жаңалықтар
Заң
Қазақстанның екі үлкен қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды.
- авторAR-AY
- 20 қараша, 2024