Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Базалық мөлшерлеме бекітілді

Базалық мөлшерлеме бекітілді
ашық дереккөз
Базалық мөлшерлеме бекітілді
Осы жылдың 6 қазанында ҚР Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені 16,5 пайыздан 16 пайызға дейін төмендету туралы шешім шығарды. Бұл тұрғыдағы келесі шешім 24 қарашада жария етіледі. Айтқандай, бас банктің бұл шешімін отандық қаржы нарығындағы кәсіби ойыншылардың 50 пайыздайы алдын ала болжай алды. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы 5 қазанда жария еткен кезекті шолуында сарапшы қауымның 71 пайызы «базалық мөлшерлеме қалайда төмендейді» деген пікірге тоқталған. Дегенмен мөлшерлеменің төмендеу қарқынына қатысты олардың пікірі үшке бөлінген. Атап айтқанда, төмендеуді күткендердің 33 пайызы базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі 6 қазаннан бастап 16,25 пайызды, 50 пайызы – 16 пайызды құрайды десе, қалған 17-сі 15 пайызға дейінгі төмендеуге үміт артқан. Бірақ олар алдағы 12 айда инфляция мақсатты 5 пайыз деңгейіндегі ернеуге қайта оралады дегенге біршама күмән келтіреді. «Алдағы жылдағы тұтыну бағасы индексіне берілген баға 11,3 пайызды құрап, 2021 жылдың ортасынан бері алғаш рет бақылаудағы инфляцияға (11,8 пайыз) мейлінше жақындай түсті» деп мәлімдейді өз шолуында қаржы сарапшылары. Айта кетейік, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының ұсынған бұл жолғы шолуында отандық қаржы нарығындағы биылғы қазандағы жағдайға сай негізгі көрсеткіштер қамтылған. Онда әдеттегідей нарық ішіндегі кәсіби ойыншылардың «Brent» маркасындағы мұнай бағасына қатысты болжамдары, теңгенің және ресейлік рубльдің АҚШ долларына шаққандағы бағамы мен инфляция, Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесіне қатысты пікірлері есепке алынған. ҚҚҚ сарапшыларының айтуынша, қыркүйек айында баяулай түскен айлық және жылдық инфляция аясында Мемлекет басшысының инфляцияны биыл екі есе төмендету туралы тапсырмасын жүзеге асыру ықтималдығы арта түссе керек. Олардың пікірінше, бұл өз кезегінде Ұлттық Банкке ақша-кредит шарттарын әрі қарай қалыпқа келтіруге жол ашуы тиіс. Әйтсе де Ұлттық Банктің 6 қазандағы ресми хабарламасында: «Дәл қазіргі шешім мен тәуекел балансын ескерсек, биыл базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндіктері айтарлықтай шектеліп отыр. Жыл соңына дейін жылдық инфляция бір мәнді деңгейге дейін баяулаған жағдайда ғана ақша-кредит саясатын жеңілдету шаралары қаралатын болады», делінген. Ал отандық нарықтағы кәсіби ойыншылардың пікірінше, бір жылдан кейін базалық мөлшерлеме 12,5 пайызды құрауы әбден мүмкін. Әрине, бұл теңге түріндегі құралдар тартымдылығының төмендеуіне әсер етпей қоймайды. Айтқандай, соңғы екі айда ұлттық валюта бағамына қатысты сарапшы қауым алға тартқан болжамды пікірлер көңілге күдік ұялатады деуге тұрарлық. Өз кезегінде, бұл жағдай нарық ішіндегі сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдік біршама ауытқып, алдағы қараша-желтоқсан айларында Ұлттық қордан сатылатын шетелдік валюта көлемі азая береді деген пікірлер аясында қалыптасып отыр. Қазірдің өзінде трансферттер 85 пайыз деңгейінде орындалған. Есесіне сарапшы қауымның «қара алтынға» қатысты көзқарасы аса өзгере қоймаған. Олар «бір жылдан кейін мұнайдың бағасы «тұрақты оң болып қала береді» деген сенімде. Сірә, бұған «қара алтынның» әлемдік экспортының 40 пайызын бақылайтын ОПЕК-ке мүше елдер ұсынысты қысқартқандықтан нарық ішінде тереңдей түскен өнім тапшылығы көрінісі септік етсе керек. Бұл тұрғыда ҚҚҚ сауалнамасына қатысқан отандық сарапшылар «бір жылдан кейін жылдық өсім 4,1 пайыз деңгейінде өсуі ықтимал» деген болжам айтуда. Сондай-ақ олар «ресейлік рубль өзінің құлдырау шегіне жетті» деген пікірде. Отандық сарапшылардың пайымынша, бір жылдан кейін рубльдің АҚШ долларына қатысты бағамы осы деңгейде қалатын секілді (99,7 пайыз). Дәрия КЕМЕР, журналист
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар