Егіннің 72,7 пайызы жиналды
Бүгінге дейін қазақстандық фермерлер 12,6 миллион гектар алқаптың (72,7 пайыз) егінін жинап үлгерген. Күзгі дала жұмыстарының өту барысы жуырда Ауылшаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабектің төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында талқыланды.
Министрліктің ауылшаруашылығы департаменті директорының орынбасары Мұрат Іргебаевтың айтуынша, биыл 11,7 миллион тонна астық бастырылған. Орташа өнімділік гектарына 9,3 центнерден айналуда.
«Бірінші кезектегі негізгі міндет – келесі жылдың көктемгі дала жұмыстарына тұқым дайындау және себу. Жоспар бойынша 1,9 миллион тонна астық тұқымы 935,5 мың гектарға себілді.
Қазіргі жағдайды ескере отырып, ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге литріне 250 теңге бағамен дәнді және майлы дақылдарды кептіруге жеңілдікті дизель отынының қосымша көлемі бөлінді. Жоспар бойынша мұнай өңдеу зауытынан шамамен 62,5 мың тонна дизель отыны жөнелтілетін болады.
Өңірлік қаржы институттарымен фермерлер үшін айыппұл санкцияларынсыз несиелерді ұзарту мәселесі жеке тәртіппен пысықталуда», деді Мұрат Іргебаев.
«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Ысқақов 33 ауылшаруашылық тауарын өндіруші 2,3 миллиард теңге сомаға қарыздарды ұзартуға өтінім бергенін мәлімдеді. Қолайсыз ауа райынан зардап шеккен басқа қарыз алушылар тарапынан шарттар, ұсынылатын құжаттар тізбесі және міндеттемелерді қайта құрылымдау рәсімдері бойынша өтініштер келіп түсіп жатқан көрінеді.
Ауылшаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, негізгі астықты аймақтарда 3 аптадан астам уақытқа созылған жауын-шашын салдарынан жаңа түсім сапасы нашарлап, астықтың өніп кетуіне, жоғары ылғалдылық пен рефакцияға және дәнді дақылдардың өнімділігінің төмендеуіне әкелген.
Ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккен өңірлерде барлық мүдделі органдар мен ұйымдарды қоса отырып, келтірілген зиянның ауқымын айқындау үшін жұмыс комиссиялары құрылған.
Жұмыс комиссиялары еліміздің зардап шеккен аймақтарына барып, егін жинау жұмыстарының барысына талдау жүргізген. Әкімдіктердің деректері бойынша, 2,7 миллион гектарда немесе 15 пайыз алқапта дәннің өніп жатқаны белгілі болған. Орташа өнімділік өткен жылғы деңгейден гектарына 2,7 центнерге төмен.
Талғат Нұрханов
Келесі мақала
ЖЕРДІ ҚАЙТАРУ ЖҰМЫСЫ жанданады
Ұқсас жаңалықтар
Ауыл шаруашылығы
Қазақстан дәнді дақылдардың экспорттық нарықтарын кеңейтуде
- авторAR-AY
- 6 желтоқсан, 2024
Ауыл шаруашылығы
Рекордтық 580 млрд теңге егіншілерді қолдауға бағытталды
- авторAR-AY
- 6 желтоқсан, 2024