ЖУАЛЫДА АГРОСЕКТОРДЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Жуалы ауданы – агросаланың қос қанаты саналатын егін және малшаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ. Тиісінше аудан халқы да Табиғат-ана сыйлаған және мемлекет тарапынан жасалған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, еңбектің көрігін қыздыруда. Жер емген диқандардың, дала төсін төрт түлікке толтырған шаруалардың еңбекқорлығының арқасында ауданда агросектордың әлеуеті жыл санап артып келе жатқанын жуырда облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы ұйымдастырған «Басты саланың басым бағыттары» тақырыбындағы баспасөз туры аясында көз жеткізе түстік.
Таңғы сағат 10:00 шамасында жолға шыққан журналистер қауымы алдымен Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Кәріқорған ауылына барып, «Ауыл аманаты» жобасы аясында құрылған «Жетітөбе-2022» кооперативінің тыныс-тіршілігімен танысты.
Бүгінде 137 мүшесі бар кооператив 2022 жылы құрылып, 1 жылдың ішінде біршама жұмыс атқарып үлгерген. Биыл 2,5 пайызбен 138 миллион теңгеге техника сатып алып, жобаның шарапатын сезінген. Кооператив төрағасы Александр Уразовский ысырапсыз өнім жинауда заманауи техникалардың орасан зор пайдасы тиіп жатқанын айтады.
– Кооперативтің 1 150 гектар жері болса, барлығын тиімді пайдаланып жатырмыз. Биыл бидай, арпа, жүгері, мақсары егіп, жиын-терін науқанын жақын уақытта аяқтаймыз. Енді 200 гектар мақсарыны жинау жұмыстары қалды. Өнімділік – орташа.
Өнімді жинап алсақ, уақыт оздырмай жерді өңдеп, соқа-сайманымызды сайлап, келесі жылға дайындықты бастаймыз – деген Александр Уразовский ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру мақсатында құрылып жатқан кооперативтердің тиімділігі көп екеніне тұрғындардың көзі жеткенін жеткізді. Сондықтан да кооперативке мүше болуға ниеттілер әлі де көп екенін, қазір құжаттарын заңдастырып жатқанын атап өтті.
Ал Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Қайнарбек Беделбековтің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 154 тұрғын 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып, атакәсіпті дамытуда. Округ тұрғындары Түркістан облысының Сайрам, Түлкібас аудандарынан және еліміздің басқа да аймақтарынан барлығы 3 100 мал сатып алған. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізген тұрғындардың барлығы малшаруашылығымен айналысуды жөн көріпті. Кейіннен құжатын өткізген екі тұрғынның бірі наубайхана, енді бірі тігін цехын ашуды жоспарлап отыр екен.
Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Тасбастау ауылының тұрғыны Рақымжан Әбдікәрімов те «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көргендердің бірі. Кәсіпкер бір ай бұрын ғана 6,4 миллион теңгеге Түркістан облысының Қарабұлақ ауылынан 14 сауын сиыр сатып алыпты.
– «Сауын сиыр – үйдің анасы» дейді дана халқымыз. Сондықтан сүт болса, айран да, ірімшік те, сүзбе де, құрт та, бәрі болады. Ең бастысы тоқшылық болады. Бүгінде сүт шаруашылығы – ел экономикасының маңызды саласына айналды. Сондықтан да мүмкіндік беріліп тұрғанда көзді тарс жұмып, сүт бағытында жұмыс істеуге белді бекем будық.
Бұрын 10 сиырымыз болған. Бірақ жолдасымның сиыр саууға денсаулығы жарамай, бәрін сатып, орнына жылқы алдым. Кейіннен сиырды сатқаныма өкініп қалдым. Ойлана келе, қайта сиыр сатып алайын десем қаржы тапшылығы қолбайлау болып, шамам жетпей-ақ қойды. Сөйтіп, биыл көптен бері ойда жүрген ісім оңынан шешіліп, мемлекеттік қолдаудың арқасында шағын кәсібімізді бастап кеттік.
Қазір қорамызда 14 сиыр болса, әрқайсысы күніне 5 литр сүт береді. 250 мың теңгеге Тараз қаласынан арнайы сиыр сауатын техника да сатып алдым. Күнделікті «Бурный сыр зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 50-55 литр сүт өткіземіз. Зауыт сүттің литрін 150 теңгеден қабылдайды, – дейді Рақымжан Әбдікәрімов.
Ауыл тұрғыны алдағы уақытта ауласындағы бос жерге қора-жай соғып, сауын сиыр санын көбейтіп, жылқы бордақылап, кәсібін кеңейтуді мақсат етуде.
Мұнан кейін Боралдай ауылдық округіне қарасты Ертай ауылына ат басын бұрып, «Береке» шаруа қожалығының берекелі тірлігін көзбен көруге мүмкіндік алдық. 1998 жылы құрылған шаруашылық бүгінде аяғына нық тұрып, аудан экономикасының дамуына өз үлесін қосып келеді.
– 2013 жылдан ет бағытындағы мал өсірумен айналыса бастадым. Шүкір, төккен теріміз, еткен еңбегіміз текке кетпеді. Биылдан бастап сүт бағытындағы малшаруашылығын дамытуға кірісіп, 15 миллион теңгеге Ресей Федерациясынан асылтұқымды 15 сиыр сатып алдым. Қазір барлығы 50 сиыр сауылады.
Ресейден әкелген бір сиырдың құны орта есеппен 930 мың теңгеден айналды. Басқалар секілді еліміздің басқа қалаларынан емес, Ресейден алуымның да себебі бар. Ресейлік сиырлардың ең басты артықшылығы – сиырлардың сүттілігінде. Бір сиыр күніне 15 литр сүт береді. Қазір күніне «Бурный сыр зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 200-220 литр сүт өткіземіз. Жаз айларында 350-400 литрге дейін өткіздік.
Ал күтімінде аса айырмашылық жоқ. Ресейден әкелгеннен кейін 3 айға жуық қорада тұрды. Қазір өрісте жүр. Бірақ қоренді. Жемшөпті жиі-жиі бермесең мөңірейді де тұрады. Келешекте асылтұқымды сауын сиырлардың санын көбейтсем деймін. Күніне көп дегенде 5-7 литр сүт беретін 50 сиыр ұстағанша, асылтұқымды 20 сиыр ұстаған тиімді емес пе?
Одан бөлек алдағы уақытта гидропоника әдісіне көшуді ойластырудамын. Негізі жемшөптен аса мәселе жоқ. Егістік жеріміз, техникамыз жеткілікті. Биыл да жемшөпті молынан жинап алдық. Бірақ гидропоника әдісін қолданғаннан ұтарым көп секілді. Зерттеуімізше, гидропоника әдісі арқылы дайындалған өнімдер арпа дақылының құнарлылығымен пара-пар екен. Жасыл жемді пайдаланған шаруа ветеринарлық ауруларды да біржолата ұмытады. Жаңа технологияның арқасында жер жыртып, мал азығы аз деп алаңдамайсыз. Еңбек күшін де талап етпейді. Себебі қазір малшы табу да қиын. Сол себепті гидропоника әдісін жан-жақты зерттеп жатырмын, – дейді қожалықтың төрағасы Досат Дүйсебеков.
Қожалықта 4 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылған. Орташа айлық жалақысы – 150 мың теңге. Жұмысшылардың алаңсыз еңбек етуіне барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар жұмысшылар алдағы қыстан қысылмай шығуы үшін еткен еңбектеріне қарай отын-сумен, көмірмен қамтамасыз етіледі.
Жалпы Боралдай ауылдық округі бойынша 246 шаруа қожалық болса, отызы сүт бағытында жұмыс істеуде. Байқағанымыздай, ауылдарда сүт бағытында жұмыс істейтін шаруашылықтардың саны жыл санап көбеюде. Соған орай сүт өңдейтін кәсіпорындарға да сұраныс артып келеді. Аудандағы сүт өңдейтін кәсіпорынның бірі – Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылындағы «Бақдәулет» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі.
«Ауыл аманаты» жобасының бесінші «Бизнесті қаржыландыру» бағыты бойынша ашылған кәсіпорын 15 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтыған. Кәсіпорында тәулігіне орта есеппен 1 тоннадай шикізат қабылданып, одан түрлі өнімдер шығарылуда. Атап айтқанда, табиғи ірімшік, сары май, құрт, йогурт, чечил, сұранысқа сәйкес брынза өндіруде. Ал өнімдер Бауыржан Момышұлы ауылына, Тараз қаласына, Астана және Алматы қалаларына жөнелтілуде.
Баспасөз туры аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында түйінделді. БАҚ өкілдері «Рауан» шаруа қожалығының қора-жайына барып, іскер азамат Бектұрған Қансейтовтің тындырымды тірлігімен танысты.
Бүгінде шаруасы шалқыған «Рауан» шаруа қожалығы 2000 жылдары құрылған. Алғашқы жылы 30 гектар жер алып, кәсіпті көкөніс өсіруден бастайды. Ал қазір мал және егіншаруашылығын тұлпардың тізгініндей қатар алып жүр.
– Әкем бала кезімізден «бақыт – бостандықта, байлық – еңбекте» екенін санамызға сіңіріп, еңбекқор етіп тәрбиеледі. Әкеміздің ақыл-кеңесі, тәрбиесі өмір бойы азық болып, бағдаршамдай тура жолды нұсқап келеді. Кезінде шаруашылық құрып, кәсіп бастауымызға да әкем себепкер болып, басы-қасында өзі жүрді. Алғашында көкөніс шаруашылығымен айналысып, талай жыл ала жаздай маңдайымызды күнге қақтап, диқаншалықтың бейнетін де, зейнетін де көрдік.
Сөйтіп, өткен жылы ұлдарыммен ақылдаса келе, мал бордақылаумен айналысып көруді шештік. Ойымызды жүзеге асыру мақсатында 2023 жылдың басында Павлодар облысынан 60 бас асылтұқымды «Герефорд» бұзауын сатып әкелдік. Жалпы «Герефорд» дүниежүзінде ең көп тараған және жыл он екі ай жайылымға бейім, қыстың қатты суығы мен жаздың аптап ыстығына шыдамды, жайылым талғамайтын, жақсы семіріп, сапалы ет беретін бірден-бір ірі қара мал тұқымы. Егер жілік майы толса, күніне 800 грамм, тіпті бір келі салмақ қосады.
«Герефорд» бұзаулары 5 айдай жайлауда жүріп, жуырда бордақылауға кіргіздік. Енді келесі жылдың ақпан-наурыз айына дейін бордақылап, соямыз. Сөйтіп, орнына басқасын сатып аламыз. Мақсатымыз – аудан және облыс нарығын сапалы етпен қамтамасыз ету.
Сондай-ақ келешекте сүт бағытында да жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Өткен жылы ауылдың сыртынан мал бордақылау үшін қора-жай соққан болатынбыз. Енді сауын сиыр ұстайтын тағы бір ферма саламыз, – дейді шаруа қожалықтың төрағасы Бектұрған Қансейтов.
Жиырма жылдан аса уақытта кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, мұз болып қатып, су болып қайнап әбден ысылған кәсіпкер қазіргі таңда бар білген-түйгенін ұлдарына үйретуде. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, еңбекке ерте араласып, мал мен егіннің жайын жақсы білетін ұлдары да бүгінде әкелерінің сенімді көмекшісіне айналған. Екі ұлы егіншаруашылығына, ал екі ұлы малшаруашылығына жауапты болып, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүр.
Осылайша бір күнге созылған баспасөз туры аяқталып, асыраушы саланы алға сүйреу мақсатында Жуалы ауданында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасымен танысып, қас қараймай Тараз қаласына жетіп алмақ ниетте жолға асығыс аттанып кеттік.
Талғат Нұрханов
Келесі мақала