Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жазушылар жазушы жайында

Жазушылар жазушы жайында
ашық дереккөз
Жазушылар жазушы жайында
Жазушы П. Дүйсенбин – ауылда жатып-ақ Алматыны мойындатқан, жазушылар ортасында өзіндік орны бар, қолтаңбасы қалыптасқан қаламгер. Жазушының шығармашылығы, туындылары туралы ертеректе пікір қалдырып, қазір де жоғары бағасын беріп жүрген қаламгер, сыншылар баршылық. Олардың кейбірі бүгінде арамызда жоқ. П. Дүйсенбин туралы жазушылардың әр жылдары жарық көрген сын-пікірлерінің біршамасын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Бүгінгі жас жазушы – әдебиеті­міздің ертеңі. Ендеше жастар твор­чество­сын оқтын-оқтын келелі әңгімеге арқау ету – орынды. Жастар творчествосын қызыға, қадағалай оқып жүремін. Менің байқауымша, жастарда шынайылық, тазалық басым. Шынайы, табиғи болу дегеніміз – өмірді табиғи қалпында қабылдап, соны боямасыз жеткізе білу. Жастардың тұсауын, негізінен, «Жалын» баспасының «Өркен» редакциясы кеседі. Өткен жылы да мұнан бірталай жастың шығармасы жарық көрді. Солардың ішінен Пернебай Дүйсенбиннің «Жұмбақ жұлдыз» кітабы бөле айтуға тұрарлық. Жас жазушының коллективтік жинақтарда жарияланған «Кішкентай генералдар» мен «Біз, Төлепбек ағай, самолет командирі және Пальма» атты екі повесі де жас оқырмандарға үлгі боларлық, өзіндік ерекшелігі бар туындылар. Бұл шығармаларды, ең алды­мен, бүлдіршіндерге арналған адам­гер­шілік, азаматтық сабағы деп бағалаған абзал. П.Дүйсенбин шығармалары идеялық-көркемдік қасиеттерімен ғана емес, шұрайлы тілімен де дараланады. Бірен-саран диалект сөздер кездескені болмаса, автордың тілі негізінен таза, көркем, айшықты. Мәселен, ол күзді «Қос теректің жасыл жамылғысын ұяң басып келген күз сарғыш бояумен сүйкеп өтіпті» деп суреттейді. Сол сияқты жас автордың мынадай теңеу, тіркестерін де разылықпен қабылдайсың: «Шыныққан шеке сүзісуге жақсы болады. Сиырлы ауылға бара жатырмыз ғой». («Кішкентай генералдар»). «Талант тамыры – халықта» деген тамаша сөз бар. Бүгін таңда халық ішінен шыққан жас таланттарымыздың бірі – ауыл мектебінің мұғалімі Пернебай Дүйсенбин. Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, «Қазақ әдебиеті», 4 наурыз, 1983 жыл * * * Ал біз «Қазіргі қазақ ертегісі қандай болуы керек?» деген сұрауға жауапты жас жазушы Пернебай Дүйсенбиннің «Сары сөмке және оның достары» туралы ертегі атты повесінен таптық. Оның кейіпкерлері ертектен ертекке бір қалыпта аумай көшіп жүретін қу түлкі, аш бөрі, қорқақ қоян емес, аты өшіп қалған хан да, уәзір де, тазша бала да емес, кәдімгі күнде қолға ұстап мектепке апаратын сары сөмке, сурет салатын дәптер, бояу қарындаштар мен әуелете доп тебетін қонжық... Повестің тілі де жатық. Кібіртіктемей еркін оқуға оңтайлы. Автор бір тарауда сары сөмкені, енді бір тарауда бояу қарындашты, келесі тарауда сурет салатын дәптерді «сөйлетеді». Бірақ сюжет тұтастығының аражігі ажырамаған, композициялық құрылысы сәтті. Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, «Лениншіл жас», 28 ақпан, 1985 жыл * * * Аталған екі жинақта да Пернебай Дүйсенбиннің бәйге алған повестері бар екен. Соңғы өткізілген конкурста тағы да жүлде алуы – бұл автордың үнемі ізденіп жүретіндігінің дәлелі. Оның «Кішкентай генералдар», «Біз, Төлепбек ағай, самолет командирі және Пальма» атты туындылары балалар үшін тартымды оқиға, детальдарымен ұнамды. Мұндағы балғын кейіпкерлер басқа шығармалардағы секілді әлеуметтік-моральдік мәселе арқалап, шамасы келгенше пәлсапа соғып, ақылгөйсіп жатпайды, үлкендердің сөзін, ісін аңдып, ши шығарып та отырмайды. Өздеріне лайық нақты тірлігі, қам-қарекеті бар. Қуанышы мен күлкісі, қызығы мен шыжығы бар. Бұл автор да балаларды өздеріне лайық тілмен сөйлете алған. Бекен ЫБЫРАЙЫМОВ, «Қазақ әдебиеті» * * * «Жалын» баспасынан жас автор Пернебай Дүйсенбиннің тұңғыш кітабы жарық көрді. Ол «Жұмбақ жұлдыз» деп аталады. Тұңғыш кітапқа «Жұлдыздар неге жылайды?» деген повесть пен бірнеше әңгімелері еніп отыр. Жас жазушының тілі айшықты, өзіндік жазу өрнегі бар. Повестің бас кейіпкері – мылқау Тайжан. Автор кейіпкердің ішкі жандүниесін, психологиясын, адамдармен қарым-қатынасын кең ауқымда суреттейді. Осы тұста автор өзінің өмір таныштығын – көзбен көріп, құлақпен естігенін көкейге түйе білетіндігін аңғартады. Повестегі ерекшеліктің бірі – тілдік бояудың қалыңдығы. Мәселен, табиғат суреттерін автор жанды бейнелей, көз алдыңа елестете алады. Мың бұрала аққан әсем Шолпы өте сұлу суреттеліп, көңілде әдемі әсерін қалдырады. Табиғат кейіпкер психологиясымен қатар өріледі. Сөз орайында айта кетуіміз керек, Пернебай Дүйсенбиннің осы шығармасынан біз байқаған, оны өз тұрғыластарынан ерекшелейтін творчестволық қасиеті – психологиялық моменттерге баса назар аударатындығында. Шығарма сонысымен тартымды болып, оқушысын жетелеп отырады. М.ҚАРТАҢБАЕВА, «Кітап жаршысы», 25 қыркүйек, 1982 жыл * * * Пернебай Дүйсенбиннің тұңғыш кітабы өткен жылы жарық көрді. Оның «Біз – Төлепбек ағай, самолет командирі және Пальма» повесінде бала психологиясын, бала тіршілігін жақсы білетіндігі көрініп тұр. Оның басқа әріптестерінен өзгешелігі, типтік жағдайларды таңдап, талғап ала біледі. Тілі кестелі, бірақ повестің сюжеттік желісі босаң. Жас жазушының «Жұмбақ жұлдыз» атты тұңғыш жинағы оның әдебиетке дайындықпен келгенін танытты. Осы кітаптағы «Жұлдыздар неге жылайды!» повесі 13 жасар мылқау бала туралы. Оқырманды бейжай қалдырмайтын повесть. Пернебай – әдебиеттегі жолын жаңа бастаған жас. Әдемі жазамын деп тым әлеміштеп жіберетіні бар. Оның образды ойлау жүйесі, стилі балаларға әлі де ауырлау тиеді. Сейітжан ОМАРОВ, «Қазақ әдебиеті», 11 наурыз, 1983 жыл * * * Пернебай Дүйсенбиннің «Ән салыңызшы, әке!» деген повестер мен әңгімелер жинағы және «Елгезек ертегілер елінде» деп аталатын повесть-фантазия мен ертегілерінен тұратын жинағы. Кезінде бұл жазушының бағын ашқан «Жалынның» жабық конкурсы болатын. Оның бәйгесін ол әр жылдарда 4-5 рет алған-ды. Алғанда да сонау ауылда жүріп алды. Осы жерде бұл конкурстың зор маңызы болғанын айтпай кетуге болмайды. Оның алғашқы қарлығаштары – Тынымбай Нұрмағанбетов, Оралхан Бөкеев, Молдахмет Қаназов, Сайлаубай Жұбатыров, Марат Қабанбаев. Бәрін бірдей тізбелей беру мүмкін емес. Олар жүздеп саналады. Міне, солар өткен ғасырдың 70-90-жылдары қазақ балалар әдебиетін биіктен-биікке көтерді. Балалар мен жасөспірімдерге арналған, үздік шығармаларға арналған «Жалын» бәйгесі сияқты бәйге жылда жалғасын табуы керек-ақ. Ол қазір құрдымға кетіп тұр. Пернебай Дүйсенбин – талантты жазушы. Балаларға не туралы, қалай жазу керек екенін жақсы біледі. Ол ауылда, мектепте жұмыс істейді. Сондықтан болар, оның шығармаларында балалардың шынайы жандүниесі бар. Оның Алдар көсе туралы хикаясы үнемі ізденісте жүргенін көрсетеді. Қаржаубай ОМАРҰЛЫ, «Қазақ әдебиеті», 29 сәуір, 2005 жыл
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар