Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Көктерек саябағының» салтанатты ашылу рәсімі өтті

«Көктерек саябағының» салтанатты ашылу рәсімі өтті
ашық дереккөз
«Көктерек саябағының» салтанатты ашылу рәсімі өтті
Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында «Мәдениет-асыл қазынам» атты мәдениет күндері аясында және Бірлік ауылынан шыққан жанашыр ауыл азаматтары мен ел ағаларының демеушілігімен соғылған «Көктерек саябағының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауданымыздың абыройын айқындайтын іс-шарада Қазақстан Республикасының Бас прокуроры, жерлесіміз Асылов Берік Ноғайұлы, Мойынқұм ауданы әкімі Әлихан Балқыбеков, Еңбек ардагері Пермен Алдабергенов пен ауданның Құрметті азаматы, «Биназар» қорының төрағасы Сағат Алдабергенов ағаларымыз «Көктерек» саябағының лентасын қиып, Берлинді алу шайқасында алғашқылардың бірі болып танкімен кірген, Көктерек ауылының тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері- Омар Исабековтың құрметіне арналған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін «Өлі риза болмай тірі байымайды» демекші Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерінің рухына арнап исламтанушы, Дінтану магистрі, Алматы облысы, Іле ауданының бас имамы Досан Сенбеков құран бағыштады. Салтанатты шара барысында алдымен сөз алған Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асылов Берік Ноғайұлы жерлестерін мерекемен құттықтап, Ұлы Отан соғысының майданында ерлікпен қаза тапқан және Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің еңбектерін ескеру мақсатында «Көктерек» саябағының ашылуы болашақ ұрпаққа, жастарға, жергілікті тұрғындарға патриоттық тәрбие беретініне сенім білдірсе, Бірлік ауылының тумасы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал- майоры Шаймұрат Отарбаев кұттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді. Жиында сөз алған Мойынқұм ауданының әкімі Әлихан Балқыбеков ауданымызда ұлтжанды кәсіпкер азаматтардың белсенділігімен игі істер атқарылып жатқанын жеткізді. - Міне, бүгінде «Әке көрген оқ жонар..» деген сөздің қадірін білетін ауыл азаматтары саябақтың ашылуына демеушілік жасап, туған елге қызмет етуде. «Туған жер» бағдарламасы - жалпыұлттық патриотизмнің негізгі өзегіне айналуын, еңбегімен елге елеулі болған азаматтарды шақыру арқылы Отанға деген қалтқысыз қызмет пен туған жерге деген шынайы сүйіспеншілікті қалыптастыруды көздесе, ол мақсат өз үдесінен шықты деп айтсақ, артық болмас- деді Әлихан Әбіләшұлы. Ал еңбек ардагері, Ұлы Отан соғысының ардагері Исабеков Омардың ұрпағы Пермен Алдабергенов айтулы шараның өтуін қолдап, демеушілік көрсеткен басшыларға алғысын айтса, ауданның Құрметті азаматы, ақын Қалибек Шайжан арнау өлеңін оқып берді. «Батаменен ел көгереді» демекші ауданның Құрметті азаматы, «Биназар» қорының төрағасы Сағат Алдабергенов жиналған көпшілікке ақ батасын берді. Мәдени шара барысында саябаққа қойылған қолөнер шеберлерінің туындысы көпшілік қауымға ерекше көңіл- күй сыйлады. Сондай-ақ «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөзді ұран еткен бірліктіктер тал екті. Іс-шара соңы спорттық жарыстар мен концерттік бағдарламаға ұласты. Мұнан соң ауыл тұрғындары мен қонақтары «Береке» мейрамханасына жиналып, астан дәм татты. Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар