Жалау ұстаған Жауғаш батыр
Еліміздің азаттығы жолында күрескен, туған жерін, елін жауынан қорғаған, Абылай ханның жауынгерлік туын ұстаушы, елтұтқа болған елшісі, қазақтың айбынды батыры Жауғаш (Жауғашты) Қырбасұлының туғанына биыл 290 жыл. Батыр бабамыз Алматы облысындағы Ақсу өзенінің бойында дүние есігін ашқан. Он бес жасынан бастап атқа мініп, беліне бес қаруын асынып, Арқаға барып Абылай ханның сенімді серігі болған. Батыр сол кезден-ақ шекаралас жатқан Моғолстан, Қытай, Қырғызстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнату жолындағы келіссөздерге қатысып, Абылайханның ақылшысы бола білген. Хан жасағын басқара жүріп талай жорықтарға қатысып, Абылайдың ту ұстаушысы болған оны Бұхар, Үмбетей жыраулар жырына қосқан. Батырдың бейнесі халық ауыз әдебиетінен ойып тұрып орын алған. Шоқан Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров осынау танымал тұлғаны шығармаларына арқау еткен.
Меркі өңірінде батырдың атымен аталатын бір ауыл бар. Оның есімі «Ақ жол» елді мекеніндегі мектепке берілген. Осы өңірдегі Ботбай батыр ұрпақтары батыр ұстаған жеңіс туын осы күнге дейін қастерлеп ұстап, аудандық мұражайда сақтап келеді. Меркі ауданында «Жауғаш батыр» қоғамдық қоры жұмыс істейді. Қоралас ұрпақтары, жалпы Ботбай балалары аудандық мәдениет үйі алдынан батырға зәулім ескерткіш орнатты.
Батыр баба Арыс өзені бойында дүние салды. Оның мәйіті қасиетті Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, Абылай ханның жанына қойылған.
Алдағы жылы ағарту министрлігі Жауғаш батыр туралы тарихи деректерді тарих пәні оқулығына енгізуді көздеп отыр. Сондай-ақ Президент жанындағы ономастикалық комиссия батыр есімін арнайы тізімге енгізіп, Түркістан, Тараз қалаларында, көрші Қырғызстанда батыр есімінің көшелерге берілетінін хабарлады.
Меркіде екі батырдың атқа мінген ескерткіші тұр. Көлікпен өтіп бара жатқан сайын мектеп жасындағы немерем: «Ата, анау кім? Ол жерде ол неғып тұр?» деп сұрай береді. Мен: «Балам, ол екеуі де қазақ батырлары. Біреуі Сыпатай батыр, ал екіншісі Жауғаш батыр», деймін. Бірақ бала болған соң сұрауы таусылмайды ғой. Жауап беруге тура келеді. Бірде маған Меркідегі «Жауғаш батыр» қоғамдық қорынан телефон шалды. Газетке батыр туралы мақала беру керек екен. Мен тарихшы, ғалым емеспін, алайда журналист болған соң іссапармен қырғызбен шекарадағы «Жауғаш» ауылына Әбіш Кекілбаев сынды данагөй кісімен бір жолы сапарлас болып барғаным болмаса... (ол кезде облыстық «Ақ жол» газетінің Меркі және Тұрар Рысқұлов аудандарындағы меншікті тілшісі едім). Осы жолы Абылай ханның ақ туын ұстаған Жауғаш батырдың келіні Мәйкө апаның ешкімге бермей үйінде қастерлеп ұстап отырған қасиетті туын да көрдік. Иә, қан майданда қазақ сарбаздарына айбын болған ту ғой ол. Әбіш аға сонда Абылай ханның Жауғаштай еренге сеніп тапсырған туын абайлап, ақырын ұстап, алақанымен сипағанда қандай әсерде болғанын қайдам. Мен өзім: «Бұл туды Абылай да, Жауғаш та қолымен талай мәрте ұстаған шығар-ау» деп, заңғар жазушыдан кейін барып сол туды өз қолыммен ұстап көрдім. Осының өзі мен үшін есте қаларлық үлкен тарихи сәт болатын.
Бала демекші, немеремнің сұрауы маған да әжептәуір ой салды. Мен өзіме-өзім: «Осы Жауғаш батыр бала кезінде қандай адам болған екен?» деген сұрақ қойып, енді соған жауап іздей бастадым. Тарихи дерек-дәйектері көп кітаптарды ақтарып отырып көрнекті ғалым Жанғара Дәдебаевтың 2013 жылы Алматыдағы «Дәуір» баспасынан шыққан «Тараз өлкесі» атты кітабын тауып оқысам, онда батырдың балалық шағы туралы көмескі болса да көңілге қонымды дәйегі бар екен. «Көмескі» деуімнің де себеп-салдары бар. Өйткені бұған дейін ешбір зерттеуші Жауғаштың ағайын-туыс ортасындағы өмірі жайлы айтпаған. Ж.Дәдебаев: «...Жауғаш батырдың балалық, жастық шағының шындығын көрсетерлік дерек жоққа тән. Батырдың өміріндегі ерекше, бетбұрысты бір оқиға оның он бес жастағы кезінде өтсе керек. Бұл кезде ол туған ауылында, ата-ана, ағайын-туғандарының ортасында. Осы оқиғадан соң батыр елі мен жерінен кетіп, арқаға ауады» деп жазады.
«Сонда батырды «жылы орнынан» аудырған қандай жайт болды екен?» деген сұраққа автор да екіұшты жауапты екі тұстан табады. Оның біреуі Меркінің бұрынғы «Ленин жолы», қазіргі «Ақ жол» ауылына қарайтын «Тоқташ» бөлімшесінің тұрғыны О.Нақысбековтің 1956 жылы маусым айында Жауғаш батырдың ұрпағы Оспанқұл Байсалыұлының аузынан жазып алған дерегі мен Әміт ақынның жырындағы деректің бір-біріне дәл келетіндігі. Дау Алатау бауырында өткен үлкен ас кезінде ойда жоқта болады. Ел ішіне «Он бес жасар Жауғаш екі қалмақты өлтіріп қойыпты. Оған Бабалықтың тоғыз ұлы мияттыққа жарамапты. Енді Жауғаштың басына жоңғарлардан қатер төніп тұр» деген қауесет тарайды. Иә, егер бұл оқиға рас болмаса, Жауғаш:
Бабалыдан туған тоғыз ұл,
Жарға қонған үкідей.
Қырбастан туған жалғыз ұл,
Өткір қара... бәкідей, – деп, елден Арқаға көшпес еді ғой.
Қалай десеңіз де жалғыздың аты жалғыз, жаны жабырқау болған соң назаланған шығар. Оның үстіне ол Абылайды мият тұтып, тәуекелді сапарға шықты емес пе? Ағайындарынан ауа көшкен Жауғаш Абылай ордасының тұсына келіп қонады. Хан нөкерлерін жіберіп жөн сұрасып, бір биін хабаршыға жібергенде барып Жауғаштың жырмен айтқан жауабын алып, оның үйсін ағайын екенін біледі. Сонда Абылай хан жіберген бидің: «Ассалаумағалейкүм, ақтабандар!» деп тиісе сөйлегеніне Жауғаш та: «Уағалейкумассалам, өлген кісісін ағашқа қақтағандар!» деген сөзін естіген би сөзден тосылып, батырдың жауабын ханға айтып барады. Хан Жауғаштың жауабына риза болып, Жауғашты өз ордасына жақын көшіріп алады. Ақылына, батырлығы мен шешендігіне, әділдігіне көзі жетіп, көңілі толған Абылай Жауғашты оң тізесіне отырғызып, ордадағы басты билерінің бірі етіп тағайындайды.
Хан ордасында жүріп мәртебесі ғана емес, басқа билердің алдындағы беделі де өскен оны көре алмаған хан нөкерлері оны ханға жамандайды. Абылай олардың айтқан сөздерін мұқият тыңдап алып: «Төрт көздерің түгел отырғанда айтайын. Қазір Жауғашты орталарыңа шақырайын, ол кіріп келгенде ешқайсың оған орын бермей, отырған жерлеріңнен тапжылмай отыра беріңдер», дейді. Хабаршы батырды шақырады. Жауғаш сәлем беріп кіріп келгенде хан төңірегіндегі игі жақсылар орындарынан атып тұрады. Хан оларға қарап мырс етіп күліп, Жауғашқа оң тізесінен орын береді. Осыдан кейін ордадағы жақсылар мен жайсаңдар батыр турасындағы күңкіл-сүңкілді мүлдем тоқтатқан екен. Демек, оларды батырдың мысы басқаны ғой, ал ханның оған өз жанынан орын беруі батырға көрсеткен құрметі деп түсінген жөн болар.
Тарихи деректерде Жауғаш Абылай ханның ордасына 1756 жылы келген деген дәйек бар. Батыр ханның кеңесшісі болып қытай әскерінің қолбасшысы мен хан арасындағы келіссөзге екі мәрте барып келеді. Сөйтіп, ордадағы саяси істерге араласа бастайды. Абылай қалмақтың Ежен ханын шабар алдында Жауғаштың көрген түсін жориды. «Біз ертеңгі шайқаста жеңіске жетеміз. Содан түскен үлкен олжаға сен ие боласың» дейді батырына. Іле өзені бойында өткен шайқаста Жауғаш жаудың ту ұстаушысын құлатып, туын жығады. Жау жеңіледі. Осы қырғында жау жағынан бір сұлу олжаға түседі. Оған Жауғаш батырдың көзі түседі. Сол кезде қызға екінші бір батыр ие болып, екеуінің арасында дау туады. Осы дауды Абылай ханның өзі шешіп, қызды жаудың туын жыққан Жауғашқа береді. Сол қалмақ қызының ныспысы Жөлкен екен. Жауғаш қалмақ қызынан төрт бала сүйеді.
Біз осы іргемізде жатқан қырғызды «қазақпенен бір туған» деп жүрміз. Ал шындығына келсек, қырғыз бен хакас біртуған ұлыс екенін көне шежіреден білеміз. Кейбір шежірешілер аққалпақтыларды алты Алашқа жатқызып жүр. Ол да жаңсақ пікір. Алты Алашқа: башқұрт (ең үлкен түрік), осман түріктері, анадолы түрікмендері, қазақ пен өзбек, қарақалпақ кіреді. Қырғыздардың (бұғы тайпасы) Шығыс Түрік қағанаты шапқыншылыққа ұшыраған кезде хакастармен (ене тайпасы) қақ айырылып үдере көшкенін Шыңғыс Айтматов та өзінің «Ақ кеме» атты шығармасында аңызға сүйене отырып, ашық жазды ғой. Сонда қырғыз ұлысы үйсіндер еліне осыдан шамамен мың, мың жарым ықылым бұрын келгенін Шоқан Уәлиханов та, Әлкей Марғұлан да жоққа шығармайды. Демек, біз – қазақтар қырғыздармен ежелден-ақ құда-жекжат болып кеткенбіз. Мына жатқан Алатау, Тянь-шань тауын бір кезде ғұндар мекен еткен. Қашқарлықтар (яғни оғыздан тарайтын ұйғырлар), дәлірек айтқанда, Қашқария мемлекеті болып осы тауды мекендеген, кейін Қашқария мемлекет ретінде жойылып кетті. Осыған «Манас» жыры айқын дәлел бола алады.
Енді Жауғаш батыр баянына қайта оралайық. Сонымен, Абылай хан қырғызға жорығын 1956 жылдары бастапты. (Ж.Дәдебаев). Өйткені қырғыз ағайындар Алатауда тыныш жатпай қазақ жеріне оқтын-оқтын шабуылдап, малымызды барымталап, бейбіт қосындарға тыныштық бермеді. Мұндай өркөкіректік, өктемдік Садыр манаптың тұсында тым өршіп кетті. Қалың қолмен келген Абылай қырғызға баса-көктеп кіріп кетпей, алдымен қабырғасымен кеңесіп, сол кезде өзіне сенімді кеңесші әрі уәзір болып жүрген Жауғаш батырмен ақылдасады. Жауғашты елшілікке жібереді. Алайда Садырбала елшілерді күле күтіп алып, өтірік уәде беріп, артынша қырғыздың қалың қолын жинайды. Жауғаш қырғыздардың сөздерінде пәтуа жоқ екенін өзінің ханына анық жеткізеді. Алайда бірден соғысты бастап кету үшін қоңырат қосынының отқаруы кешігіп жатқанын ескеріп, қарсы жақты келіссөзбен тоқтата тұруды тағы да Жауғашқа тапсырады. Садыр әскери шабуылды бастауға дабыл қаққанда қоңырат зеңбірекшілері де келіп жеткен еді. Сөйтіп, жасындай жалын атқылаған қоңырат атқыштары жаудың селдей тасыған екпінін әп-сәтте тойтарып тастайды. Қырғыздар отқарудан сескеніп, кейін шегінеді. Бірақ Садыр отырған қамалды алу оңайға соқпайды. Осы кезде Жауғаш батыр бөренелерді кескізіп алып, оны жау әскерлеріне қарсы доңғалатып алып барып, қамалға жеткенде онысын орларға тастатып, қамалды бұзып кіреді. Сөйтіп, Садырбала лажсыздан Соқылық пен Қарабалтаға қарай шегінеді.
Абылай хан соғыстың барлық айла-тәсілін Жауғаш батырмен бірге ақылдасып шешіп отырады. Шу бойындағы шайқас Құланнан да өтіп, Таразға қарай жылжиды. Абылай ханға дейін болған шайқастарда қырғыздар Іледен асыра қазақ әскерін қуып, бірақ осы бетпе-бетте Теміржан батырынан айырылған еді. Осындай бір шайқаста Байғозы батыр тұтқынға түсіп қалады. Жауғаш қырғыздың Абылай тұтқынында отырған бір батырына Байғозы батырды айырбастауға келісім жасасады.
Осы кезде болған қақтығыстарға шапырашты Қазбек бек Тауасарұлы да қатысады. Қырғыз Әтеке батыр, Садыр, Нәдір батырлар бір-бірімен ортақ шешімге келе алмай, тіпті Әтеке екі мың әскерімен еліне қайтып кетеді. Тынай манаптың Әтеке мен Сатыбалды деген ұлдары барымташы болған екен. Ол екеуі Әндіжандағы сарттармен кежілдесіп, ақырында сарттар оларды өз жерінен қуып жібереді. Сөйтіп, олар қайтадан Шу бойын сағалайды. Қазақ қосындарымен болған бір қақтығыста Әтеке жырықтың алты баласы бірдей тұтқынға түсіп қалады. Үмбетей жырау Әтекенің осы балаларын босатуға шамасы келмегенін жырлайды. Айту ләзім, Әтеке орыс патшайымына хат жазып, орысқа жақындауға тырысса, ал Есенқұл Қоқанды жағалайды. «Шыңжан» баспасынан жарық көрген Бишенғали Садыханның жырында да, жазушы Бөлек Солтоноевтың «Қырғыз тарихы» кітабында да Әтеке батырдың жекпе-жекте қазақтың Даулыбай, Бөгембай, Барақ батырларын аттан аударып кеткені, тек оның Қабанбай батырдан ғана жеңілгені айтылады. Сол жекпе-жекте жаралы Әтекені қызы Қабанбайдан сауға сұрап, ұрыс даласынан алып кеткен екен.
Әтеке туралы алыпқашпа әңгімелерде оны өлдіге санайды. Ал шындығында, ол қырғыздың ең мықты баһадүрі болған екен. Әтеке 1786 жылы Санкт-Петербургке елшілікке барған, тіпті орыс патшасынан 800 күміс теңге көлемінде сыйақы да алыпты. Ал енді «Ақшиде» болған шайқаста Жайыл батыр Абылай қолынан оңбай жеңіледі. Сол кезде Жайыл батырдың жанында: Асан, Үсен, Итеке, Қаратай деген төрт баласы болған екен. Жауғаш Жайылмен сыйлас болған ғой. Ол сонда қиналып тұрып: «Әттеген-ай, олжа үшін балаларыңды ертіп шыққаның-ай» депті. Жорық алдында хан Абылай жау жағынан қолға түскен батырлардың ешқайсысының қанын сұрамау туралы пәтуа шығарған ғой. Жауғаш батыр Абылайдың осы талабын біле тұра, тұтқын бесеуінің ең болмаса біреуінің өмірін қиюға ханнан сауға сұрайды. Хан олардың біреуінің ғана өмірін қияды. Әкелі-балалы бесеу өзара ақылдаса келе, отбасын құрмаған Итекені бостандыққа шығарады.
Осы өлім аузынан аман қалған Итекенің ұлы кейін «Жауғаш қанымызды сұрап алған ата досымыз» деп, батырдың Өтеп деген ұрпағына өз қызын берген екен. Ал С.Торайғыров «Жайылды 88 жасқа келіп өлген, сегіз баласы бар екен» деп жазыпты. Ал шындығына келетін болсақ, Абылай ханның үкімінен соң Итекеден басқа төртеуі де өлім жазасына кесілген болатын. Қырғыздың ұлттық батыры болып саналатын Жайыл батыр Меркі ауылының төр жағындағы бұрынғы «Жеміс-жидек» кеңшарының төртінші бригадасы тұрған жердегі биік қорымға балаларымен бірге жерленген. Асқар Ақаев президент болып тұрған жылы Қырғызстан Республикасының Премьер-министрі, Жоғорғы Кеңештің алты депутаты, ақын-жазушылар Оморов, Бөлек Солтоноев, Төлеген Қасымбеков, тағы басқа зиялы қауым өкілдері келіп, Жайыл батырдың жатқан жеріне гранит тас қойып кетті.
Тарихта жұрт біле бермейтін тағы бір оқиға осы «Ақшидегі» еларалық бітімнен кейін де орын алды. Қырғыз бен қазақтың соғысы біткен күні боз бие сойылып, оның қанына батырлар саусағын батырып, «енді соғыспаймыз» деп ант-су ішеді. Осынау атадан қалған дәстүрге қырғыздың Маймыл батыры да қатысады. Жайылдың бауыры Маймыл батыр арада бір жыл өтер-өтпесте: «Менің қазақ Досқожа батырда кегім кетті» деп, жанына қырғыздың қарулас батырлары Еркебұлан, Сәтіке, Әжібайды ертіп, қол жинап, «Мөңке» деген жерге (Меркіден 19-21 шақырым) келеді. Сыпатай батырдың оң қолы болып жүрген Досқожа батыр өзінің ұлы Пышылдақ батырды, досы Манатай батырды, Әлмен батыр жасағын жинап, Маймыл батырмен соғысады. Кейін осы шайқасты жұрт «Маймыл қырғыны» деп атап кетті. Осы ұрыста қырғыздың екі батыры оққа ұшып, Маймыл батыр қашып кетеді. Қырғыздар масқара болып жеңіліс тапқан соң тұтқынға түскен қандастарын алып кетуге қырғыздың Жұматай әжісі келіп Досқожа батырдан сауға сұрайды. Батыр: «Екі елдің антын бұзған Маймыл батырды алдыма әкеліп берсеңдер, сонда ғана қалған тұтқынға азаттық беремін», дейді. Қырғыздар Маймылды Тоқмоқта жүрген жерінен ұстап, әкеліп береді. Антын бұзған жау батыры өз жазасын алады. Осы соғыста қаза тапқан Еркебұлан, Сәтіке, Әжібай батырлардың, тіпті өлім жазасын алған Маймылдың атын да Жаңатұрмыс ауылының халқы жаңа туған сәбилеріне берді. Ондағы ойлары: «Енді соғыс болмасын!» деген ниет болатын. Кейін осы соғыс болған жерге ши көп шықты. Колхозға бастық болып келген Б.Сүлейменов сол жерге егін екті. Бірақ ол қариялардың: «Қарағым, қара жерге қан тамса – қақ тұрмайды» деген өсиетін естімеген болуы керек. Сол жерге бір дән де өніп шыққан жоқ.
Иә, батыр бабамыз Жауғаш Қырбасұлының мерейтойын өткізу қолға алынғалы мемлекеттік органдармен келісе отырып, қор мүшелері мен арнайы құрылған ұйымдастыру комитеті алдын ала жоспар жасады. Батырдың тойы осы айда өткізілетін болды. Осыған орай іс-шаралар жасалды. Кең көлемде ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, сахналық қойылымдар жасау көзделуде. Сонымен қатар ақындар айтысы мен ұлттық спорт ойындарын өткізу де жоспарда бар.
Сейсен Қожеке,
Қазақстан Журналистер
одағы сыйлығының иегері
Келесі мақала