Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Баспаналы болу бақыты бұйырғандар

Баспаналы болу бақыты бұйырғандар
ашық дереккөз
Баспаналы болу бақыты бұйырғандар
«Үйі жоқтың күйі жоқ» дейді халық даналығы. Ел ішінде пәтер жалдап, бір баспанаға мұқтаж боп жүрген жандар жетерлік. Кезінде атақты Жиренше шешен қуықтай лашығына оралып, аяғы сыртқа шығып жатса да «Өз үйім – кең сарайдай боз үйім» деген екен. Әркімнің өз Отаны, өз үйі болғанға не жетсін?! Бүгінде осы мәселені мемлекет біртіндеп болса да шешуді қолға алып, соның аясында сан түрлі ипотекалық бағдарламалар жұмыс істеп жатқаны белгілі. Халықтың, оның ішінде жастардың үйлі болуына мүмкіндік беретін бағдарламалар баршыллық. Бүгінде жамбылдық жастардың баспаналы болуына септігін тигізіп жатқан «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасының маңыздылығы айрықша. Бұл бағдарламаның қатысушыларына қойылар арнайы талаптарға тоқталар болсақ, оған 18-35 жас аралығындағы жастардың қатысу құқығы бар. Бірақ соңғы жұмыс орнында жұмыс өтілі 6 айдан кем болмауы керек. 15 миллион теңгенің 5 пайыздық мөлшеріне жетерлік жинақ ақшасы болуы шарт. Ең бастысы үй алушының атына баспана тіркелмесе болғаны. Үйді облыс аумағынан ғана қарауға мүмкіндік бар. Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – отбасылы жастарға көрсетілер бірқатар қолдаудың болуы. Бағдарламаның кейбір жеңілдіктері ұпаймен есептелетін болса, отау құрғанына бір жыл ғана болған жастар 2 ұпай ғана жинайды. Ал отау құрғандарына 10 жыл немесе одан ұзақ уақыт болған жастар 11 ұпайға ие болады. Кімнің ұпайы жоғары, үйдің кезегі сол жас отбасыға тезірек келеді. Сондай-ақ жас отбасылар арасында кімнің балалары көп, соған басымдық беріледі. Осы орайда біз облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхарға хабарласып, бағдарламаның тиімді тұстары жайлы сұрап-білген едік. – Бұл бағдарлама өте тиімді. Басқа мемлекеттік бағдарламаларға қарағанда алғашқы жарна сомасы мен жылдық пайыздық мөлшерлемесі төмен болып отыр. Ал өзге банктер ипотекалық несиені 7 немесе одан да жоғары пайызбен береді. Егер біз мамыр айына дейін келісімшартқа отыру мерзімінен кешіксек, банктің ішкі ережелеріне сәйкес 8 пайызға дейін көтерілетін еді. Келесі жылы солай да болуы мүмкін. Қарызды төлеу ұзақтығы 19 жылға дейін қарастырылған. Былтыр 93 азамат «Отбасы банкке» жолдама алған. Дегенмен төлем қабілеті мен несие тарихына байланысты 41 азамат қана баспаналы болды. Осылайша былтыр бөлінген 500 миллион теңге қаражат толық игерілді. Оның ішінде 35 жас Тараз қаласынан болса, Байзақ ауданынан – 2, Қордай, Шу, Жамбыл, Талас аудандарынан бір-бір азамат пәтер алды, – дейді Жомарт Зұлпыхар. Бұдан кейін «Отбасы банк» акционерлік қоғамы облыстық филиалының клиенттермен жұмыс бөлімінің басшысы Жұлдыз Мейірмановаға хабарластық. Ол: «Бұл жақсы ойластырылған жоба. Жас отбасылардың көпшілігінің осы бағдарлама талаптарымен үй алуына мүмкіндігі жетіп жатыр. Себебі 5 пайыздық жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі жастарға әжептәуір жеңілдік, үлкен көмек. Біз де әр қатысушымен сөйлесіп, барлық мүмкіндіктерді түсіндіруден жалыққан емеспіз. Жастарымыздың баспаналы болып жатқаны бізді де қуантады. Осы ретте заң аясында барлық тиімділікті қамтимыз», дейді. «Әрекет түбі – берекет» демекші, беріліп тұрған мүмкіндікті сәтті пайдаланудың арқасында биыл үйлі болған жастар көп. Олардың қатарында журналист әріптестер, шығармашылық адамдары да бар. Мысалы, «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Jambylinfo» ақпарат агенттігінде жұмыс істейтін әріптесіміз Дулат Шықпанбет осы мекемеде еңбек еткеніне бар-жоғы екі-ақ жыл болған. Өзі дизайнер әрі оператор. Ол осы бағдарламаға қатысудың арқасында баспаналы болды. – Аллаға шүкір, бағдарламаның бірінші кезеңінен сүрінбей өттім. 29 жасымда өз үйім болды. Қуанышымда шек қоқ. Бұған дейін жұбайым Арайлым мен қызым және ата-анаммен бірге тұрдық. Бір аптаның көлемі болды, еншімізді алып бөлек шықтық. Ипотекалық несие көлемі 15 миллион теңгені құрады. «Ұлы дала» ықшамауданынан екі бөлмелі пәтерге қол жеткіздім. Бүгінде 120 мың теңге «Отбасы банкке» ай сайын төлеп тұрамын. Алғашқы жеті жылды 5 пайызбен, кейінгі жеті жылды 3,5 пайызбен өтеймін. Маған өте тиімді болып тұр. Жұбайым екеуміз екінші сәбиімізді күтіп жүрміз. Енді екіншіміз өз үйінде дүниеге келетін болды. Баспананы ала салысымен пәтеріме жеңіл-желпі әрлеу жұмысын жүргізіп барып қоныстандық. Үйдің кең әрі жарықтығы, терезелердің үлкендігі маған ұнады, – дейді ол. Осы бағдарламаның игілігін көрген әріптесіміздің тағы бірі – Ернар Балғабай. Ол 34 жаста. Оның шығармашылық саласында жүргеніне 13 жыл болған. «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бас дизайнер. Жұбайы Әсем екеуі 4 бала тәрбиелеп отыр. Ол да «Ұлы дала» ықшамауданынан екі бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Ернардың да бұл бағдарлама туралы айтары бар. – «Әулиеата жастары» – табысы төмен жастардың тұрғын үй мәселесін шешуіне қолайлы бағдарлама. Дегенмен біздің облыста тұрғындардың денінің ай сайын алатын еңбекақы мөлшері аз. Бағдарлама шарты бойынша 170 пен 200 мың теңге аралығындағы еңбекақы қарастырылады. Яғни алты ай ішіндегі еңбекақыңды қарайды. Біраз салпақтадым. Жүгіріс көп болды. Құжаттар жинау жағы қиынға тиді. Айлықақым талап етілген сома мөлшеріне жетпегендіктен кепіл болатын адам іздеуіме тура келді. Әйтеуір бағым жанып, сынақтан сүрінбей өттім. Маған 10 миллион теңгеге дейін ипотекалық несие алуыма болатын шешім шығарылып, қолыма берілді. Құны 10 миллион теңге тұратын пәтер де таптым. Сол үйде тұрып жатырмын. Өз үйің болған қандай жақсы. Басы қатты болса да аяғы тәтті болып, бүгінде өз үйімнің төрінде отырмын, – дейді Ернар. Ал осы бағдарламаның игілігін көріп отырған Диана Орынбасар – креативті ақылды жастың бірі. Өзі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті. Еңбексүйгіш қыз жастайынан жұмыс істейді. 1-курсынан бастап облыстық «77 TV», «JAMBYL» телеарналарында еңбек еткен. Бүгінде «Jambylinfo» ақпарат агенттігінде журналист. Екі жылдың көлемінде республикалық байқауларға да қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Диана да орайы келіп, баспаналы болу бақытына ие болды. Оның да негізгі арманының бірі орындалды. – Биыл мемлекет ұсынған «Әулиеата жастары» бағдарламасы арқылы 20 жасымда баспаналы болып отырмын. Ата-анам мен туған-туыстарымның қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әке-шешелеріміз баспаналы болу үшін кезінде қаншама жылдар бойы тоқтаусыз еңбек еткен еді. Ал бұл бағдарлама – қазіргі жастар үшін мемлекет ұсынған үлкен демеу! Алғашқы жарнаны жылдар бойы жинамай-ақ баспаналы болуға таптырмас мүмкіндік. Мен алғашқы жарнасына 750 мың теңге салдым. Қазіргі таңда көп жастар баспаналы болу мақсатында шетелге қара жұмысқа кетіп жатқаны бәрімізге мәлім. Осының салдарынан қаншама қазақ жастары елге қайтпады. Осындай бағдарламалар арқылы көптеген жас отандасымыз өз елімізде еңбек етіп, үйлі болып жатыр. Оның бірі – мен. Өз үйімнің болғаны маған үлкен құлшыныс берді. Мемлекеттің жастарға осындай мүмкіндік бергенін ескере отырып, елімізге адал қызмет етуге талпынамын. Бойдақ болған соң ба, жинайтын құжаттарым да көп болмады. Бәрін электронды түрде тапсырдым. Еш қиналмадым десем де болады. «Ештен кеш жақсы» дегендей, мен алдыңғы жылы осы бағдарламаға құжат тапсырғанда өтпей қалған едім. Осы жылы үйлі болдым. Енді 95 мың теңге айына үйдің несиесін төлеймін, – дейді Диана Орынбасар. Қыркүйек айында бағдарлама басталысымен Тараздағы үйлер бағасы күрт өскен. Мұны баспана іздеп шарқ ұрған жоғарыдағы жастар растап отыр. Белгіленген сома 15 миллион теңге болғандықтан осы бағаға келетін пәтерді іздестіріп, әрең тапқан. Ықшамаудандардың көбінде баға шарықтап, аспандағы айды сұрап тұр. Тек «Ұлы дала» ықшамауданындағы баға қолайлы болған. Бұл да бір Құдайдың қарасқаны шығар. Әрине, Үкімет тарапынан жастарды қолдауға арналған бағдарламалардың қолға алынып жатқаны қуантарлық жағдай. Тек бағдарлама баянды болып, талаптары жастар үшін қолжетімді болса екен деген тілек бар бізде. Эльмира Байназарова  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар