Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР ЖҮЙЕЛІ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР ЖҮЙЕЛІ ЖҮЗЕГЕ АСУДА
ашық дереккөз
ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР ЖҮЙЕЛІ ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтікэкономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде: «Реформалардың нәтижесінде елімізде көп нәрсе өзгерді. Мысалы, алғаш рет Премьер-Министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия ұсынды. Мұны саяси жаңғырудың тағы бір маңызды қадамы деуге болады. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» концепциясы нақты жұмыс істей бастады. Саяси реформалар дамудың жаңа кезеңіне жол ашып берді. Сонымен бірге экономиканы түбегейлі жаңғыртудың берік негізін қалады», деп атап өткен болатын. Жарқын жобалардың жемісін Жамбыл ауданының тұрғындары да айқын сезінуде. Бүгінде ауданда 17 ауылдық округ, 42 елді мекен, 88 196 тұрғын бар. Тұрғындардың 40,3 мыңы немесе 45,8 пайызы экономикалық белсенділер қатарына жатады. Өңірде барлығы 2 902 агроқұрылым жұмыс істейді. Оның 4-еуі – өндірістік кооператив, 35-і – ауылшаруашылығы кооперативі, 2 863-і – шаруа қожалық. Биылғы қаңтар-тамыз айларында ауылшаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 26,6 миллиард теңгеге немесе нақты көлем индексі 101,0 пайызға жетті. Яғни өсімдік шаруашылығы бойынша 12,1 миллиард теңгені немесе нақты көлем индексі 105,0 пайызды, малшаруашылығында өндірілген өнім көлемі 14,5 миллиард  теңгені немесе нақты көлем индексі 100 пайызды құрады. 123 АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ТЕХНИКАСЫ АЛЫНДЫ Ауылшаруашылық саласында айтарлықтай ілгерілеу бар. Биыл 59 930 гектарға егу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде күздік бидай 4 580 гектарға, жаздық арпа 13 310 гектарға, майлы дақылдар 3 070 гектарға, қант қызылшасы 1 500 гектарға, картоп 600 гектарға, дәндік жүгері 1 900 гектарға, бақша 770 гектарға, көкөніс 9 000 гектарға, мал азығы 25 200 гектарға орналастырылды. Егістік алқаптарынан бүгінде 4 582 тонна бидай, 12 357 тонна жаздық арпа, 588 тонна майлы дақылдар, 13 225 тонна картоп, 68 272 тонна көкөніс, 21 649 тонна бақша және 308 934 тонна мал азығы жиналды. Әр гектардан түсім күздік бидай бойынша 10,0 центнерді, жаздық арпа 9,2 центнерді, майлы дақылдар 4,9 центнерді, картоп 230 центнерді, көкөніс 303,0 центнерді, бақша 277,2 центнерді және мал азығы 122,5 центнерді құрады. Жыл өткен сайын ағын су мәселесі өзекті болып келеді. Бүгінде Тоғызтарау ауылының аумағындағы Аса өзенінің арнасына гидротехникалық имарат құрылысы жүргізілуде. Жобалық құны – 138,8 миллион теңге. Бұдан бөлек Аса өзенінің арнасына шлюз орнату үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Жыл басынан бері шаруа қожалықтар 963,4 миллион  теңгеге 123 ауылшаруашылық техникасын сатып алды. Оның ішінде лизинг жүйесімен 470 миллион теңгеге 31 техника (1 комбайн, 9 трактор, 21 түрлі техникалар) алынса, фермерлердің өз қаражаты есебінен 493,4 миллион  теңгеге 92 техникаға (19 трактор, 73 түрлі техникалар) қол жеткізілді. Ауданда жұмыс жасайтын 19 жылыжайдан, яғни (17 фермерлік, 2 өнеркәсіптік) 3,2 гектардан 83,5 тонна қияр жиналып, нарықтық бағамен өткерілді. Сонымен қатар өңірде жалпы алаңы 42 400 шаршы метрді (сыйымдылығы 37 829 тонна) құрайтын 113 қойма бар. Сондай-ақ биыл Ақбұлым ауылынан 1 қойма («Атабеков» ШҚ) бой көтерді. 2024-2025 жылдары Шайқорық, Айша бибі, Жалпақтөбе, Бесағаш ауылдарында  жеміс және көкөніс сақтайтын 4 қойма салу жоспарлануда. Жобалық қуаты 1 560 тонна болса, құны – 145,3 миллион теңге. 6000 ГЕКТАРҒА ЖУЫҚ ЖЕР МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ Жайылым жерді пайдалану бойынша да ауданда бірқатар жұмыс атқарылуда. Ауданда ауылшаруашылығы мақсатындағы жайылым жер 177 020 гектарды құраса, елді мекендегі жайылым жер – 33 321 гектар. Ал орман қоры жайылымы 64 564 гектар болса, ауылдық округтердегі қоғамдық пада үшін 18 761 гектар жер берілді. Жетіспейтін жайылым көлемі 87 100 гектарды құрады. Бүгінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 37 300 гектар жайылым жетіспеушілігі анықталып отыр. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 5 878 гектар жер мемлекет меншігіне алынды. Оның 310 гектары – егістік, 7,0 гектары – шабындық, 5 561 гектары – жайылымдық жер учаскелері. 2019-2022 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы Бесағаш, Өрнек, Қаракемер ауылдық округтерінде іске асып, жергілікті жұрт тұрақты жұмысқа орналасты. Атап айтсақ, Бесағаш ауылында – 285, Өрнек ауылында – 89, Қаракемер ауылында 164 азамат екі қолға бір күрек тапты. 532 КӘСІПКЕР НЕСИЕ АЛДЫ Жыл басынан бері 532 жеке кәсіпкер 2,2 миллиард теңге несие алды. Яғни Бесағаш ауылдық округіндегі 279 аула 1 миллиард, Өрнек ауылдық округіндегі 89 аула 366,3 миллион, Қаракемер ауылдық округіндегі 166 аула 875 миллион теңге қаржы алды. Ал Айша бибі, Қарасу, Тоғызтарау ауылдық округтерінде 379 құжат 2,5 миллиард теңгеге өтінім өткізіп, қазіргі таңда 128 аула 836,8 миллион теңге несиеге қол жеткізді. Ауданда 15 өнеркәсіп нысаны жұмыс істеп тұр. Оның 1-еуі – орта, 14-і – шағын кәсіпкерлік. 2023 жылдың 8 айында өнеркәсіп саласында 20,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілді немесе нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрады. Атап айтсақ, «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС 3,4 миллиард теңгеге (37 мың тонна) мұнай өнімдерін, «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС 650,9 миллион теңгеге (356,0 мың тонна) гипс өнімдерін өндірсе, «Суперфарм» ЖШС 813,1 миллион теңгеге (16,3 миллион дана) матадан жасалмайтын медициналық бұйымдар шығарды. 2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 263 ИНВЕСТ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ 2025 жылға дейін жалпы құны 64,7 миллиард теңгені құрайтын 263 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде 1 166 жаңа жұмыс орны құрылады. Ауылшаруашылығы бағытында 2,2 миллиард теңгеге 58 жоба іске асырылып, 323 жұмыс орны ашылатын болады. Оның 15 жобасы осы жылы іске асады. Ал өнеркәсіп саласында жалпы құны 28,5 миллиард теңге болатын 57 жоба іске асырылып, 526 жұмыс орны құрылады. Оның 21-і биыл жүзеге аспақ. Сондай-ақ 2027 жылға дейін шартты құны 34,0 миллиард теңге болатын 148 бюджеттік инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 767 жұмыс орнын ашу көзделуде. Ауданда шағын және орта бизнесті дамытуда да бірқатар жұмыс атқарылуда. Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 9 091 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның ішінде тұрақты жұмыс істеп тұрғандары – 8 218 субъект. Бұл салада 7 915 адам жұмыс атқаруда. Өндірілген өнім көлемі – 18,5 миллиард теңге. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде 32 жоба 513,3 миллион теңгеге несие алып, 35 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 16 жобаға пайыздық ставканы субсидиялау, 16 жобаға банктік кредиттері бойынша кепілдік беру қарастырылған. ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛЫП КЕЛЕДІ 2023 жылдың 8 айында 6,6 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нақты көлем индексі 135,4 пайызды құрады. Бүгінде аудан көлемінде бюджет қаражаты есебінен барлығы 4,4 миллиард теңгеге 36 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде облыс әкімдігі құрылыс басқармасының қаржыландыруымен 3 жоба 655,9 миллион теңгеге және аудандық бюджеттің қаржыландыруымен 3,7 миллиард теңгеге 33 жоба іске асырылуда. Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында пайдалануға берілген жекеменшік тұрғын үй көлемі 52 905 шаршы метрді немесе 101,4 пайызды құрады. Ауданда тұрғын үй кезегіне 1 582 адам тіркелген. Оның 116-сы – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, 596-сы – әлеуметтік әлсіз топтағы адам, 553-і – көпбалалы отбасы, 317-сі – мемлекеттік қызметшілер. 2023 жылы 80 пәтерлі 4 үйдің (320 пәтер – 2,6 миллиард) және қосымша 2 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу үшін (120 пәтер – 2,1 миллиард) бюджеттік өтінім тапсырылып, қаражат бөлу күтілуде. Осы 6 тұрғын үй пайдалануға берілген жағдайда кезектілік 33,5 пайызға төмендеп, 480 адам баспанамен қамтылады. Бұдан бөлек биыл әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға «Асар» жобасымен 16 ауылдық округте 1 үйден тапсыру жоспарланған. Бүгінде 7 үйдің құрылысы жүргізілуде (Гродеково ауылында – 1, Қызылқайнар – 1, Шайқорық – 1, Тастөбе – 1, Сұлутөр – 1, Қызылшарық – 2). Аса ауылында 1 үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 4 маманға (20,7 миллион) тұрғын үй алуға қаражат берілсе (білім беру саласы – 2, денсаулық сақтау саласы – 2), спорт саласында 1 маманға 5 миллион 175 мың теңгеге тұрғын үй алуға бюджеттік кредит берілді. Ауданда жер телімін алуға 19 062 адам кезекте тұр. 2021 жылы 7 елді мекеннің жаңа тұрғын үй алқабына электр желісі, су, газ тартылып, кезектілікке сәйкес 1 053 азаматқа жер телімі берілсе (Бірлесу Еңбек – 130, Тастөбе – 79, Бесжылдық – 97, Айша бибі – 382, Бектөбе – 143, Қызылқайнар – 222), биыл Аса ауылында кезекте тұрған 811 адамға жер телімі үлестірілді. 2025 ЖЫЛЫ ГАЗ, АУЫЗСУ МӘСЕЛЕ ТІЗБЕСІНЕН АЛЫНАДЫ Аудандағы 42 елді мекеннің 35-і орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған немесе тұрғындардың 86,3 пайызы (76 166 адам) таза ауызсуды тұтынып отыр. Жыл соңына дейін Бесағаш, Түрксіб, Кемел ауылдары таза ауызсумен қамтылады. Жыл қорытындысымен тұрғындардың таза ауызсумен қамтылу көрсеткіші 90,5 пайызға жетеді. Қазіргі таңда Ерназар (609,5 миллион теңге), Жаңаөткел (371,9 миллион теңге), Қызылшарық (925,8 миллион теңге), Бектөбе (1,7 миллиард теңге) ауылдарының ауызсу жүйесінің құрылысын бастауға республикалық бюджетке қаржыландыруға өтінім ұсынылды. Осы жобалардың құрылыс жұмыстарын бастауға аудандық бюджеттен әр ауылға 2,0 миллион теңгеден бөлінді. Сондай-ақ Жұма, Өрнек ауылдарының ауызсу жүйесі құрылысының құжаттары әзірленуде. Шартты құны – 1,5 миллиард теңге. 2025 жылға дейін аталған жобалар іске асқан жағдайда таза ауызсумен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетеді. Бүгінде 42 елді мекеннің 38-і табиғи газды пайдалануда. Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат ауылдарын ауылішілік газбен қамту үшін құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға өтінім ұсынылды. Сондай-ақ магистральді газ құбырын тартудың жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Шартты құны – 236,5 миллион. Бұдан бөлек Сеңгірбай ауылына магистральді газ құбырын және ауылішілік газ құбыры құрылыс жобасының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Осы аталған 4 елді мекен табиғи газға қосылған жағдайда аудан тұрғындары көгілдір отынмен толық қамтылады. 30 АУЫЛДЫҢ 93 АУЫЛІШІЛІК ЖОЛЫ АСФАЛЬТТАНУДА Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 321,6 шақырым. Оның 72 шақырымы – республикалық, 85,7 шақырымы – облыстық, 163,9 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар. Биыл ауданға тиесілі 9,2 шақырым жол жөнделді. Сондай-ақ ауданға қарасты 17 ауылдық округтегі 42 елді мекенде 427,9 шақырымды құрайтын 539 көше мен бұрылыстары бар. Биыл 30 елді мекеннің жалпы ұзындығы 74,2 шақырым болатын 93 ауылішілік көше жолы жөнделуде. АСПАЛЫ КӨПІР САЛЫНУДА Тағы бір жағымды жаңалық, «Аса» стансасында теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірдің құрылысы басталды. Осы мәселені шешу үшін аудан тұрғындары Премьер-Министрдің орынбасары Р.Склярдың қабылдауында да болған еді. Республикалық бюджеттен қаржы бөлінбегеннен кейін біз ағымдағы жылы аудандық бюджеттен 160 миллион теңге қарадық. Жобаның жалпы құны – 360 миллион теңге. Келесі жылы қалған қаражатты бөліп, жобаны аяқтайтын боламыз. 25 КӨШЕ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛУДА Электр желілері мен трансформаторлардың 50 пайызынан астамының тозығы жеткен. Биыл 9 елді мекеннің 24 көшесі мен бұрылыстары жарықтандырылуда. 10 елді мекеннің ауылішілік бағаналары мен желілері тартылып, трансформаторлары және жарықтандыру құрылғылары ауыстырылып, жөнделеді. Теміржол стансаларының аумағында орналасқан Аса, Жұма, Шайқорық ауылдарындағы үйлерді электрмен жабдықтауға 361,7 миллион теңге қаржы қажет. Құрылыс жұмыстарын бастау үшін ағымдағы жылдың екінші нақтылауында аудандық бюджеттен 6,0 миллион теңге бөлінді. Негізі қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынылған. Бірақ республикалық бюджеттен қаржыландырылмай кері қайтарылды. Алдағы уақытта «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде қаржыландыру көзделуде. Аудандағы 42 елді мекендегі трансформаторлардың жалпы саны – 355. Яғни 103 трансформатор аудандық электр жүйесінің, 92-сі ТГЭС-тің, 129-ы аудандық әкімдіктің, 31-і жекеменшіктің теңгерімінде. Аудан бойынша бағаналар саны – 14 359. Оның 8 710-ы – ағаш, 5 649-ы – бетон. Тозығы жеткен бағаналар – 5 144. «Ауыл ел – бесігі» жобасы шеңберінде 2019-2022 жылдары 70 жоба іске асырылып, 183 тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл жобамен 5 тіректі, 12 спутниктік елді мекен қамтылды. Биыл 45 жоба іске асырылуда (2 тіректі, 10 спутникті елді мекен). Атап айтсақ, 6 елді мекенде спорт кешенінің, 2 ауылда мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде және 6 елді мекеннің 37 ауылішілік көше жолы жөнделуде. ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСҚА 2 148 АЗАМАТ ОРНАЛАСТЫ 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша биылғы жылдың 8 айында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 4 533 адам қатысты. Яғни тұрақты жұмыспен 2 148 азамат (ұлттық жобалар аясында – 15, грант – 74, тұрақты жұмыс орындары – 1 386, жеке бастамалар – 529, жастар несиесі – 53, «Ауыл аманаты» – 109), уақытша жұмыспен 1 675 азамат (ұлттық жобалар аясында – 122, әлеуметтік жұмыс орындары – 91, «Жастар тәжірибесі» – 149, ақылы қоғамдық жұмыстар – 1 191, «Алғашқы жұмыс орны» – 52, «Күміс жас» – 68, «Ұрпақтар сабақтастығы» – 2) қамтылды. Кәсіптік оқытуға 710 адам («Электронды еңбек биржасы» – 81, «Бастау Бизнес» жобасы – 629) жолдама алды. Аудандағы 39 білім беру мекемесінің 26-сы типтік, 12-сі ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. 29 орта, 9 бастауыш, 1 негізгі мектептегі 930 сынып комплектісіндегі 16 601 балаға 2 105 ұстаз білім беруде. Сонымен қатар мектепалды дайындық бойынша 68 сынып комплектісінде 1 052 бала білім алуда. ОҚУ ЖЫЛЫНА ШОҚАЙ АУЫЛЫНДА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ Биыл Шоқай ауылында 150 орындық мектеп пайдалануға берілді. 2024-2025 жылдары қолданыстағы тозығы жеткен 7 бастауыш мектептің орнынан жаңа типтік жобадағы орта білім беретін мектеп ғимаратын салу жоспарлануда. Келер жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында Шайқорық ауылында 300 орындық мектептің құрылысы басталмақ. «Жомарт түлек» жобасы шеңберінде 20 жоба іске асырылды. Биыл жоба аясында жоспардан тыс мектептерге тартылған демеушілер 20, 8 миллион теңгеге 98 рет көмек көрсетті. Сонымен қатар танымал түлектермен, зиялы қауым өкілдерімен 57 рет кездесу өткізіліп, оған 10 840 оқушы қатысты. Ал «Мейірім» жобасы шеңберінде 134 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға 3 миллион теңгеге көмек берілді. 2 ЕЛДІ МЕКЕНДЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАР САЛЫНУДА Денсаулық сақтау саласында 35 мекеме бар. Оның 19-ы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Бүгінде Шайқорық ауылында 45 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның, Жаңаөткел ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункттің құрылысы жүргізілуде. Ал Өрнек ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. 2024-2027 жылдары 8 елді мекендегі ыңғайластырылған медициналық нысандардың орнына жаңа ғимарат салу жоспарлануда. МӘДЕНИЕТ САЛАСЫН ДАМЫТУ – КҮН ТӘРТІБІНДЕ Үш мың жылдан астам уақыт бойы Еуропа мен Азияның едәуір бөлігін алып жатқан ұлан-ғайыр кең жазықты жайлап, төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен түркітілдес тайпалардың ежелгі өркениетінің қайнар-бастауларының бірі, қазіргі Жамбыл ауданының аумағында болған десек, қай қисынға да сыяды. Оған Ақбұлым ауылындағы Қарасай шатқалындағы жақпар тастарға салынған суреттер, Қамыстыбұлақ шатқалындағы және Ботамойнақ үңгіріндегі тасқа қашап түсірілген қолтаңбалы жазулар, ХІХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Әулиеата уезінің басшысы болған, өлкетанушы В.Каллаур мен фин археологы Г.Гейкельдің бірлесіп іздестіруі нәтижесінде табылған, ғылымға Талас жазулары деген атаумен белгілі, әйтсе де күні бүгінге дейін мәтінін оқытудың кілті табылмаған түркі сына жазулары, Жалпақтөбе ауылындағы әйгілі Жікіл, Атлах, Бектөбе ауылындағы Тастөбе, Живукат, Қаракемер ауылы маңындағы  көне деректерде атаулары жиі аталатын Адахкент, Нуджикес қалалары мен ондаған елді мекендердің ескі жұрттары, құрылысы аяқталмай қалған Ақыртас қалашығының орны, Ақшолақ теміржол бекетіне таяу жердегі бір сызықтың бойында жатқан сақ қорғандары, Тектұрмас әулиенің, Айша бибі және Бабажа хатун кесенелері, Тектұрмас әулиенің бейіті тұрған биік жартастың етегіндегі Талас өзенінің астынан өтетін жерасты жолы, Құмтиын ауылындағы 600 гектарды алып жатқан қала, Қаратау ауылының теріскей беткейіндегі Керуен сарай сияқты тарихи жәдігерлер толық айғақ бола алады. Бүгінде осы бір жәдігерлерімізді келер ұрпаққа дәріптеу үшін аудандық бюджеттен музей құрылысы басталды, мұнда 3000 көне бұйым сақталатын болады. Биыл қастерлі өңір 85 жылдығын атап өтіп жатыр. Мерейтой аясында түрлі мәдени іс-шаралар бастау алып, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, ұлттық ойындарға басымдық берілуде. Жалпы өңірде 1 аудандық, 4 ауылдық мәдениет үйі, 14 ауылдық клуб бар. Биыл Гродеково ауылдық мәдениет үйі мен Ашыбұлақ ауылдық клубына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қызылқайнар ауылында 180 орындық, Ақбұлым ауылында 90 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Аудандық тарихи-өлкетану мұражайының құрылысына аудандық бюджеттен 172,2 миллион теңге бөлініп, жұмыстар басталып кетті. Сонымен қатар аудандық орталық кітапхана ғимаратының құрылысын бастауға 10 миллион теңге, жасөспірімдерге арналған демалыс орталығының құрылысын бастауға 10 миллион теңге жергілікті бюджеттен бөлінді. 2027 жылы Түрксіб, Бесағаш, Сұлутөр, Ш.Ниязбеков ауылдарына клуб салу жоспарлануда. Аудандағы кітап қоры 226,3 мың дананы құрайды. Оның ішінде мемлекеттік тілдегісі – 152,3 мың дана. 6 АУЫЛДА СПОРТ КЕШЕНДЕРІ САЛЫНУДА «Ауыл ел – бесігі» жобасы шеңберінде 2023 жылы 5 спорт кешенінің құрылысына 976,7 миллион теңге бөлініп, құрылысы аяқталуға жақын қалды (Айша бибі, Гродеково, Қаракемер, Өрнек). Сұлутөр ауылындағы спорт кешені жуырда пайдалануға берілсе, Бесағаш ауылындағы спорт кешенінің құрылысы басталды. 2024-2026 жылдары Тастөбе, Қызылқайнар, Ақбұлым ауылдарынан спорт кешендерінің, Ерназар, Бірлесу-Еңбек, Ащыбұлақ, Тоғызтарау ауылдарынан модульді спорт кешендерінің құрылысын жүргізу жоспарлануда. Бүгінде аудан тұрғындарының 32,3 пайызын жастар құрайды. Ауданда 37 NEET, 873 жұмыссыз жас тіркелген. 146 жас «Бастау Бизнес» жобасымен оқытылды. 100 жас «Жасыл ел» жасақтары қатарына алынды. Волонтерлермен ағымды жылдың 8 айында 47 жұмыс атқарылды. Қамтылған еріктілер саны – 2 080. Бүгінде «Жамбыл жастары» және «Ақжүрек» жастар клубы жұмыс атқаруда. 2025 жылға дейін тағы 2 волонтерлік клуб ашып, ерікті жастардың санын 10 152-ге жеткізу көзделуде. Ауданда 1 спорт кешені, 2 спорт мектебі, 17 үлкен футбол, 41 шағын футбол, 18 «Street workout», 25 балалар ойын алаңшасы бар. Осы жылы Қаратау, Қызылдихан, Түрксіб, Аса, Тоғызтарау ауылдарында шағын футбол алаңдары пайдалануға берілмек. Ш.Ниязбеков ауылындағы шағын футбол алаңын қоршау және ауласын абаттандыру жұмыстары аяқталды. 3 елді мекеннің шағын футбол алаңына жасанды төсем төселінді. Сондай-ақ 6 ауылда балалар ойын алаңшалары орнатылуда. ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІПТІ САҚТАУ – МАҢЫЗДЫ Қоғамдық тәртіпті нығайту мақсатында 27 елді мекеннің кіреберісіне және шығаберісіне 110 бейнебақылау камерасы орнатылған. 2023 жылы 8 елді мекенге 22 бейнебақылау камерасы орнатылды. Қаракемер, Ерназар, Тастөбе, Қызылқайнар, Ш.Ниязбеков ауылдарына тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пунктін салу үшін құжаттары әзірленуде. Әрине, қордаланған мәселелерді қызметке кіріскен сәттен бастап алғашқы орынға қойдым. Есебінен ауылішілік көшелер, шағын спорт алаңшалары, жарықтандыру мәселелері оңтайлы шешімін тауып келеді. Мәселен, бір ғана Бесағаш ауылында бас-аяғы 32 көшеге асфальт төселуде. Ауызсу құрылысы да толық аяқталуға жақын. Бұл дегеніміз, біз мүмкіндігінше бір округтің толық мәселесін шешіп отырмыз. Талап-тілектің барлығы кездесуде көтерілген болатын. Өңірдің тумасы болғаннан кейін шешуді жедел қажет ететін мәселелерді білемін. Аудан әлеуетін көтеру, тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру бағытында ауқымды жоба-жоспарларымыз жетерлік. Сәтін салса, соңына дейін жеткізіп, ел батасын алғанға не жетсін.   Ерлан ҚЫДЫРАЛЫҰЛЫ, Жамбыл ауданының  әкімі
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар