Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БАҒА БАҚЫЛАУДА ТҰР

БАҒА БАҚЫЛАУДА ТҰР
ашық дереккөз
БАҒА БАҚЫЛАУДА ТҰР
Осыдан бір апта бұрын шамасында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы «Ауыл-Береке» базарына барып, ұнның бағасын тексерген болатын. Себебі соңғы уақытта тұрғындар тарапынан ұнның бағасына қатысты көп шағым түскен. Сатушылардың айтуынша, бір аптада ұнның бағасына 5 мың теңгеге дейін қосылған. Мәселен, бұрын 10 мың теңгеге сатылған 50 келілік жоғары сұрыпты ұнның бағасы 15 500-16 000 теңгеге дейін жеткен. Тіпті кейбір сауда нүктелерінде 50 келілік ұн 18 мың теңгеден сатылған. Облыс әкімдігінің 27 қыркүйек күнгі мәліметінше, ірі сауда орталықтарында бірінші сұрыпты ұнның 1 келісі 260-270 теңгеден саудалануда. Тұрақтандыру қорында бірінші сұрыпты 900 мың тонна ұн бар. Сатушылармен, халықпен тілдесіп, ахуалды көзбен көрген Ербол Шырақпайұлы жауаптыларға тікелей жеткізушілермен жұмыс істеп, бағаны тез арада реттеуді тапсырды. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын үнемі бақылап отыруды баса айтты. Жалпы ұн ғана емес, халық көп тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасы шарықтап, қымбатшылықтың халықты қыспаққа алып тұрғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, кейінгі төрт жылда сәбіз, қызылша және ұн 3 еседен аса, ет орташа есеппен 2 есе қымбаттаған. Тіпті нан секілді әлеуметтік маңызы бар өнімнің бағасы айтарлықтай өскен. Кейінгі бір жылдың өзінде азық-түлік бағасы 13,5 пайызға өсіпті. Күріштің бағасы бірден 44,3 пайызға, ал қырыққабат 27,5 пайызға, ет 11 пайызға қымбаттаған. Сондықтан баға тұрақтылығы бүгінгі таңда басты мәселеге айналып, тиімді шаралар қабылдануда. Әсіресе жиі-жиі өткізіліп жатқан ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі бағаны тұрақтандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай ықпалын тигізуде. Осы орайда өткен сенбіде Тараз қаласындағы орталық алаңда өткен жәрмеңкеге біз де арнайы барып, азық-түлік тауарларының бағасымен танысып қайтқан едік. Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақтың алдын ала берген мәліметіне сүйенсек, Тараз қаласы күніне орай ұйымдастырылатын жәрмеңкеде тауар өндірушілер жалпы құны 112,3 миллион теңгені құрайтын 18,2 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 3,5 тонна шұжық өнімдері, 6,4 тонна сүт өнімдері, 6 мың жұмыртқа, 0,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 4 тонна макарон өнімдері, 0,4 тонна тұз, 4,6 тонна балық, 6 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 127,5 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін нарық бағасынан 10-20 пайыз төмен бағада ұсынады. Естіп-білген бір бөлек, көзбен көрген бір бөлек. Ендеше жәрмеңкеде көзбен көріп, көңілге түйгенімізді баяндайық. Байқағанымыздай, жәрмеңкеде әсіресе ет сатушылардың саудасы қатты жүрді. Күн суытып, қыстың хабары сезіле бастағаннан болса керек, ет іздеген тұрғындардың қарасы қалың болды. Күланда Бескемпірова есімді қала тұрғынының айтуынша, жәрмеңкедегі еттің бағасы базармен салыстырғанда әлдеқайда арзан. – Қазір 10 келі қойдың сан етін 2 300 теңге және 5 келі жылқының етін 2 500 теңгеге сатып алдым. Осыдан бір ай бұрын шамасында «Ауыл-Береке» базарынан қойдың сан етін 2 700, ал жылқы етін 3 300 теңгеден сатып алған болатынмын. Күн салқындаған сайын еттің бағасы да өсіп келеді. Сондықтан бүгін етті молырақ алдым. Енді осы етті желтоқсан айының ортасына дейін талғажау етсек, әрі қарай соғымға да ілініп кетеміз деп ойлаймын. Осы орайда көптің көкейінде жүрген бір ұсынысымды айта кеткенді жөн көріп отырмын. Кейінгі уақытта жәрмеңке «Grand bazaar» сауда кешенінің аумағында өткізіліп жүр. Бүгін бұрынғысынша орталық алаңда ұйымдастырғанына қуанып отырмын. «Grand bazaar» сауда кешені «Ауыл-Береке» базарына баратын жолдың бойында орналасқандықтан сенбі күндері кептелістің салдарынан жәрмеңкеге жету үшін көп уақытымызды жоғалтамыз. Әрі сауда кешенінің аумағы жәрмеңкеге тарлық етеді. Сол себепті алдағы уақытта тұрғындардың келіп-кетуіне қолайлы болуы үшін орталық алаңда ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді зейнеткер. Сонымен қатар жәрмеңкеде сиыр еті – 2 300 теңгеден (2 700 теңге), қазы – 3 500 (3 800 теңге), қарта – 1 300 (1600 теңге) саудаланды. Еттен бөлек, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдеріне де сұраныс жоғары болды. Әсіресе картоп, пиязды қапшықтап көтеріп кетіп жатқандар көп болды. Иін тірескен жұрт әр сөренің алдында кезек күтіп, қызу сауда жасап жатты. Бағасына келер болсақ, картоп – 100 (130-150), қырыққабат – 220 (260), қызанақ – 130 (150), сәбіз – 180 (200), қызылша – 220 (250), пияз – 30 (120), қияр – 150 (200) теңгеден сатылды. Жәрмеңкеде саудалаған кез келген өнімнің бағасы базар нарқынан әжептәуір арзан болғандықтан да тұрғындар жиі, тіпті аптасына екі рет өткізіліп тұрса деген де ұсыныстарын жеткізді. – Жәрмеңке біз секілді көпбалалы отбасылар үшін өте тиімді. Мәселен, бүгін ет, сүт, макарон, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін 15 мың теңгеге сатып алып, арқаланып-дорбаланып кетіп бара жатырмын. Егер базарға баратын болсам, 30 мың теңгемді шығындайтын едім. Әрі базарға бару үшін қаншама уақытымды жоғалтамын. Биыл баға бұрнағы жылдарға қарағанда тіпті өсіп кетті. Алаңдататыны, мұның бәрі тек бастамасы сияқты. Себебі биыл құрғақшылық шаруаларға көп қиындық туындатқаны белгілі. Су тапшылығы, көктемдегі ауа райының қолайсыздығынан қаншама гектар егістік алқабы күйіп кетті. Диқандар шығынға батып жатыр. Табиғат құбылыстарының әсері күз, қыс айларында азық-түлік өнімдерінің бағасына кері әсерін тигізбеуі үшін қазірден ауқымды жұмыстар жүргізілу керек. Сондай-ақ қымбатшылық халықтың қалтасына кәдімгідей салмақ салып тұрған қазіргідей уақытта ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі аптасына екі мәрте өткізілсе де артық етпейді. Аграрлы аймақ саналатын облысымыздың тауар өндірушілерінің мүмкіндігі жетеді деп ойлаймын, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Эльмира Қайнарқызы. Осылайша қала күніне орай ұйымдастырылған жәрмеңкеде тұрғындар бағасы қолжетімді, табиғи өнімдерге қарық болса, ал тауар өндірушілер өнімдерін делдалсыз, тікелей сатуға мүмкіндік алды. Жәрмеңкеге облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек арнайы келіп, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековпен бірге сөрелерді аралап көріп, шаруалармен тілдесті. Қанатбек Қайшыбекұлы халыққа өткерілетін өнімдердің сапалы болуын, әрі қойылған бағалардың тұрақтылығын сақтау керектігін атап өтті. Баға мәселесіне арнайы тоқталып отырғаннан кейін облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевты да сөзге тартып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын сұраған едік. – Өңірімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің барлығы қалыпты бағамда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін бірқатар іс-шара жүргізілуде. Бүгінгі таңда өнімді сауда орындарына делдалсыз, яғни тікелей жеткізу бойынша отандық тауар өндірушілермен келісімшарттарға қол қою жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жататын 9 тауар түріне 180 сауда орнымен келісімшарт жасалды. Жыл басынан бүгінгі күнге дейін делдалдық схемасыз 2 898 тонна азық-түлік жеткізілді. Өңіріміздегі ірі сауда орындары шаруа қожалықтармен және жеке кәсіпкерлермен форвардтық келісімшарт жасасты. Барлығы 11 442,5 тоннаға 244 дүкенді қамтиды. Сондай-ақ әр аптаның сенбі күндері облыс орталығы Тараз қаласында және аудан орталықтарында арзандатылған ауылшаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Бұл ретте сауда үстемесін көтермеу туралы барлығы 1 290 меморандум жасалды. Одан бөлек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жататын көкөністер бойынша 2024 жылғы маусымаралық кезеңге барлығы 7 251 тонна көлемінде тұрақтандыру қорына форвардтық келісімшарт жасалды. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тапшылығын болдырмау мақсатында бірнеше тауар түріне форвардтық келісімшарт жасалды, – деген Аспандияр Мұраталыұлы Тараз қаласының аумағында 16 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Айтпақшы, жыл сайын қазіргідей тосап қайнату маусымы қызып тұрған шақта қант бағасының да бұлқынып шыға келетіні бар. 2022 жылы елімізде қант бағасы 86,6 пайызға өсіп, рекордтық деңгейге көтерілген еді. Биыл керісінше Қазақстанда қант бағасы төмендеп, «апам да аң-таң, мен де аң-таң» болып отырған жайымыз бар. «Қант бағасы 11 пайызға төмендеді. Жақында қант бағасы өседі деген болжам жоқ. Қант тапшылығы болмайды. Өткен жылы сондай жағдай туындап, жағымсыз тәжірибе болды. Биыл бұл қайталанбайды. Қазіргі уақытта төрт зауыт 70 мың тоннаға жуық қант өндірді. Біз Ресей Федерациясынан қант әкелінетінін көріп отырмыз, сондықтан жалпы нарықтағы жағдай қалыпты, тапшылық жоқ», деді жуырда елдегі қант тапшылығы мен бағасына қатысты пікір білдірген ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев. Егер қант бағасы түсіп жатса, себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Министр айтқандай, өткен жылғы жағдайдан сабақ алып, жүйелі жұмыс жүргізілгенінің нәтижесі екені анық. Иә, қалай десек те бүгінде елімізде азық-түлік бағасын бақылауға алуға және тұрақтандыруға баса көңіл бөлініп отыр. Осыған орай облысымызда да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта да азық-түлік бағасын бақылау және тұрақтандыру басты назарда қала бермек. Талғат НҰРХАНОВ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар