Байыпты бастаманың берері мол
Жуырда Жамбыл ауданының Аса ауылында жалғызбасты аналармен, әлеуметтік осал топ өкілдерімен және мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесу өтті.
«Phoenix» адам құқықтары жөніндегі қоғамдық бірлестік «Сіздің дауысыңыз маңызды» жобасы аясында «Бақытты ана – бақытты бала» жобасын іске асыруда. Басқосуға «Phoenix» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Балжан Абдуллаева, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Жамбыл аудандық филиалының директоры Нұрбол Қуанышбеков, Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің психолог маманы Ғалия Әбдісаттар және психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің маманы Ақмарал Әбдреймова қатысты.
Еуропалық одақтың қаржылық қолдауымен өткізілген «Азаматтық технологиялар» атты жиында жоғарыда аталған санаттағы азаматтарға қолайлы жағдай жасау жайы талқыланды. Сонымен қатар әзірленген жоба аясында мемлекеттік қызметтерді дұрыс алуды, сұраныстар мен өтініштерді толтыруды, күнделікті өмірде туындайтын мәселелер төңірегінде қатысушыларға әр сала мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түрлі сауалдар бойынша кеңес берді.
Жоба арқылы әйелдер мемлекеттік қызметтерді дұрыс алуды, сұрау салу мен өтініштерді рәсімдеуді, күнделікті өмірде шешім қабылдауға қатысуды кеңейтуді, бюджетті қалыптастыру мен қоғамдық өмір мәселелеріне қатысуды үйренеді. Бұл мемлекеттік жүйеге жақын болуды, азаматтық белсенді болуды үйретеді.
Айта кету керек, бұл жоба жалғызбасты аналарды қоғамдық өмірге бейімдеуге бағытталған.
Балжан АБДУЛЛАЕВА,
«Phoenix» қоғамдық бірлестігінің төрайымы
Келесі мақала