Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Батамен ел көгерер

Батамен ел көгерер
ашық дереккөз
Батамен ел көгерер
Бата – болашақ ұрпағынан зор үміт күтіп отырған халқымыз үшін өте маңызды. Біз өз ұрпағымызды білімді де тәрбиелі, өнегелі де ізетті, мейірімді әрі қайырымды етіп тәрбиелегіміз келсе, халықтық дәстүрге, оның ішінде ақ батаға ерекше мән беруіміз керек. Осы орайда «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ел көгереді» деген сөз тектен-тек айтылмаса керек. Сондықтан да дана халқымыз ежелден-ақ қадірлі қариялардан, атақты батыр, билерден, аузы дуалы, сөзі уәлі шешендер мен арқалы ақындардан бата алуға құштар болған. Бата арабтың «фатеке» деген сөзінің қазақша айтылу түрі. Оның мағынасы – алғыс айту, ақ ниет, тілек білдіру. Ақсақалдар үйде бір жақсылық бола қалған жағдайда немесе сойылатын малға бата жасап, балаларға құлақ үлестіреді. Бұның бір жағында үлкенді сыйлау жатса, екінші жағында «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» демекші, ізгі ықылас-игілікке деген тілектестік аңғарылады. «Батаның адам санасына әсер ететін үлкен күші бар. Халық бата жасалған жерде жақсылыққа сеніп, ынтымақ, береке болады деп ырымдайды. Жалпы батаның мазмұны қазақ қоғамында алғыс пен қарғысты да, тілек пен дұғаны да, ризашылық пен ренішті де қамтиды. Сол арқылы халықты бір нәрседен тыйып, бір нәрсеге бағыттап отыратын әмбебап ұғым. Ол тікелей батагөйлердің беделіне қарай халыққа әсер еткен. Батагөй қариялар ел арасындағы жақсы істің іске асуына рухани демеу болып, жаман істі құптамай, алдын алып, халыққа бағыт-бағдар беріп, тәрбиелеп отырған» дейді зерттеушілер. Бұл тұрғыда этнограф Серік Негимов «Бата – тәрбиенің бастауы» деп ой сабақтайды. Шынайы шеберлікпен өрілген бата берудің рәсімі де әртүрлі. Қазақ үйіне келген мейманға мал сойып, бата сұраған. Бата сөзде мейман үй иесінің, отбасының бәле-жаладан аман болуын тілейді. «Айдай жарқыра, Жұлдыздай жылтыра. Маңдайың ашық болсын, Дұшпаның қашық болсын!» деп, келген қонақ ризашылығын білдіріп, батасын берген. Сонымен қатар батада қазақтың тарихи салт-дәстүрі, танымдық ерекшеліктері, этикалық-адамгершілік келбеті, жанұя жарастығын сақтауы, ұрпағын тәрбиелеуге негізделген арман-аңсары көрініс тапқан. Ондағы ғибратты сөздер ұрпақты әділетті, салиқалы, көркем мінезді болуға тәрбиелейді. Қарынның емес, халықтың қамын ойлауға шақырады. Осындай құндылықты өскелең ұрпақ бойына сіңіру жолында кітапханашылар да аянып жатқан жоқ. Руханият ордаларында әртүрлі танымдық-тәрбиелік мәні зор шаралар ұйымдастырылып, библиографиялық шолулар жасалып отырады. Жұмыс барысында жиі пайдаланатын әдебиеттерді жинақтап, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім. Батаның ең көп тараған түрлері бала дүниеге келгенде, бесікке салғанда, жол жүргенде, қан майданға аттанғанда, келін түсіргенде, ас қайырғанда, қоныстойда, Ұлыстың ұлы күнінде, үлкендерге құрмет көрсеткенде айтылады. Соған қарай тілектер тізбегі алғыс айтқанда, игі бастамаларға, мерекеде, сапар-жорыққа, тойда, асқа берілетін бата болып бірнеше түрге бөлінеді. Ал адамшылыққа жатпайтын, жантүршігерлік қылық жасағандарға теріс бата берілген. Яғни бата белгілі бір кезде, белгілі бір адамға қарата айтылған. Мысалы, «Е, Құдайым, жарылқа, Жарылқасаң малды қыл, Біткен жұрттың алды қыл, Бұған қас қылғанның, Малын алып, зарлы қыл», деп Алладан отбасына ырыс-береке сұрай отырып, бәле-жаладан сақтауын тілеген. Қазақ үшін батаның қасиетті ұғым болғанына лиро-эпостық жырлар мен көркем шығармаларға арқау болған жастардың өмірі дәлел. Онда ата-анасының ақ батасын алмай қосылған екі жас мақсат-мұратына жете алмайды. Мысалы, «Қыз Жібек» жырындағы Төлеген әкесінен теріс бата алып, ғашығына қосыла алмай, дүниеден арманда өтеді. Сондықтан қазақ кез келген істі үлкендердің батасын алып бастайды. Енді серттесу батасы туралы сөз қозғасақ. Бұл бата құдалықта, ел арасындағы маңызды шараларда жасалады. Оны бұзу қарғыспен тең. Қазақ баталасуды елдіктің, тектіліктің, азаматтықтың белгісі деп білген. Этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметұлы баталасуға байланысты өз зерттеулерінде мынадай мысал келтірген: XVIII ғасырда Шақшақ қайтыс болғанда жас әйелі Сомалтынды жақын қайнысы Әйдеркеге қосады. Осы Сомалтының Шақшақтан туған жас баласы Есназар мен Әйдеркеден туған Жылқыайдар екеуі енелес. Екі бала бірге өсіп, ер жеткеннен кейін елдің басты адамдары жиналып, «Сомалтын қасиетті, өнегелі ана болды. Бұдан былай одан туған Есназар мен Жылқыайдар бір ананың баласы болғандықтан қанша ата өлсе де бір-бірінен қыз алыспасын, өмір бойы туыс болып саналсын» деп қол жайып, аруақ атын айтып, баталасыпты. Міне, сол бата арада 400 жылдай уақыт өтіп, арасы 12 атаға толса да әлі бұзылған жоқ. Сонымен қатар ата-бабамыз: «Уа, Құдайым, тілегімді қабыл ет, Иманымды кәміл ет. Тозақта жанған оттан сақта, Қаңғырып тиген оқтан сақта», деп сақтық батасын беріп, жаманшылықтың алдын алуға тырысқан. Сонымен қатар үлкендер ризашылық білдіргенде келіндерге: «Жасың ұзақ болсын, Күнің шуақ болсын, Басыңа бақыт қонсын, Үйіңе жақұт толсын, Балалы-шағалы бол, Ағалы-жағалы бол», деп ақ батасын берген. Қазақ баталарында этика, мораль, ар-ождан, ынтымақ, бірлік, молшылық, бақыт, қонақжайлылық, амандық-саулық мәселелері қозғалады. Мысалы, Ұлыстың ұлы күнінде: «Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын, Қайда барсаң жол болсын, Ұлыс бақты болсын, Төрт түлік ақты болсын, Ұлыс береке берсін, Бәле-жала жерге енсін!» деп, батагөйлер халыққа мереке батасын берген. Ал Қарасай батырдың: «Жақсы қыз – жағадағы құндыз, Жақсы ұл – көктегі жұлдыз. Жақсылап ұғып алыңдар! Батыр туса – ел ырысы, Жаңбыр жауса – жер ырысы, Көпке салса – дұрысы, Көнбесе – болар ұрысы. Алдымен еліңнің, Жеріңнің қамын ойлаңдар, Сөзіме терең бойлаңдар!» деп берген батасы күні бүгінге дейін жеткен. Қазіргі күні көп қолданыста жоқ бата түрлері де бар. Мысалы, сараң адамдарға сырбаз бата берген. Кейбір кездері сыйлы қонақтар келгенде мал соймайын десе, елдің сөзінен қорқып, қонақтың сөгіп кетуінен именіп, жаман лақ, қотыр тоқты әкеле салады. Сол кезде сараңдарға сырбаз бата берген екен. Сонда келген қонақ: «Мына тоқтың тоқ па өзі, Басқа малың жоқ па өзі? Мұны соймай малдансаң, Саулық болар көп-көрім, Мұны тағы қинама. Көме қатып қаймағын, Шайың болса, құй маған», деп ренішін білдіріп, шай ішкен соң кетуге қамданып отырғанын жеткізген. Сол сияқты әзіл бата құрбы-құрдасқа, дос-жаран, жезде-балдыздардың сый-құрметтеріне көңілі толмаған кезде әзіл-қалжың, сын-сықақ түрінде айтылған. Әзіл батаны Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» кітабынан оқуға болады. Қазақ қоғамында бата көбінесе астан кейін табақты жинап алудың алдында атқарылатын ғұрып ретінде қалыптасқан. Ақсақал бата бергенде шаңырақтағы жастар, кейде тіпті жасы үлкендер қол жайып, түрегеліп тұрады. Бұл үрдіс Қазақстанның оңтүстік пен батыс өңірлерінде сақталған. Әдебиеттанушы Тоқтар Әлібек аузы дуалы батагөйлер кез келген адамға батасын бермеген дейді. – Адам бойында батаға деген үлкен сенім қалыптасқан. Яғни ақ бата алған адамның жолы ашық болса, теріс бата алған адам қарғысқа ұшырайды деген. Өйткені батаны естіген адамның көңілінде қалған ой, ұялаған сенім оның болашақтағы қадамдарын анықтап береді. Мысалы, батырлар жекпе-жекке шығар алдында міндетті түрде үлкендерден бата алған. Батаға деген сенім оларға күш-қуат берген. Десек те аузы дуалы қариялар да кез келген адамға батасын бере бермеген. Мысалы, Жамбыл Сүйінбайдың батасын алу үшін біраз тер төккен. Ал Сүйінбай Қабан жыраудан әзер алған. Өйткені өнер жолындағы адамдар ізбасарлары көңілінен шыққан кезде ғана батасын берген. Яғни бірі жүрек жұтқан жауынгер, бірі жолаушы, бірі танымал ақын болса да батадан аттап кете алмаған. Ал халық оларды сол кезде ғана мойындаған. Ал әйел адамның бата беруі – салтты бұзу болып табылады. Әйел адам тек ақ тілегін айтқан, – дейді Т.Әлібек. Расында да ақ батаны кез келген адам бермеген. Сондай-ақ бата тойдағы тілектен айтарлықтай өзгеше болып келеді. Кімге қаратып айтылатынына қатысты да мәтіні өзгеріп отырады. Батаны көпті көрген қариялар ғана береді. Ер адам отырған жерде әйел бата жасамайды. Халық арасында ғасырлар бойы сақталып келе жатқан баталар бар. Мысалы, Төле бидің Қойгелді биге берген батасы, анасының Райымбек батырға берген батасы, Шәукеннің Бөлтірік шешенге берген батасы, Соқыр Абыздың Жәнібек батырға, Қарасай батырдың балаларына, Кененнің келіндеріне, Бауыржан Момышұлының берген баталарын халық жаттап алған. Бата оқылған кезде үлкен-кіші әр сөзін ықыласпен тыңдайды. Ескірмеген салттың бірі – бата беру. Қазақ бала кезінен ұрпағын үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, тек ақ батасын алуға тәрбиелеген. Өйткені батаның адам өміріне тигізер әсері зор болғаны тарихтан белгілі. Сенімге негізделген батада айтылған әрбір сөздің қабыл болатынына халық ешқашан күмән келтірмеген. Десек те осы күні кейбір үлкен кісілер жаттап алып айтады. Ол дұрыс емес деп ойлаймын. Қанша адамды аузына қаратып, алақан жайып тұрған халыққа шынайы жүрегінен шыққан сөзін арнауы керек. Ал жаттап алған бата біреудің батасы болып есептеледі. Әрине, батагөйлердің барлығы ақын емес. Сондықтан қарапайым тілмен айтып жеткізсе жеткілікті. Батаның маңыздылығы оның рухани күшінде. Айнаш Тасмағамбетова, М.Шолохов атындағы кітапхана филиалының меңгерушісі
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар