Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МӘДЕНИ НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

МӘДЕНИ НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ
ашық дереккөз
МӘДЕНИ НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ
«Мәдениеті өскен ел – өркениетке көшкен ел». Мәдениет – халықтың ең үлкен қазынасының бірі, ұлттың рухани болмысы әрі салт-дәстүрлерінің сан ғасырлық жиынтығы. Әр өңірдің рухани дамуы мәдениет саласымен тығыз байланысты. Біздің облыста да бұл бағытта едәуір жұмыс атқарылған. Жыл санап салаға бөлінген қаржы көлемі артып, тек облыс орталығында ғана емес, шалғай елді мекендерде де мәдениет ошақтары жаңадан бой көтеруде. Мәдениет ошақтарының ауыл, қаланың шырайын келтіріп, халықтың береке-бірлігін арттырып, ұлттық өнерімізді дәріптеп, талантты өнерпаздардың қанатын қатайтуда маңызы зор. 2021-2025 жылдар аралығында облыс бойынша елді мекендерді мәдениет нысандарымен қамту және олардың халыққа қызмет көрсету деңгейін арттыру картасына сәйкес өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында – 3, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 1 мәдениет нысанының құрылысы жүргізіліп, халық игілігіне пайдалануға берілген. Атап айтқанда, өнерге қанат қаққан жастардың талабын шыңдап, түрлі мерекелерде халыққа рухани азық сыйлау мақсатында Жамбыл ауданы, Өрнек ауылында 140 орындық мәдениет үйі, Жуалы ауданы, Нұрлыкент ауылында 180 орындық мәдениет үйі, Қордай ауданы, Жамбыл ауылында 90 орындық ауылдық клуб, Қордай ауданы, Отар ауылында 180 орындық мәдениет үйі лентасын қиды. Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, былтыр 39 нысанның күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, көрсетілген индикатор толық орындалған. Жалпы сомасы 705 миллион 800 мың теңге болатын 8 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 5 мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өткен. Биылғы жылы «Аманат» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы мен «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы аясында көзделген көрсеткіштерге сәйкес 3 мәдениет үйі мен 1 мемлекеттік архив мекемесінің құрылысы жүргізіліп, халық игілігіне беріледі деп күтілуде. Атап айтқанда, Меркі ауданы, Ойтал ауылында 180 орындық мәдениет үйі және Қордай ауданында мемлекеттік архивтің құрылысы басталған. Сонымен бірге Шу ауданы, Абай ауылында 100 орындық мәдениет үйі мен Д.Қонаев ауылында 180 орындық ауылдық мәдениет үйінің құрылысы аяқталуға жақын. Құрылысы өткен жылы басталған Шу ауданының Д.Қонаев ауылындағы 180 орындық ауылдық мәдениет үйінің құрылысы 80 пайызға орындалып, ағымдағы жылдың маусым айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Аталған мәдениет үйінде жасөспірімдерге арналған би, домбыра, вокал, көркемсөз балалар үйірмелері қызмет көрсетпек. Сонымен бірге 17 тұрақты жұмыс орны ашылатынын айтады облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ілесбек Амалов. – Бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдарды тұрақты дамыту, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту бағытында жұмыс жүргізу өзекті мәселеге айналды. Осы негізде ауылдардағы мәдениет саласының дамуы бойынша әлі де жұмыс жүргізу қажеттілігі бар екендігі жасырын емес. Мәселен, Шу ауданында 5 960 халқы бар Д.Қонаев ауылында өкінішке қарай осы уақытқа дейін мәдениет үйі ауыл әкімшілігінде 1 штаттық бірлікпен ыңғайластырылып отырды. Ал бұл деңгей ауыл халқы үшін аздық ететіндігі рас. Сол себепті, бұл мәселенің шешімі ретінде аталған ауылда 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталып, қазіргі таңда құрылыс жұмысы 80 пайызға орындалды. Ағымдағы жылдың маусым айында мәдениет үйін пайдалануға беру жоспарлануда, – дейді Ілесбек Амалов. Қордай ауданында да мемлекеттік архивтің заманауи үлгіде жасақталған типтік ғимаратының техникалық құжаттары тиісті органдар тарапынан сарапталып, облыстық қазынадан қаржы бөлініп, жаңа нысанның іргетасы қалануда. Биыл облыс бойынша 32 нысанның күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда Қордай ауданындағы Еңбек, Сұлутөр ауылдық мәдениет үйлері, Мойынқұм ауданындағы Биназар, Мыңарал ауылдық мәдениет үйлерінің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, 2023-2025 жылдар аралығында өңірде мәдениет нысандарымен қамту бойынша 22 мәдениет үйінің құрылысы жоспарлануда.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар