Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ӘКЕММЕН БІР ҰЖЫМДА ЖҰМЫС ІСТЕУІМ – МЕН ҮШІН ҮЛКЕН ТӘЖІРИБЕ»

«ӘКЕММЕН БІР ҰЖЫМДА ЖҰМЫС ІСТЕУІМ – МЕН ҮШІН ҮЛКЕН ТӘЖІРИБЕ»
ашық дереккөз
«ӘКЕММЕН БІР ҰЖЫМДА ЖҰМЫС ІСТЕУІМ – МЕН ҮШІН ҮЛКЕН ТӘЖІРИБЕ»
Газетіміздің бүгінгі санында Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актері, «Әулиеата үміті – 2021» жастар сыйлығының иегері Жорабек Төлегенмен сұхбаттасудың сәті түсті. – Жорабек, алдымен газет оқырмандарына өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Қай жердің тумасысыз, театрға қалай келдіңіз? – 1997 жылы Тараз қаласында дүниеге келгенмін. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде білім алып, 2019 жылы мамандығым бойынша театрға актер болып жұмысқа қабылдандым. Театрда қызмет істеп жүргеніме үш жыл болды. Әкем Ахмет Әнапия да театрдың актері. «Әкемнің жолын қусам, жетпеген жетістіктеріне жетсем» деген арман актерлік мамандыққа алып келді. Мамандығымды жақсы көремін. Театрға келгелі бірнеше басты рөлді сомдадым. «Қара шекпен» спектаклінде Тұзар, ақын-драматург Иран-Ғайып ағамыз жазған «Жамбылдың қызыл жолбарысы» спектаклінде жас Жамбылдың рөлін ойнадым. Бүгінге дейін біраз жетістікке жеттім, марапаттарға ие болдым. Өткен жылы «Әулиеата үміті» жастар сыйлығының иегері атандым. – Кей өнер адамдары перзенттерінің өзінің жолын қуғанын, өнер адамы болғанын қаламайды. Сіздің әкеңіз қарсы болмады ма? – Әкем мүлде қарсы болмады. Біздің әулетте әкем ғана емес, басқа да аға-әпкелерім актерлік мамандықтың тізгінін ұстаған. Қайта әкем қолдап, жігер беріп отырады. Әкем екеуміздің бір ұжымда жұмыс істеп жатқанымыздың өзі мен үшін үлкен тәжірибе.  width= – Алдағы уақытта фильмге түсуге ұсыныс түсіп жатса, қарсы емес шығарсыз? – Иә, өзімнің ойымдағыдай картина, бағымды ашатын, өзімді жан-жақты көрсететін фильмдер болса, неге түспеске?! Бірақ маған театр актері болған ұнайды. – Көбіне актерлер уақыт өте келе режиссура саласына кетіп жатады. Өзіңіз театрдың басқа саласында бағыңызды сынағыңыз келмей ме? – Жоқ, басқа саласына ауысып, өзіме үлкен жауапкершілік алғым келмейді. Мүмкін 10-15 жылдан кейін қолдан келіп жатса, көрерміз. – Осы уақытқа дейін бірнеше рөлді сомдадыңыз.Қайсысы сіздің актерлік қырыңызды ашты немесе кәсібилігіңізді шыңдады? – Алғашқы ойнаған басты рөлім – «Қара шекпен» қойылымындағы Тұзар бейнесі. Қойылымды Кенен Ақүрпеков ағамыз сахналады. Кенен ағамыздың арқасында пістім, кәсіби тұрғыдан жетіле түстім. Содан бастап басты рөлдерді ойнауға жолым ашыла бастады. Тұзардың образы – ақжолтай болды. Сондықтан алғашқы рөлім болған соң жаныма жақын. Жамбылдың жастық шағын ойнағаныма да өкінбеймін. Осы рөл арқылы көпшіліктің көзіне түстім. Жақында жаңа спектакльдің премьерасы болады. Мен онда басты кейіпкердің бірі Ерболдың рөлін сомдадым. Осы сәтті пайдаланып, газет оқырмандарын, замандастарымды спектакльге шақырамын. Өкінбейсіздер дегім келеді. – Актер ретінде нені армандайсыз? «Осы рөлді сомдасам, бірақ әлі кәсіби өсуім керек, тәжірибемді толықтыруым керек» дегендей рөл бар ма? – Шынымды айтсам, бұл туралы бұған дейін ойламаппын. Бірақ ойнайтын рөлдерім бір сарында болып кетпесе екен деймін. Мәселен, бірде қорқақтың, келесі де батырды, бірде сұмның, бірде қудың, бірде адал адамның рөлін алып шыққым келеді. Бірақ бір нәрсенің соңынан қуып, уақытымды өткізетіндердің қатарынан емеспін. Бұйырған рөлді абыроймен ойнап шығуға бар күшімді саламын. – Осы тұста өзіңіздің ұстаздарыңыз жайлы сұрағым келіп отыр... – Ұстаздарымның бірі, театрымыздың ардагері – Асқарбек Сейілхан. Ол кісі маған оқу орнында да сабақ берді. Сонымен бірге Сәуле Адибаева, Айгүл Қабиқызы деген кісілердің маған үйретері көп болды. Ол кісілерді өзіме ұстаз тұтамын, алғыс айтамын. – Бүгінде театрдың аудиториясы жасарған сияқты. Өзіңіз де жассыз. Құрбы-құрдастарыңыздың театр жөнінде қандай ұсыныстары бар? – Мәдениет, өнер дамыған сайын жастардың да көзқарасы өзгеріп, театрға деген қызығушылықтары артуда. Билеттерге сұраныстар көбейіп жатыр, әлеуметтік желідегі парақшаларымызға ұсыныс-тілектерін жолдап, пікір білдірушілер саны да артуда. Олардың сұранысын барынша қанағаттандыруға тырысып жатырмыз. Жас болған соң олар заманауи тақырыптарды қозғауымызды, комедия жанрындағы қойылымдарды жиі қоюымызды сұрап жатады. – Егер сізді үлкен қалаларға театрларға шақырса барар ма едіңіз? – Шақырып жатса көрерміз. Бірақ қазіргі кезде өз театрымда өнер көрсеткім келеді. – Сахнаның киесі бар. Қандай өнер адамы болмасын қасиетті сахнаға шығар алдында қобалжуы мүмкін. Сіз сахна алдындағы қобалжуды қалай басасыз? – Дұрыс айтасыз, кез келген өнер адамы бұл құбылысты басынан кешетіні заңдылық. Мен сахнаға шығып, бірінші сөзді айтқан кезде қобалжуым бірден басылады. Өз-өзімді тез қолға алуға тырысамын. Бұл енді менде ғана солай болуы мүмкін шығар. Басқаларды білмедім. – Дәстүрлі сұрағымыз, алдағы жоспарыңыз қандай? – Мақсат көп болашаққа. Актер болған соң, көптеген басты рөлдерді ойнағым келеді. Және өзіміздің Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының беделді актерлерінің біріне айналсам деймін.

– Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

 
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар