Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЕРЛІГІМЕН ЕСТЕ ҚАЛҒАНДАР

ЕРЛІГІМЕН  ЕСТЕ ҚАЛҒАНДАР
ашық дереккөз
ЕРЛІГІМЕН ЕСТЕ ҚАЛҒАНДАР
Жалындаған қызыл оттың ішінде жанын қиған өртсөндірушілер туралы ойлағанда жаның күйзелмей тұра алмайды. Әрине, от жауынгерлеріне деген құрмет ешқашан кемімейтіні анық. Ардың туын жықпаған Арнұр Деректерге сүйенсек, еліміздің тарихында соңғы онжылдықта өрт оқиғалары жиілеген. Әсіресе бізге ең ауыр тигенінің бірі – 2021 жылдың 26 тамызында Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасының жарылуы. Өкінішке қарай, жарылыстың зардабын тартып, ажалдарын оттан тапқан оғландар аз емес. Бейбіт күннің батырларының бірі – Тараз қаласындағы №3 өрт сөндіру бөлімінің өртсөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Арнұр Темірболатов. Арнұр 2016 жылдың желтоқсан айынан бастап азаматтық қорғау органдарында қызмет атқарған. Өз кәсібінің нағыз маманына айналып, жандүниесімен беріле қызмет жасаған Арнұр жұмыстан бөлек, барлық спорттық іс-шараларға белсенді қатысып, әріптестері арасында өте сыйлы азамат болған. Елгезектігімен, кішіпейілділігімен ерекшеленіп, қызмет атқарған жылдары көптеген іс-шаралардың бел ортасынан табылып, адам өмірі мен азаматтардың мүлкінің дін аман сақталуына үлкен үлес қосқан. А.Темірболатов қызметте жүрген күндердің бірінде, нақтысын айтсақ, 2018 жылдың 1 мамырында сағат 09:12-де Жамбыл ауданының Түрксіб ауылындағы К.Асабаев көшесіндегі тұрғын үйдің бірінде өрт орын алғандығы жөнінде хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына Тараз қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің күштері шұғыл жетеді. От жауынгерлерімен барлау жұмыстарын жүргізген Арнұр жанып жатқан үйдің есігін бұзып кіріп, қою түтін мен бет шарпитын қызыл жалынның арасынан кәмелет жасына толмаған 2 бала мен 1 әйел кісіні сыртқа алып шығып, алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсетеді. Осылайша кәсіби шеберлігі мен қызметтік міндетін жоғары деңгейде атқара білгенінің нәтижесінде бірнеше адам ажалдан арашаланып, басқа тұрғындардың денсаулығына зақым келмей, дер кезінде өрт сөндіріледі. Тағы бірде, 2020 жылдың 17 наурызында сағат 12:30-да шұғыл қызмет нөміріне шаруашылық нысандарының өртенгендігі жөнінде хабарлама келіп түскен. Диспетчер оқиға орнына тиісті күштер мен құралдарды шұғыл жөнелтеді. Өртке қарсы қызмет гарнизонының шығу кестесіне сәйкес 4 техника мен 23 адамнан тұратын жеке құрам оқиға орнына жетіп, іске кіріседі. Кезекші қарауылдың кәсіби іс-қимылдарының арқасында өртті қысқа мерзімде жоюға және жақын маңдағы құрылыстарға таралуына жол бермеуге барын салған өртсөндірушілер кезекті рет қызыл жалынды ауыздықтайды. Осылайша біліктілігімен есте қалған марқұм «Ер елі үшін туады, елі үшін өледі» демекші, антына адал от жауынгері ретінде Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде арамыздан бақилыққа кете барды. Жай кеткен жоқ, бірнеше елді мекенді, ондағы сан мыңдаған адамның өмірін сақтап қалу жолында тілсіз жаумен арпалыста өмірін қиды. Арнұр секілді бейбіт күннің батырлары ел есінен кетпек емес. Қайсарлығымен есте қалған Әділет Өрт – тілсіз жау. Ал өртсөндіруші – адамның өз өмірі мен денсаулығына кез келген уақытта қауіп төнуі ықтимал аса бір күрделі мамандық. Сондықтан салада қызмет атқаратын мамандар өзгелерге қарағанда батылдық, ержүректілік және жауапкершілікті толық сезінеді. Сондай-ақ өртсөндірушілерді басқаларға қарағанда батыр, шапшаң, ат сүрінгенше ақыл табатын жандар деп бағалауға болады. Сондықтан от жауынгерлері қауіп-қатердің кез келген түріне кез келген уақытта дайын болуы шарт. Келесі кейіпкеріміз Әділет Әділбек те сондай батыл қадамдарды жасаудан тайсалмаған қаһарман жігіт еді. Әділет Қанатбекұлы саладағы жұмысын 2015 жылдың тамыз айында бастаған. Байзақ ауданындағы апатта ерлікпен қаза тапқан Тараз қалалық №4 өрт сөндіру бөлімінің өртсөндірушісі, азаматтық қорғау кіші сержанты еңбек жолында өзін қызметтік міндеттерін сапалы орындай білетін сауатты маман ретінде көрсете білген жан. Әділет Қанатбекұлының батылдығын айғақтай түсетін өрттің бірі 2015 жылдың 1 шілдесінде Тараз қаласындағы резеңке дөңгелектер жинайтын қоймада болады. Хабарлама түскен бойда оқиға орнына қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің күштері мен құралдары шұғыл жөнелтіледі. Бөлімшелер шақырту орнына келгеннен кейін жалпы ауданы 250 шаршы метр болатын қойма қызыл жалынға оранғандығы анықталған. Сондай-ақ өрттің көршілес орналасқан өзге нысандарға жайылу қаупі бар екені белгілі болады. Ал салдары адам өміріне қауіп төндіруі немесе жарақаттануына әкеп соғуы мүмкін еді. Сонда газ-түтіннен қорғау қызметі құрамының қатарында болған Әділет Әділбек бет шарпитын қызыл жалын мен көзді ашытып, қолқаны қабатын қою қара түтінге қарамастан су оқпандарын қолданып, өрттің дер кезінде сөндірілуіне үлес қосады. Өртсөндірушілердің батыл және жедел әрекеттерінің арқасында өртке жақын маңдағы қойма бөлмелері мен өндірістік аймақтың шаруашылық объектілеріне тілсіз жаудың таралуына жол берілмейді. Сонымен қатар 2020 жылдың 25 шілдесінде Тараз қаласының Әбдібаев көшесіндегі екі қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтердің өртенгені туралы хабарлама өртсөндірушілерді аяғынан тік тұрғызады. Сол күні кезекшілікке түскен Әділет жеке құраммен бірге оқиға орнына жедел жетеді. Шақыру орнына келген соң өрттің бүкіл пәтер ішіне жайылғаны анықталады. Осыған қарамастан, Ә.Әділбек әріптестерімен бірге жанып жатқан пәтерге батылдықпен кіріп, адамдарды іздеу жұмыстарына кіріседі. Бір қуаныштысы, дәл сол кезде пәтерде адам болмаған. Дегенмен Әділет секілді қайратты әрі епті, бойында жастық күші тасыған өртсөндірушілердің сауатты және жедел іс-әрекетінің арқасында жақын орналасқан пәтерлерге өрттің жайылу қаупі сейіледі. Осы секілді Әділеттің жасаған ерліктері мен батылдықтары көп. Марқұмның қаһармандық рухы жастарға үлгі. Бірақ амал қанша, ел үшін туған есіл ердің соңғы деміне Байзақтағы өрт себепші болады. Мамандығына, Отан алдындағы антына адал болған Әділет қайсар жан ретінде жүректерде сақталары сөзсіз. Тәлімі бөлек Тәңірберген Байзақ ауданындағы жойқын жарылыстың құрбанына айналған тағы бір керемет жан – Тараз қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өртсөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Тәңірберген Төребеков болатын. Тәңірберген өрт сөндіру ісінің нағыз маманы ғана емес, әріптестері үшін де керемет дос бола білген жан. Көптеген жас жігіттердің тәлімгері болып, кәсіби өртсөндірушілердің үлкен бір буынын тәрбиелеуге айтарлықтай үлес қосқан. Әріптестерінің Тәңірбергенді еркелетіп «Толик тәте» немесе «Толик аға» деп атап кетуінің де сыры осында жатыр. Бүгінде әріптестері Толик ағаларын «Әрқашан қиын кезеңдердің барлығында алдыңғы қатардан табылатын. Өз жұмысын жанындай сүйетін еді. Батырға тән аңғалдығы өзіне жарасып-ақ тұратын. Ешкімнің көңілін қалдырмай, барлығына бірдей көмегін тигізуге асығатын адал жан еді» деп еске алады. Айтса айтқандай-ақ, Тәңірберген Төребеков жұмыс барысында талай мәрте ерлігі мен батырлығын көрсетіп үлгерген. Мысалы, 2018 жылдың 11 мамырында жедел желі телефонына Тараз қаласының Төле би көшесінде болған 9 қабатты үйдегі өрт туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 2 бөлімшесі және бір АЛ-32 автосатысы жөнелтіледі. Сол күні Тәңірберген Төребеков те кезекшілікте болатын. Оқиға орнына жеткен от жауынгерлері шұғыл жүргізілген барлау жұмыстарынан төртінші қабаттағы қоймада өрт орын алғанын анықтайды. Өртсөндіруші-құтқарушылардың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып атқарған үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында автосаты көмегімен жоғарғы қабаттардан 3 адам (2 бала) құтқарылады. 38 адамды (12 бала) қауіпсіз орынға көшірген. Жалпы өртті сөндіруге жеке құрамнан 11 адам және 4 техника жұмылдырылып, «1Б» оқпаны қолданылған және газ-түтіннен қорғау қызметінің де 1 буыны ұйымдастырылған болатын. Көп ұзамай оқиға орнына өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметі мен жедел жәрдем қызметкерлері де келіп жетеді. Жедел жәрдем қызметкерлері 4 азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, хал-ахуалдарын қанағаттанарлық деп бағалап, зардап шеккендерді үйлеріне жібереді. Өрт аумағы 5 шаршы метрді құраған. Әрине, Тәңірбергеннің ерлігі мұнымен шектеліп қалған жоқ. 2019 жылы Тараз қаласының «Мыңбұлақ» ықшамауданындағы №62 үйде жарылыс болады. Оқиға орнына Тараз қаласының гарнизонының шығу кестесіне сәйкес жоғары шақырту бойынша (№2 рангалы) тиісті күштер мен құралдар жөнелтіледі. Сол күні кезекшілікте болған аға өртсөндіруші-құтқарушы Т.Төребеков жеке құраммен бірге оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен. Күрделі жағдайды және тәуліктің қараңғы уақытын, сондай-ақ нысанның беріктігін ескере келе, Тәңірберген әріптестерімен бірге авариялық-құтқару және іздестіру жұмыстарына кірісіп кетеді. Осылайша білікті және дұрыс жүргізілген әрекеттердің нәтижесінде апат орын алған үйдің үш тұрғыны құтқарылып, медицина қызметінің қызметкерлеріне тапсырылып, 135 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Міне, мұның бәрі де Тәңірбергеннің өз ісінің маманы екендігін айқындап береді. Тағдырға не шара?! Тәңірберген Төребеков те Байзақтағы өрт кезінде ерлікпен көз жұмады. Марқұм артында қалған 3 ұлы мен әріптестері үшін ғана емес, елі үшін қаһарман болып қала бермек. Арманшыл жас Әліби Кейбір адамдар 40, мүмкін 60 жасында қандай да бір ерлік істеп жатады. Ал енді кейбіреулер небәрі 20-25 жасында артына із қалдырып үлгереді. Келесі кейіпкеріміз – жарылыс кезінде қаза тапқан Әліби Бексұлтанұлын кейінгі қатарға жатқызуға болады. Әліби азаматтық қорғау қызметіне жұмысқа орналасқанына небәрі 5 ай ғана болғанда қаза тапты. Әліби туралы көп естелік те айту қиын. Өйткені өрімдей жас еді. Қыршын кеткен жас туралы Тараз қалалық №4 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Асхат Кабираевтан сұрағанымызда бір сәт үнсіз қалып, басын шайқап, үлкен өкінішпен: «Әліби ортамызға жаңадан ғана қосылған, жұмысына сондай тындырымды жігіт еді. 5 айдың ішінде тек жақсы қырынан көрініп, өзін салмақты ұстап, басшылық тарапынан берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындайтын, жауапкершілігі өте жоғары азамат болатын» деп, жас толы жанарын сүртіп еске алды. Өзге әріптестерінен де Әліби туралы сұрай қалсаңыз: «Өзге жігіттер секілді емес, әрдайым тапсырған істі бүге-шігесіне дейін орындайтын және алдына үлкен мақсат қойған адам екені бір көргеннен-ақ аңғарылатын еді» дейді. Амал қанша, қызметке жаңадан орналасқан Әліби өзге әріптестері секілді «отау құрып, өз қолым өзіме жеткен соң ата-анама көмектессем» деген асқақ арманымен небәрі 21 жасында жалған өмірден бақилық өмірге кете барды. Дегенмен Әліби өмірден жай ғана өте шыққан жоқ, өзі секілді қызметке жаңадан орналасқан әріптестеріне үлгі болып кетті. Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан жас батыр елі үшін, Отаны үшін антына адал ұлан ретінде тарихта қалары сөзсіз. Сергектігі бір бөлек Сергей Ажал адамның атағына, әлеуметтік мәртебесіне қарамайды. Тіпті қызметі мен шеніне де. Сондықтан да өлім біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Ал біреудің ажалы оттан болса, енді біреудікі судан болып жатады. Бұл жолы біздің жазып, еске алып отырған бес кейіпкеріміз де Байзақтағы жарылыс кезінде қаза тапқан асыл ерлер. Біз ерлік жасаған адамды ұлтына, жынысына қарамай бағалайтын халықпыз. Отан алдындағы борышын адал атқарған жандардың барлығы да ерен ерлер болып саналады. Солардың бірі – біздің Сергей Заикин. Сергей қайғылы оқиғаға дейін Тараз қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып жұмыс істеген. Сергей Владимирович Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасында 9 жыл қызмет атқарған аса тәжірибелі маман. Сергей Жамбыл ауданында инженер болып істеп жүрген жерінен 2019 жылдың қараша айында Тараз қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің инженері лауазымына ауыстырылады. Ал 2021 жылдың сәуір айында Тараз қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы лауазымына тағайындалған болатын. Әріптестері Сергей туралы айта қалса, «өте жарқын жүзді, мейірімді, сабырлы және жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын жан болатын» деп еске алады. Сергей төтенше жағдайлар басқармасында жұмыс атқарғандығына қарамастан, өрт сөндіру қызметіне де жылдам үйренісіп кетеді. Қысқа мерзімде жаңа ұжымға қосылып, пікірлес адамдар тауып, әріптестерімен бірге бірнеше өртті жоюға қатысады. Талай мәрте өзін жан-жақты және жоғары интеллектуалды адам ретінде таныта білген. Көптеген өрттерді жою және авариялық-құтқару жұмыстары барысында күштер мен құралдарды сауатты басқаруымен ерекшеленеді. Өкінішке қарай, 2021 жылдың 26 тамызы Сергей үшін де соңғы кезекшілігі болып шықты. Батырдың соңында жұбайы, он төрт жасар ұлы қалады. Ол бейбіт күнде туындаған апаттан халық зардап шекпесін деп өз өмірін қиды. Антына адал Сергей секілді азаматтар өртсөндірушілердің жүрегінде мәңгілік сақталары сөзсіз! Шапағат Әбдір
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар