Ел қамын жеген еріктілер
Бүгінде жастар – еліміздің дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан алып күш. Оларға қоғам, мемлекет тарапынан барлық қолдау түрі көрсетіліп, үлкен сенім артылуда. Оны Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы республикалық Волонтерлер фронт-офисінің ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінен де аңғаруға болады. Мемлекет басшысы сол кезде: «Волонтерлік – мемлекет пен қоғам ілгерілеуінің жарқын көрінісі. Елдің дамуы мен жетістігі халықтың патриоттық белсенді әрекетіне тікелей байланысты. Олар күн сайын маңызды қызмет етеді. Мұндай азаматтар бізде аз емес. 16 мың адам – бастапқы меже. Келешекте жүз мыңдаған, миллиондаған адам жан-тәнімен, ерікті түрде волонтерлікпен айналысатынына сенімдімін. Мемлекеттің, атқарушы биліктің және Парламент депутаттарының міндеті – волонтерлік қозғалысқа атсалысуға мүмкіндік беру.
Волонтерлік қызмет реформаларды жүзеге асыруда, жалпы мемлекетімізді жаңғыртуда маңызды рөл атқарады. Яғни волонтерлер өздерінің іс-әрекетімен аса маңызды реформаларды жүзеге асыруға нақты үлес қосады. Еңбекқорлық, әлемге ашықтық арқылы озық технологияға және жоғары еңбек өнімділігіне негізделген жаңа экономика құра аламыз. Волонтерлік идеясын белсенді ілгерілету отандастарымыздың ой-санасының жаңа парадигмасын жаңғыртуға ықпал етеді», деп, еріктілерге үлкен сенім артатынын жеткізген еді.
Президент айтқандай, волонтерлердің талай іске бастамашы болып, талай істі тындыра алатынын біз өңірдегі еріктілердің атқарып жатқан жұмысынан да аңғара аламыз. Мәселен, облыс аумағында құрамында 13 мыңнан аса мүшесі бар 13 ұйым еріктілікпен айналыcады екен. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында – 36, Тараз қаласы мен барлық аудандық жастар ресурстық орталықтары жанынан ашылған 11 волонтерлік топ ел үшін ақысыз еңбек етуде. Сонымен қатар облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы жанынан «Қамқор» еріктілер тобы құрылған. Аталған басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында Тараз қаласының «Мыңбұлақ» ықшамауданындағы №9 үй мекенжайында «Қамқор» әлеуметтік дүкені ашылып, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға қайырымдылық ретінде киім-кешектер, тұрмыстық заттар тегін берілуде.
Осы жылы волонтерлік жұмысты жандандыру мақсатында облыс бойынша 12 бағытты қамтыған 973 іс-шара өткізіліп, ол бойынша 13 978 жас қамтылыпты. Оның ішінде волонтерлік қозғалыстың «Аяла» бағыты бойынша 226 өренді қамтыған 13 іс-шара өткен. «Асыл мұра» бағыты бойынша өткен 62 іс-шара 904 адамды қамтыған. Сол секілді қалған жастарды «Білім», «Қамқор», «Саулық», «Сабақтастық», «Таза әлем», «Үміт», «Медиа-волонтерлік», «Мәдениет саласындағы волонтерлік» бағыты бойынша өткізілген іс-шаралар қамтыған.
– Волонтер болу – қайырымдылықтың бір қанаты. Ерікті болу – ерлікпен тең. Волонтерлік бізге сырттан келген түсінік емес. Ол қазақтың қанында бар. Ертеден халқымыз жетімін жылатпаған, жесірді қаңғытпаған. Асарлатып үй салған. Біреуге көмек керек болса, қол ұшын созған. Сондықтан волонтерлік бізге әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған. Өзге де әлеуметтік волонтерлік бағыт бойынша 1 963 адамды қамтыған 175 іс-шара өтті. Өткен жылы жалпы саны 1 361 шара өткізіліп, онда 17 542 адам қамтылған болатын. Соның ішінде волонтерлердің атсалысуымен халықтың әлеуметтік осал топтарына, көпбалалы және толық емес отбасыларға, сондай-ақ балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қолдау қөрсету, оларға қамқорлық таныту мақсатында осы жылы «Қамқор» бағыты аясында 2 406 адамды қамтыған 196 іс-шара өткізілді.
Облыс волонтерлері республикалық байқауларға қатысып, 2020 жылы 6 грант, 2021 жылы 7 грант ұтып алды. Былтыр басқармаға қарасты облыстық жастар ресурстық орталығында жастардың бастамаларын қолдау бөлімі ашылды. Бөлімнің мұрындық болуымен өткен жылы 28 жас «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» шағын гранттарының иегерлері атанды, – дейді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар.
Осы жылдың 8 айында 15 жас грант жеңімпазы атанған. Балаларды қорғау күніне орай аталған басқарманың қолдауымен, «Қамқор» еріктілер ұйымының ұйымдастыруымен «Үміт» мамандандырылған балалар үйінде «Бар мейіріміміз балаларға» атты кішкентай бүлдіршіндерге арналған қайырымдылық іс-шарасы өтіпті. Аталған игі іс аясында кішкентай бүлдіршіндерге сахналанған көрініс, көңілді әндер мен билер көрсетіліп, түрлі тәттілер мен ойыншықтар таратылған.
Сондай-ақ облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті жанынан «Еріктілер кеңесі» құрылған болатын. Осы «Еріктілер кеңесі» құрамына кірген ерікті жас мемлекеттік қызметшілер 16 тамыз күні «Үміт» мамандандырылған балалар үйіне тәттілер апарып, бүлдіршіндердің көңілін аулаған. Сонымен қатар облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы «Мектепке жол!» республикалық қайырымдылық акциясы аясында аз қамтылған, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыға жәрдемдесу мақсатында мектеп жасындағы үш балаға көмек көрсеткен екен. Акция барысында басқарма басшысы мектеп формасы, сөмке және мектепке қажетті оқу құралдарын табыстапты.
Түйіндей келе айтарымыз, ерікті – «барып кел, шауып келдің» ісімен жүретін адам емес. Ол қазір өз іс-әрекеттері арқылы қоғамның дамуына, адамға зияткерлік, эмоционалдық, құндылық ретінде қосатын үлесі бар тұлға.
Алғашында еріктілер жай ғана тегін жұмыс күші ретінде қарастырылғаны рас. Қазір олар кез келген істі атқара алады. Жалпы еріктілік дегеніміз – бұл кең ұғым, ол барлық жерде болуы мүмкін. Қазір ел-жұрт еріктілердің кім екенін, қандай қызмет атқаратынын жақсы түсінеді және оларды 4-5 жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда дұрыс бағалайды. Олар қарапайым адамдардың мүддесі үшін мейірімділіктің, шынайылықтың, аскетизмнің символына айналды. Еріктілік – бұл нағыз патриотизм.
Эльмира Байназарова