ЖЕРГІЛІКТІ ҚАМТУ ҮЛЕСІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Ел экономикасының негізгі салаларында жергілікті қамту үлесін арттыру – аса маңызды міндеттердің бірі. Бүгінгі таңда осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімінің 2022 жылдың 18 сәуірдегі №31-өкіміне сәйкес Жамбыл облысының мемлекеттік мекемелерін, жүйе құраушы кәсіпорындарын, квазимемлекеттік мекемелерін сатып алудағы жергілікті қамту үлесінің мониторингін бақылайтын комиссия құрамы бекітілген.
Жергілікті қамтуды бақылау комиссиясының жұмыс мақсаты – облыс бойынша жергілікті қамту үлесін арттыру және осы бағытта туындаған мәселелерді шешу бойынша шаралар қабылдау. Сондай-ақ жергілікті өндіруші кәсіпорындардың кеңеюіне және дамуына қолдау көрсету болып табылады. Комиссияның қызметін бақылауды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асыруда.
Биылғы жылдың ақпан айында ҚР Президентінің тапсырмасы аясында жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2022 жылғы 8 ақпандағы №61 бұйрығына сәйкес аталған ведомство өкілдерінен құралған комиссиямен 2021 жылдың қорытындысы бойынша облыстың «Ел ішіндегі құндылықты дамыту» есебіне талдау жүргізілді.
Талдау қорытындысы бойынша, 2021 жылдың «Қарапайым заттар экономикасының» 8 бағыты бойынша қорытынды есебін тексеру барысында қойылған нысаналы индикаторларға қол жеткізілгені анықталды. Ал облыста жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаждау жұмыстары саласында жергілікті қамту үлесі 82,65 пайызды, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша жергілікті қамту үлесі 83,2 пайызды құрады. Сондай-ақ 2022 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша, облыста «Қарапайым заттар экономикасының» 8 бағыты бойынша жергілікті тауарлардың сатып алу үлесі 53,8 пайызды құрады. Жеңіл өнеркәсіп – 55,4 пайыз, жиһаз өнеркәсібі – 61,9, тамақ өнеркәсібі – 67,3, құрылыс материалдары – 50,4, химия өнеркәсібі – 36,1, машина жасау – 21,0, фармацевтика өнеркәсібі – 48,7, қағаз өнеркәсібі – 48,9 пайыз. Сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстары бағытындағы құны 100 миллион теңгеден асатын 140 нысан бойынша жергілікті қамту үлесі 73,6 пайызға жетті. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын нысандар әлі бекітілмеген.
Сондай-ақ бүгінгі күні мемлекеттік сатып алудағы өзекті мәселелердің бірі – жергілікті өндіруші кәсіпорындардың тауарларға СТ-КЗ сертификатының жоқтығы. Өз кезегінде бұл жергілікті қамту үлесінің көрсеткішінің төмендеуіне әкеліп соғуда. 2009 жылы отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағындағы айналымға арналған «CT-KZ» түріндегі тауардың шығарылған жері туралы сертификат енгізілді. Тауардың шығу тегі туралы «СТ-KZ» сертификаттарды ресімдеу және куәландыру жөніндегі функцияға Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы жауапты.
«СТ-KZ» сертификаты, сериялық өндіріс тауарын өндіруші болып табылатын өтініш берушіге, тауардың шығу тегі туралы сараптама актісінің қолданылу мерзіміне және тауардың шығу тегі туралы сараптама актісінде көрсетілген тауар көлеміне беріледі. Бүгінгі таңда облысымызда тауарға СТ-КЗ сертификатын алуға тиісті 399 өндірістік кәсіпорын анықталған. Оның ішінде бүгінгі таңда 166-сында (41,6 пайыз) тауарға СТ-КЗ сертификаты бар, 233-інде (58,4 пайыз) жоқ.
СТ-КЗ сертификаты жоқ кәсіпорындар мен тауарларға СТ-КЗ сертификатты алу керектігі бойынша кәсіпкерлер палатасының қызметкерлерімен жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ аудан әкімдіктері мен Тараз қаласының әкімдігі тарапынан бұл бағыттағы жұмыс тұрақты бақылауда.
Еркін АТЫМТАЕВ, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры
Келесі мақала