Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ШАҒЫН ЖЫЛЫЖАЙДАҒЫ ҮЛКЕН ЕҢБЕК

ШАҒЫН ЖЫЛЫЖАЙДАҒЫ ҮЛКЕН ЕҢБЕК
ашық дереккөз
ШАҒЫН ЖЫЛЫЖАЙДАҒЫ ҮЛКЕН ЕҢБЕК
Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз, Нұрлыкент ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты Өткір мен Нафиса Тұрлыбековтер еңбекқорлығымен шаңырағының көркін кіргізіп, адал еңбекпен көсегесі көгерген жандар. Тұрлыбековтер отбасының бау-бақша өнімдерінің көшетіне арналған жылыжай өсірумен шұғылданып келе жатқанына 20 жылға жуықтаған. Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында туып-өскен отбасы бау-бақша өсіріп, баптауды жақсы білгендіктен жылыжай шаруашылығына шындап ден қойған. Ерлі-зайыптылар жыл сайын ерте көктемнен бастап үй іргесіндегі 10-15 сотық жеріне түрлі көкөніс көшеттерін егіп, баптап, өсіреді. Еңбекқор отбасы жылдағы дәстүрмен биыл да ерте көктемнен бастап ауа райының қолайлы күндерін пайдаланып, жылыжайға көшеттің бірнеше түрін отырғызып, күтіп-баптауда. Мамыр айының алғашқы күндерінен бастап, әбден жетілген бақша көшеттерін аудан орталығындағы базарға сатылымға шығарып, саудалап жатыр. Саудамен негізі үйдің отанасы Нафиса атқарады. Аудан тұрғындарынан сұраныс та жоғары. Айта кету керек, көшетті саудалаудан бөлек, үй іргесіндегі жерімен қатар, ауыл сыртындағы алқапқа да көшет отырғызып, жаз бойы күтіп, баптаумен айналысады. – Көшет өсіру үлкен еңбекті талап етеді. Диқаншылықтан хабары жоқ кейбір кісілер көшет өсіруді оңай жұмыс деп ойлайтын шығар. Әсте олай емес. Көшетке де жас сәбиге күтім жасағандай қарау қажет. Көшет негізі күнді сүйеді. Күн жылы болған кездерде көшеттің бетіне жабылатын қорғаныш материалды ашып қоямыз. Ал суық күндері, түнде жауып қою қажет. Өйткені жас көшеттің күн суықта үсіп кетуі мүмкін. Көшеттеріміздің барлығы негізінен Жуалы жерінің ауа райы мен табиғатына бейімделген. Қазіргі таңда жылыжайға еккен тұқымымыздың барлығы өніп шықты. Тұқымды үй іргесіндегі жерімізге, одан қалса алқапқа да отырғызамыз. Аудан орталығындағы базарда саудалаймыз. Айналадағы көрші-қолаң да үйден алып кетеді. Бұл біз үшін отбасылық кәсіп. Бақшаны күтіп-баптау жұмыстарын отбасы мүшелерімен бірлесіп атқарамыз, – дейді отағасы Өткір Тұрлыбеков. Біз Нұрлыкент ауылындағы Тұрлыбековтер отбасының кәсібін көруге барғанымызда отанасы Нафиса апай аудан орталығына көшет сатуға кеткен екен. Біздің келгенімізді естіген соң сұхбат беру үшін үйіне арнайы келді. – Бақша өсіру, жылыжайда көшет өндіріп шығару жұмыстары біздің негізгі кәсібіміз. Күнкөрісімізді де, балаларымыздың нәсібін, күнделікті керек-жарағымызды бақша өсіру кәсібі, диқаншылықтан айырып отырмыз. Мұны сүйікті кәсібіміз десек те болады. 2001 жылы Өзбекстан Республикасынан осында қоныс аударғанбыз. Алғашқы жылдардан бастап ағайын-туыстармен бірлесіп, ауыл сыртынан егістік алқаптарды жалға алып, бау-бақша өсіреміз. Бұл бір жағынан үйреніп қалған тірлігіміз. Әрі мемлекетке де алақан жаймай, өзімізді-өзіміз жұмыспен қамтып отырмыз деуге болады. Отбасында Тұрсынбек, Жалғасбек есімді екі ұлымыз бар. Үлкен ұлымыз Ақтау қаласында жұмыс істесе, екіншісі Тараз қаласында жоғары білім алуда. Екі ұлымызды да үй тірлігіне, шаруашылық жұмыстарына баулып өсіргенбіз. Олар бау-бақша егіп, оны баптауды да жақсы біледі. Бірақ ата-ана ретінде олардың өзі қалаған мамандықтары бойынша оқып, өмірден өз орындарын тапқанын қалаймыз, – дейді отанасы Нафиса апай. Ия, адамның еңбексіз күні жоқ. Еңбекті өмір салтына айналдырғанда ғана біз бәсекеге қабілетті ұлтқа, іргесі берік мемлекетке айналатынымыз анық.

Нұржан МАНАСҰЛЫ, журналист, Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар