Қатты отын алуға қазірден қамдану керек
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тұңғатовтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Спикердің айтуынша, алдағы жылыту маусымына бюджеттік ұйымдардың автономды қазандықтары мен облыс тұрғындарына жоспарланған көмір көлемі 212,3 мың тоннаны құрайды екен. Бүгінгі күнге қатты отынның өңірге 117,9 мың тоннасы жеткізіліпті. Бюджеттік ұйымдар үшін жалпы 62,6 мың тонна көмір сатып алынып, автономды қазандықтар қамтылған. Атап айтсақ, білім нысандарына 52,8 мың тонна, денсаулық сақтау нысандарына 4,3 мың тонна, мәдениет нысандарына 4,2 мың тонна, спорт нысандарына 854 тонна және әлеуметтік арнаулы мекемелерге 550 тонна көмір жеткізіліпті.
– Облыс тұрғындары үшін жылыту маусымына 149,7 мың тонна көмір жоспарланып, жеткізу кестесі әзірленген. Өткен жылмен салыстырғанда облыстың көмір тұтыну көлемі 10,6 мың тоннаға төмендеді. Бұл көрсеткіш былтыр газдандырылған 17 елді мекен есебінен қалыптасып отыр. Қазіргі таңда тұрғындарға жалпы 55,3 мың тонна көмір әкелінген. Қамтылу деңгейі 37 пайызды құрайды. Көмір отынын ағымдағы жылдың мамыр айынан келесі жылдың сәуір айына дейін қамту жоспарланған. Мамыр-қыркүйек айларындағы, яғни 5 айдағы көмір жеткізу жоспары 52,9 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде қыркүйек айындағы жоспар – 21,9 мың тонна. Бүгінгі күнге жеткізілген көмірдің көлемі бойынша жоспар 104 пайызға орындалып отыр. Қазан-сәуір айларындағы жоспар 96,8 мың тонна болып жасақталған. Жоспардың орындалуы «ҚТЖ – Жүк тасымалы» акционерлік қоғамымен бірлесе атқарылып келеді. Олардың мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың 1 мамыр – 27 қыркүйек аралағында облысқа 198,4 мың тонна көмір жеткізілген. Оның ішінде тұрғындарға – 55,3 мың тонна, бюджеттік ұйымдарға – 62,6 мың тонна, өндірістік және басқа да кәсіпорындарға 80,5 мың тонна жеткізілді, – дейді Д.Тұңғатов.
Сонымен қатар республика деңгейінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Индустриалды дамыту комитетінің төрағалығымен күнделікті таңғы сағат 08:00-де жедел штаб жиыны өткізіліп келеді екен. Штаб отырысына жергілікті атқарушы органдар, өңірлік операторлар мен теміржол саласының қызметкерлері қатысып, қатты отынмен қамтамасыз ету мәселелері талқылануда. Облыста жалпы 31 нарық субъектісі көмір сатумен айналысса, оның 24-і өңірлік операторлар. Қазіргі уақытта көмір тұйықтарында 13,6 мың тоннаға жуық қатты отын бар. Оның ішінде Тараз қаласында 5,2 мың тонна көмір жиналған. «Шұбаркөл», «Қаражыра» маркалы көмірлердің бағасы сортына қарай 16-19,5 мың теңгені құрапты. Шалғай елді мекендерге жеткізілу құнын қоса есептесек, 1 тонна көмірдің бағасы шамамен 20-24 мың теңгеге дейін барады. Байзақ, Жамбыл, Талас, Мойынқұм аудандарында көмір сатумен айналысатын, теміржол тұйықтары бар нарық субъектілері жоқ. Бұл өңірлердің тұрғындары Тараз және Шу қалаларынан көмір сатып алады.
– Көмір вагондары тапсырысқа сәйкес тұрақты келуде. Көмір қоймаларында көмір тапшылығы жоқ. Дегенмен осы орайда облыс тұрғындарынан қыс маусымы кезінде көмірді көтеріңкі бағамен сатудың алдын алып, қазірден қамдануды сұраймын. Мүмкіндігінше ертерек қимылдап, көмір қорын жасақтап алған абзал. Сондай-ақ қыс маусымында көмір бағасына әсер ететін ең маңызды фактор – бұл соңғы тұтынушы мен көмір сатушы нарық субъектісінің арасындағы делдалдардың болуы. Әсіресе көмірді тұйықтан сатып алатын және оны тұтынушыға айтарлықтай үстеме бағамен қайта сататын сатушылардың болуы көмірдің қымбаттауына алып келеді, – деді спикер.
Жалпы алдағы 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына бюджеттік ұйымдар мен тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауға алынған.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Келесі мақала