Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сыдық батыр туралы не білеміз?

Сыдық батыр туралы не білеміз?
ашық дереккөз
Сыдық батыр туралы не білеміз?
Ақын Жұбан Молдағалиев «мың өліп, мың тірілген» деп жырлаған халқымыз өз тарихында небір «тар жол, тайғақ кешулерді» бастан өткерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында жазғандай, «Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды». Иә, тәу етер тәуелсіздігіміздің арқасында өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей күйге бөлендік. Осы орайда қоғамдық сананы жаңғыртуға, туған жердің тау-тасын терең зерттеуге, тұғыры биік тұлғалардың есімдерін ардақтауға басымдық беріліп жатқаны қуантады. Өлкетанумен ұштасқан өнегелі істердің өскелең ұрпақ үшін де берері мол екені айтпаса да түсінікті. Дана қазақта «Есік алдында төбе болса, ерттеулі атпен тең, ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген сөз бар. Расында да көргені көп, көкейге түйгені мол көнекөз қариялардың арқасында мол қазынаға кенеліп жатамыз. Соның ішінде Сыдық батыр Байқараұлы туралы деректер кім-кімді де бейжай қалдырмайды. Халқымыз ежелден ат қойып, атақ бергенге зор жауапкершілікпен қараған. Бұл қатарда батыр деп кез келген азаматты атай бермейтін болған. Бес қаруы сай болып, ат үстінде атой салған, қарсыласқан дұшпанға қарымта қайтара білетін баһадүрлер ғана осындай мәртебеге ие болған. Мұндай қасиет «Батырлар жырында» да керемет суреттеледі емес пе? Ендеше көпшілік батыр деп көкке көтерген Сыдық Байқараұлы да жүректі де білекті тұлға болған болуы керек. Өкініштісі сол, ол кісі туралы көп айтыла бермейді. Көңілге медет тұтатыны, артында кіндігінен тараған ұрпақтары бар. Осы орайда батырдың немересі Бақытжан Байғараевпен тілдесудің сәті түскен еді. – Биылғы 22 сәуірде әкем Төлеу екеуміз Рая есімді әпкеміздің өмірден озғанына 40 күн өтуіне байланысты берілетін асқа қатысу үшін Шу ауданының Балуан Шолақ ауылына келдік. Ас түскі сағат 13:00-ге жоспарланған. Жергілікті мешітте дайындық жүруде. Ел іші болған соң халық та ертерек жинала бастады. Әкемді танитын жергілікті тұрғындар амандық-саулықтан соң жөн сұрасуға кірісті. Сонда жасы 60-қа таяған бір кісі әкеме жақындап, «Ой, аға, сізді бірнеше жылдан бері іздеп жүрмін ғой», деді ағынан жарылып. Артынша «Мен сіздің әкеңіздің зиратын тапқанмын», деді асығыс. Аты-жөні Бесіншібай Нұрғожаұлы Белеков. Сонымен, әңгіменің ауаны бабамыздың бейіті тақырыбына ойысты. Шыны керек, ел-жүрттан там-тұмдап естігеніміз болмаса, нақты жерленген жерін тап басып айту қиын еді. Өйткені әкем жастай жетім қалған екен. Естуімізше, Сыдық Байқараұлы шамамен 1880 жылы өмірге келген. Ал 1952 жылы дүние салған. – Көп жыл бұрын әкем осы ауылға көшіп келген екен, – деп сөзін жалғады Бесіншібай Нұрғожаұлы. – Өзім осы жерде туып-өстім. Осыдан 7-8 жыл бұрын, азын-аулақ малмен жайлауға қоныстанатын кезде ауылдан 40-50 шақырым жерде, Далақайнар бөлімшесінің қасында, бұрын күпке болған Қостөбе деген жерге көшіп барғанмын. Күндердің күнінде жақын жердегі зираттардың қасынан өтіп бара жатып ерекше қойылған тасты байқап қалдым. Ерекше қойылғаннан бөлек, таста «Сыдық батыр 1952 жыл» деп жазылған. Қойылған белгі-тас қисайған екен, алдымен Құран бағыштап, тасты тұрғызып қойдым. Жайлауда жыл сайын 15 мамырдан 15 қыркүйекке дейін мекендейтінбіз. Ауылға келген соң үлкен кісілерден сұрастыра жүріп, біраз деректер жинадым. «Жақсының аты, ғалымның хаты өшпейді» деп жатамыз. Міне, арада қанша уақыт өтсе де дала дәптерінде осындай деректің қалғанына шын қуандық. Сол сапар бізге үлкен әсер сыйлады, – деді Бақытжан Төлеуұлы. Төлеу Сыдықұлы бүгінде 75-тің жайлауына ат шалдырып отырған қария. Маңдайына уақыт өз ісін салып, самайын ақ қырау шалған демесеңіз, қимылы ширақ, сөзі салмақты. Әңгімені арыдан бастады. Әулеттің шежіресі ұлы жүз Дулат – Шымыр – Бекболат – Қарымбет – Сәмбет – Қосы батыр –Қойайдар – Әйменбет – Атабай – Баубек – Байқара – Сыдық батыр – Төленді деп өрбиді. Төлендінің есімі құжатқа Төлеу деп жазылған. Ал әкесінің есімі көрсетілмепті. Естуімізше, Сыдық Байқараұлы шамамен 72 жыл ғұмыр кешкен. Ол өмірден озғанда Төлеу небәрі төрт жаста болған екен. – Анам – Бейсенкүл 1928 жылы өмірге келген. 1977 жылы 49 жасында дүниеден озды. Әкем туралы көп әңгіме, аңыздар естіп өстім. Сыдық батырдың ұлы деп үлкендер айтып жататын. «Жақсы әке жаман балаға 40 жыл азық» демекші, оның ізгілікті істері маған өмір бойы көмек, демеу болғаны анық. Жатқан жерін жобамен айтқан адамдар болды, бірақ іздеп таппадым. Ерен ерлігі мен елеулі еңбегін ел-жұрты ескеріп, есімін тасқа ойып жазған екен. Ол тас көлемді әрі ауыр болғандықтан жер астына түсіп кеткен дегендер де болды. Ағайын, бауырлар Исақ ата, Жапсарбай аға, Ізбасар Игенбекұлы, Тайторы Төлебайұлы, Жатқанбай аға, Отаршы Сәрсенбайұлы, Назар Жидешұлы, тағы басқа да үлкен кісілер көп естелік айтып отырушы еді. Сондай әңгімелердің бірінде ашаршылық кезінде 32 отбасыны аман алып қалған деген деректер де келтірілетін», – деді қария. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен сол бір қиын-қыстау кезеңде еліне қорған болған мұндай азаматтардың даңқының асқақтап, дәрежесінің артуы – заңдылық. Тағдырдың тауқыметін тартқан жандарды қанатының астына алып, қамқорлық құшағын жаюы тектіліктің белгісі екендігі сөзсіз. Біздің бұл ойымызды Сыдық батырдың жұбайы Бейсенкүл апаның сіңлісі, бүгінде 81 жасқа қадам басқан Алтынкүл Сеймулдаева ары қарай сабақтай түсті. – Әпкем Бейсенкүлді 1946-1947 жылдары Кеңес үкіметі Новосібір қаласына ма, әлде Қарағандыдағы көмір шахталарына ма екен, әйтеуір, еңбек әскеріне әкететін болған. Көмірді қолмен қазуға елден жасақ құрып жіберіп жатқан кез еді. Алайда уақыт өте атамыз Сыдық жолын тауып, әскерден алып қалғаны есімде. Әпкем 1928 жылғы деп еститінмін, ал атамыз үлкен кісі болатын. Шамамен 1880 жылғы деген әңгіме көп айтылған еді. 1948 жылы әпкем Бейсенкүл дүниеге ұл бала әкеліп, атамыз қуанғанынан «Осы өмірде жоғалтқанымның бәрін Аллаһ Тағала маған төлеп берді» деп, атын Төленді деп қойған. Төленді менен алты жас кіші. Ата екеумізді бірдей жақсы көретін. Мені өз қызындай еркелететін. Міне, осы жасқа дейін бір туғандай болып өмір сүріп келеміз. Ата өмірден озғанда мен 9 жаста едім. Әжептәуір есім кіріп қалған кез. Сонда ашаршылықтан 32 отбасын аман алып қалды дегенді естігенмін. Сол әңгіме үнемі айтылып жүретін. Бұл кісінің ашыққан елге жасаған қамқорлығы бүгінге дейін елдің есінде сақталып, ұрпақтан- ұрпаққа жалғасын тауып келеді. Тағы бір айта кетерлігі, суырыпсалма ақындығы да бар еді. «О, жалған, Басыңнан бағың кетсе, досың кетер, Басыңнан кеткен бағын қайтып келсе, Достарың бір сайдан жылмаң етер.» деген бір шумақ өлеңі жадымда жатталып қалыпты, – дейді Алтынкүл Сеймулдаева. «Адам ұрпағымен мың жасайды». Сыдық батырдың немересі Бақытжан Төлеуұлы бүгінде жауапты қызметте. Атасы туралы естеліктерге қаныққан сайын архивтік құжаттардан ресми деректер шығып қала ма деген оймен зерттеушілермен де пікірлесуде. – Осыдан біраз жыл бұрын Шу ауданындағы Балуан Шолақ ауылының имамы Назар Жидешұлына шежіреміз туралы білуге, ақпарат беруге барғанымызда ол кісі: «Ашаршылық уағында, нәубетті кезеңде ауылдастары мен ағайын-туыстарының қамын ойлап, оларды аштықтан құтқарудың амалдарын ойластырған азаматтар болған. Сондай қайырымды жандардың бірі – сенің атаң Сыдық еді. Сыдық батыр сол шақта 32 отбасыны ашаршылықтан аман алып қалған, сол 32 отбасының ұрпақтары аталарыңа разы болар», деген болатын. Анам – Орынбасар Түрешбекқызы 1955 жылы өмірге келген. 2014 жылы дүние салды. Атамыз туралы көп аңыз-әңгімелерді анамыздан еститінбіз. Анамыз 15 жасында тұрмысқа шыққан екен. Жасы енді 15-тен асқан қызды тұрмысқа беру Кеңес үкіметінің заңымен қудаланатын кез еді. Алайда әкесі Төрешбек Әлімбетов «Қызым текті жерге келін болды, сол шаңырақта тұрады» деп қалдырған екен. Өйткені Жиделі стансасында тұрғанда құдасы Сыдық батыр туралы көп естігені бар. Нағашы атамыз 1977 жылы өмірден озған. Анамыздың айтуынша, ашаршылықта Сыдық атамыз аң аулауға жазық даланың түпкір-түпкіріне барып, құр қол оралмай, қанжығасы майланып келетін болған. Осы әңгімелерді бала кезімізден естуші едік, бірақ ел аузында болғанымен ешқандай жазба дерек қалмағаны жанға батады», –дейді Бақытжан Төлеуұлы. Сыдық батыр туралы ел аузында тағы бір әңгіме бар. 1950-60 жылдары Жалайыр руының бір кісісі «Мықты болсаң кел, бір дау табақ қуырылған балықты жарысып жейміз. Кім бірінші тауысады, сол жеңеді?» деп бәстесуге шақырған екен. Сонда қайтпас қайсар мінезді азамат «Айтқаның болсын!» деп келісе кетіпті. Содан қасындағы кісі балықты апыл-ғұпыл жеуге кірісе кетеді. Қараса, балықтың қылтанақтары ғана түсіп жатыр. Ер Сыдық үлгермейтінін біліп, балықтарды қылтанағымен қоса жұтып, толығымен жеп қойған екен. Сөйтіп, жеңіске бір ат мініп, шапан киіп қайтқан дейтін. Сонымен қатар бәстесіп, бір шелек жылқы майын да ішкен деген әңгімелер айтылып жүр. «Батыр – ол адамзат қоғамының мүддесі үшін, сын сағатта қолынан келген барлық мүмкіндікті жасай алатын адам» деген екен Юлиус Фучик. Иә, Шу өңірінде өмір сүрген Сыдық батыр да қалың елі – қазағы үшін қолда барымен бөлісіп, мұқтаж жандардың мұңын сейілтуге жан-тәнімен тер төккен адам. «Батыр болсаң – жауыңа найзаң тисін, бай болсаң – халқыңа пайдаң тисін» деген аталы сөз осындайда айтылған-ау, сірә. Ел аузындағы әңгімелерге сүйене отырып, біз Сыдық Байқараұлының қайраткерлік һәм қайырымдылық қасиеттерін қамтыдық. «Таулар алыстаған сайын асқақтай береді» демекші, алып тұлға туралы аңыздардың әлі талай айтыла беретініне кәміл сенеміз. Медет Бегалиев, Шу ауданы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар