Ұстаз ұлағаты ұмытылмайды
Батыр Бауыржан Момышұлының «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деген сөзі бар. Ұстаз дегенде біз тек мектеп пен оқу орындарындағы дәрісшілерді ғана айтып жатамыз. Бұрынғы ғұламалар «Жүз жыл жаса, жүз жыл оқы» деп өсиеттеген екен. Бұл – терең нанымды түсінік.
Еңбек жолын бастағаннан кейін мен жігіттік алыпұшпа кезеңімде әртүрлі жұмыстарды атқарып, бала жастан армандаған қызметіме тап бола алмай жүрдім. Бірақ қандай жұмыс болса да адал пейіліммен жауапты атқарғандаймын. Мектепте мұғалім болдым, шаруашылықта кадр бөлімін басқардым, мәдениет саласында клуб меңгерушісі қызметін атқардым. Осылардың әрқайсысында жастық желектен гөрі күнделіктерімде ауыз толтырып айтарлықтай марапаттар мен алғыстар тізімін түсіріппін. Төртінші сыныптан бастап ақын Қадыр Мырза Әлінің балаларға арналған, ұйқасы қонымды өлеңдерін оқып жүріп, еліктеушілікпен жыр жаза бастадым. Бұл қасиет мені қалам мен қағазға серік ете бастапты.
Бірде аудандық мәдениет бөлімінен ауылдардағы өнерпаздарға тапсырмалар түсті. Қамқалының өнерлі жастарын ұйымдастырып, облыстық байқауға үш спектакль дайындау керек болды. Жүрексініп жүріп, драматург Қалтай Мұхамбетжановтың «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын», «Шындық» деген қойылымдарын таңдадық. Себебі онда қатысушылары 6-7 адамнан аспайтын. Ай бойы дайындадық. «Әртістерім» күндіз жұмыста, түнде клубта. Кестелі күні аудандық мәдениет бөлімнің бастығы Мейранбек Күздеубаев «Шу бойы алыс болғандықтан сендердің қойылымдарыңды комиссия барып көреді» деген хабар жіберді. Толқулымыз, табыстан гөрі қорқыныш басым.
Комиссия құрамында Әлжаппар Әбдіхалықов, Роман Бат және белгілі әнші Пернебай Мыңбаев келді. Екі күн жатып, тірлігімізді көрді. Үндемей кетті. Сөздері ауырлау қойылым алғаныма және суфлер дұрыс таңдамағаныма өкініп, бітеу жара күйінде мен қалдым. Кешікпей, бастық мені Байқадамға шақырды. «Соятын шығар» деген қобалжумен жеттім. Кірдім, жоқ, еңбегімді мақтай жөнеліп, ойламаған жерден аудандық мәдениет үйіне директор болатынымды жариялады. Табан астында үрей сейіліп, көңілге қуаныш ұялады. Түске дейін он үш әртісін, Дүкенбай аға жүргізетін «Кубанын» және декорация мен киімдерін комиссия қабылдатып, бұйрық та берілді. Бастық болып, кәдімгідей «шалқайып» қалдым.
Бұл 1976 жылдың 5 сәуірі болатын. Түстен кейін аудандық «Октябрь таңы» газетінің бөлім бастығы Жеңіс Шыныбеков досым тапсырған жайлаукөлдік атақты шопан Үйсінбай Ошақбаев жайлы мал төлдетуге байланысты очеркімді алып бардым. Жеңкең қашанғы әдетімен орнында болмай шықты. Редактор есігі ашық тұр. Сәлем берейін деп кірдім. Төкең, Төкен Махашев ел, науқан жайын сұрап отырып қалдық...
– Жәй жүрмісің?
– Жеңіске бір дүниемді алып келіп едім, соны беруге... Жұмысқа кірдім...
Марқұм аға құттықтаудың орнына жатып кеп ашуланды да, есепші Шәрдарбек Есіркеповті, кәсіподақ ұйымының қоғамдық төрағасы, журналист Дулат Шалқарбаевты шақырып алып:
– Мына баладан айырылып қалайын деп отырмыз, – деп, маған дүрсе қоя берді:
– Сенің есің дұрыс па? «Культураға» барып «бәдік» болып кетейін деп жүрмісің. Сенің орның – газет. Доғар, –
деді де, редактордың орынбасары Сыздық Шөжеев жүректен ұзақ уақыт емделіп жүр екен, содан үнемделген жалақы есебінен штаты жоқ «әдеби қызметкерлікке» бұйрықты берді де жіберді. Келісімімді алған да жоқ. Сөйтіп, Қамқалыдағы екі штат, 200-ге жуық, директорлықтағы 100 сомға парапар жалақыдан айырылып, 60 сомға тілші болдым. Досым Жеңіс марқұм: «Көлден шөлге келген ақымақ», деп әзілдеп күлетін. Біреулер дұрыс, біреулер бұрыс көрді. Мен бір күнде екі қызметке бұйрық алған сондай жанмын. Күздеубаев бастығым «Менің әкелген қызметкерімді алып қойды» деп «райкомға» шағынса, Төкең «Әкелгеніңе ие болмайсың ба?» деп, екеуі сөзге келіп қалғанын кейін естідім.
Қалам ұстау қалаған ісім еді, жолымды ашқан редактор Төкең, Дулат, Шәрдарбек сияқты ағаларым болды...
Осы күнге дейін Төкен Махашев ұстазымды ойлаған сайын Аллаға, тағдырыма алғысымды айтып, аруағына дұға жасаймын.
Қас пен көздің арасында ол жарықтық та жүзге келді. Мен Төкеңнің қарамағында жұмыс істеген сол жылдар кеше ғана еді. Жүрдек жылдар ол күндерді де ертегіге айналдырып барады.
Төкен Махашев білімді, талапшыл, іскер еді. Қаталдығы да жеткілікті. Отырыстар мен бірге бола қалғанда орынды-орынсыз әзілімізді ескермей, құрдастай құбылмай өзіне тарта білді. Ал дүйсенбіде алдына лездемесіне енгенімізден бастап мысықтай момақан күн кешетінбіз. Өрескел қателікті кешірмейтін. Қолыңнан келмейтінді тапсырмайтын. Орынсыз соңыңа түсетін пенделігін көрген емеспін. «Жақсы редактор түзейді, нашар редактор күзейді» дейтін журналистер мақалындағы сөзді «жақсы» деген тіркеспен ауыстырған басшы еді. Ол талабымен ыждағаттылық пен тапсырмаға мұқият болуға үйретті. Боркемік, қорқақ редакторлардай емес, қарамағындағы журналистерді қорғай алатын. «Райкомның» толып жатқан «үндеу» мен «ашық хаттарын», озаттар плакатын жазып беруден құтқаратын. Марқұм бірде үндеу жазуға шақырғанда «Үш хатшы, жиырмадан астам инспектор, аудандық комсомол комитетінің төменгі қабаттарындағы қолбалалардан артылатын жұмыс жоқ. Бес-алты журналистің өз жұмысы өзіне жетіп жатыр, олармен өзім сөйлесемін» деп жібермеген еді. Жақсы болсаң қолдай да, қорғай да беретін еді ғой, жарықтық. Сол кісінің арқасында «райкомның» «тілалғышы» болмай, өз жұмысымызбен еркін айналысуға үйрендік.
Аудан көлемінде дұрыс жазатындарды сараптан өткізіп жүріп, есебін тауып редакцияға қызметке ала беретін. Калининнен Жеңіс Шыныбековті, Темір Әбілдаевты, Коммунардан Жаңабай Миллионовты, Игіліктен Марат Ділдабаевты, Байқадамнан Берік Шамшиевті, Ұйымнан Жамалбек Өзбековті әкеліп, тәрбиеледі. Бұлардың Беріктен басқасы Төкеңнің қарамағында істеп жүріп, сырттай бітіріп аяқтанды. Осалы болмады. Танымал ұстаздың көрген шәкірттеріндей болып, жұртты бетіне қаратып жетілді. Ол кісіге таныс-тамырдың, ағайын-туыстың, «бармақ басты, көз қысты» шешетіндердің қажеті болмады. Тек басқарып отырған аядай газеттің жабылып қалмай, сапалы шығуы үшін шырылдап жүретін. Міне, біз арқа сүйеген, тәрбие алған Төкен Махашев басқаға ұқсамайтын осындай қайраткер еді. Ол кісі Сарысу ауданының аядай, бірақ талайды тәрбиелеп ұшырған газетінде Сарысу ауданын үкімет қаулысымен Талас ауданына қосқан жылдарын есептегенде, үзбей 1964-1983 жылдар аралығында ең ұзақ қызмет еткен облыстағы бірден -бір редактор болды. Сарысу ауданының Таластан өз алдына қайта бөлінуіне үлес қосқан топтың басында жүрді. Қай уақытта да аудан шежіре-тарихының жоғалып кетпеуі үшін жанын салып, құнды деректер мен жәдігерлерді жинақтап жүрді.
Зейнет демалысына шыққаннан кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Асан Нүркенов Төкеңе қызметтік көлік беріп, 1983 жылы бүгінгі өзінің атындағы музейді ұйымдастыруды және басқаруды тапсырды. Төрт қабырғадан бастап жабдықтаған Т.Махашевтің Алматымен екі арада жүріп тер төгіп, штат алып, Сарысудың тұңғыш музейін қиындықпен қалай ашқаны көз алдымда. Сөйлей алатын, тырп еткізбейтін уәжді талабын өткізу арқылы аудан тарихы, қобызшы Ықылас Дүкенұлы жайлы еңбектерін жарыққа шығарды.
Қазір маған балаларым мен немерелерім «Ұстазыңыз бар ма?» деп сауал қояды. Алғашында үйреншікті әдетпен мектептегі мұғалімдерді тізе бастайтынмын. Кейін мұным жөн емес екенін біліп, ой елегінен өткіздім.
Ұстаздарымның басы болып, тағдырымды түбегейлі өзгертіп, таңдаған кәсібіме шақырып, баулыған Төкең аға тұрса, кәсіптік шеберлікке баулыған Сыздық Шөжеев, Дулат Шалқарбаев, ақын-журналист Ескермес Ескендіров, мәдениет саласында еңбегімнің қайтарымды қолдауын көрсеткен сазгер Мейранбек Күздеубаев, Әлжаппар Әбдіхалықов, Жеңісбай Аманбаев деп айтар едім. Шығармашылық өмірімнің көп бөлігінде олардың көрсеткен ұстаздық тағылымы таудай болды. Өмір мектебінің бір ұмытылмас кезеңіндегі ұстаздарым мен қатар, қызмет атқарған әріптес достарымның жаны жаннатта болғай!
Бергентай (Байбол ) НҰРМАХАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Сарысу ауданының Құрметті азаматы
Келесі мақала
Коронавируспен қоса келген қауесеттер
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Мойынқұм ауданы Мыңарал ауылында білімнің жаңа нұры жарқ етті!
- авторAR-AY
- 11 желтоқсан, 2024