Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ШЕГІРТКЕМЕН КҮРЕС ШИРАЙ ТҮСПЕК

ШЕГІРТКЕМЕН КҮРЕС ШИРАЙ ТҮСПЕК
ашық дереккөз
ШЕГІРТКЕМЕН КҮРЕС ШИРАЙ ТҮСПЕК
Қазақстанның әртүрлі табиғи-экономикалық аймақтарында шегірткенің 270 түрі тіршілік етеді. Олардың ішінде ауылшаруашылығы егістіктері мен алқаптарға жыл сайын үйірлі шегірткелердің 15-20 түрі қауіп төндіреді. Жуырда Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында Үкіметтің ауылшаруашылығы және қаржы блоктарының, әкімдіктер өкілдерінің келесі жылы шегірткенің таралуын болдырмауға арналған дайындық жұмыстарының жағдайын талқылады. Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының деректері бойынша, 2023-2024 жылдар аралығында шегірткенің таралу циклінің 11 жылдық шарықтау шегі болмақ. Соңғы рет мұндай құбылыс 2014 жылы байқалған. Одан кейін зиянкестердің таралу аймағы жыл сайын азайған. Алайда 2021 жылдан бері шегірткелердің шоғырлану аймағы қайтадан ұлғая бастаған. Келесі жылы да 2,5 миллион гектар алқапқа шегіртке шоғыры таралуы мүмкін деген болжам бар. Бұл биылмен салыстырғанда 1,6 миллион гектарға, яғни 1,5 есеге көп. Шегірткелер шоғыры Ақтөбе, Қостанай, Түркістан және Жамбыл облысында көп таралады деп күтілуде. – Шегірткенің таралуына қарсы күреске дайындықты көктемде кеш болмас үшін қазір бастау керек. Ауылшаруашылығы министрлігі мемлекеттік сатып алуды уақытылы өткізіп, шегірткеге қарсы іс-шараларды атқаруға тыңғылықты дайындықты қамтамасыз етуі қажет. Ал Қаржы министрлігі мен әкімдіктер шегірткеден қорғану шараларын ұйымдастыру үшін қосымша қаржы бөлуі керек, – деді Серік Жұманғарин. Осы орайда облысымыздағы ахуал да алаңдатарлықтай жағдайда екенін білгеннен кейін ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясына сұрау тастап, мән-жайды анықтадық. Облыстық инспекцияның бізге берген мәліметі бойынша, өңір бойынша ерекше зиянкестер қатарына жататын үйірлі шегірткелерге өткен жылы республикалық «Фитосанитарлық диагностика және болжамдар» әдістемелік орталығы мамандарының жазғы шағылысу кезінде жүргізген анықтау жұмыстарының методикалық есептеулері нәтижесінде биыл 115 010 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Облыстық аумақтық инспекцияның мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Қаныш Алиевтің айтуынша, биыл облыста үйірлі зиянкестерге қарсы химиялық өңдеуден өтуі тиіс алқапқа қажетті арнайы препараттың бәрі уақытында жеткізілген. – ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінде «107 Өсімдіктерді қорғау, өсімдіктер карантині» бағдарламасы бойынша мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жарияланды. Марокко шегірткесі, италиялық прус және азиялық шегірткелерге қарсы авиациялық және жерүсті тәсілімен өңдеу жұмыстарын жүргізетін мекемелер де анықталған. Аталған үйірлі шегірткелерге қарсы 22 жерүсті техникасымен «ЗапКазФумигация», «Авиакомпания Дельта Юг» серіктестіктері 50 210 гектарға, ал италиялық прус және азиялық шегірткеге қарсы 5 ұшақпен өңдеу шараларын «DAP AEROSERVICE GROUP» серіктестігі 64 800 гектар алқапта жүргізді. Марокко шегірткесі дернәсілдеріне қарсы 8 660 гектарға жерүсті тәсілімен химиялық өңдеу, ал италиялық прус шегірткесіне қарсы жерүсті тәсілімен 40 950 гектарға, әуе ұшақ тәсілімен 40 000 гектарға, азиялық шегірткеге қарсы жерүсті тәсілімен 600 гектарға, әуе ұшақ тәсілімен 24 800 гектар алқапқа өңдеу жұмыстары жоспарланған, – деді Қаныш Исаметұлы. Марокко шегірткесіне келер болсақ, бұл аталған зиянкес түрінің алғашқы туылуы сәуір айының 19 жұлдызы күні анықталған. Бүгінгі күні марокко дернәсілдеріне қарсы мониторингтік тексеру жұмыстары аяқталған. 245 000 гектар алқап толығымен тексеріліп, нәтижесінде 20 072 гектар алқапқа зиянкестер қоныстанған. Сәйкесінше химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп, жоспарланған 8 660 гектар жер көлемінің 1 426 гектарынан марокко дернәсілдерінің анықталмағаны тіркелген. – Тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша, анықталған 7 234 гектарға 4 жерүсті техникасымен «ЗапКазФумигация» серіктестігі химиялық өңдеу жұмыстарын мамыр айының 3-21 күндері аралығында толығымен жүргізді. Марокко шегірткесіне қарсы 7 234 гектарға химиялық өңдеу жұмыстары барысында Қазақстан Республикасына қолданылуға рұқсат етілген «Вантекс, МКС» 0,0515 л/га» улы химикаты қолданылды. Қолданылған «Вантекс, МКС» препаратының биологиялық тиімділігі 88-90 пайызды құрап отыр, – дейді Қаныш Исаметұлы. Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының об­лыс­­тық фи­лиалының мәліметі бойынша, зиян­кес­тің келесі италиялық прусы дернәсілдерінің қоныстануына мониторингтік тексеру жұмыстары биыл 16 мамырда басталып, 19 маусымда аяқталған. Химиялық өңдеу жұмыстары жоспарланған 80 950 гектарға тиісті іс-шаралар толығымен жүргізілген. Италия шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары барысында Қазақстан Республикасына қолданылуға рұқсат етілген «Вантекс, МКС» 0,0515 л/га», «Карат Супер, КЭ» 0,0625 л/га» улы химикаттары қолданылған. Препараттардың биологиялық тиімділігі 88 бен 92 пайыз аралығын құрайды. Ал Сарысу ауданында мамыр айының 22 күні азиялық шегіртке дернәсілдерінің бірен-саран туылуы тіркелген. Бүгінгі күні жоспарланған 25 400 гектарға толығымен химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Азиялық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары барысында Қазақстан Республикасына қолданылуға рұқсат етілген «Вантекс, МКС» 0,0515 л/га», «Карат Супер, КЭ» 0,0625 л/га» улы химикаттары қолданылды. Қолданылған препараттардың биологиялық тиімділігі 89 және 92 пайызды құрайды. – Ал келесі жылы зиянкестерден тазарту жұмыстарын 25 410 мың гектар жерге жүргізу жоспарланып отыр. Облыс бойынша келесі жылы аса қауіпті шегірткелерге қарсы жұмыс 131 185 гектарға жоспарланған, – дейді Қ.Алиев. Шегіртке зиянкестеріне қарсы жыл сайын жүйелі түрде химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатқанымен зиянкес популяцияларын біржола құртып жіберу мүмкін емес, тек олардың сан мөлшері азайтылып отырады. Жыл сайынғы химиялық күрес жұмыстары ұйымдастырылып, қаншама адам жұмылдырылып, қаражат бөлініп жатқанымен олардың таралу ареалы кей жылдары өршіп кетеді. Бұл жерде «Неге?» деген сұрақ туындайды. Бұл сұрақтың жауабын ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің экс-төрағасы Алмабек Марс «Egemen Qazaqstan» газетіндегі «Үйірлі шегірткелер үрей туғызады» атты мақаласында бірнеше сатыға бөлген. «Біріншіден, шегіртке «көшпенді» зиянкес, яғни ол бір жерде ғана тұрақтап тұрмайды және ол жаппай миграция жасаған кезінде бірнеше мыңдаған шақырымды артқа тастап ұша алады. Сондықтан оған қарсы күрес шараларын көршілес тұрған аудан, облыс, тіпті шекаралас ел болып бірлесе жүргізу қажет. Екіншіден, қазір дүниежүзінде болып жатқан ғаламдық жылыну, күн сәулесі белсенділігінің артуы, су қорының азаюы, жағалаулардың құрғап қалуы мен теңіз жағалауында жаңа аралдардың пайда болуы сияқты табиғи құбылыстар зиянкес ареалын арттырып отыр. Үшіншіден, осы саладағы көптеген ғалым шегіртке зиянкесінің әрбір 11-12 жыл сайын саны көбейіп, шарықтау шегіне (пик) жетіп барып қайта бәсеңдейтінін алға тартады. Бұл да әлі толық зерттеу жүргізетін, шала пайымдау, дегенмен дәл мүшел болмағанымен шындыққа жанасатын құбылыс. Осы саладағы көптеген ғалым шегіртке тұқымдастарының жаппай көбейіп немесе депрессияға ұшырауын күн сәулесінің белсенділігімен байланыстырады. Кейінгі жылдарға көз жүгіртер болсақ, С.Сейфуллин атындағы аграрлық университеттің профессоры, жаратылыс ғылымдарының докторы В.К.Ажбеновтың көптеген еңбегінде шегіртке тұқымдастарының жаппай көбею кезеңдері 1909-1912, 1924-1927, 1931-1933, 1944-1947, 1953-1956, 1967-1970, 1977-1982, 1988-1991, 1996-1999 жылдарға сәйкес келеді екен. Содан кейінгі жаппай көбею 2012-2014 жылдарға сәйкес келді» делінген мақаласында. ТҮЙІН: Шегірткемен күрес тек қана егіс алқаптары үшін емес, жалпы қоршаған ортаны қорғау үшін жүргізіледі. Өйткені қонған жерін тақырлап кететін бұл зиянды жәндік жалпы табиғатқа да зиянын тигізеді. Келесі жылы егіннің бітік шығып, алқаптың «жауына» айналған зиянкестердің саны азаюы үшін тиісті шаралардың уақытылы атқарылатынына кәміл сенеміз. Аяулым ЖАМАНҚАРА aaiauka@mail.ru
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар