Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АҒЫН СУ МӘСЕЛЕСІН ОП-ОҢАЙ ШЕШІП ТАСТАДЫ

АҒЫН СУ  МӘСЕЛЕСІН  ОП-ОҢАЙ ШЕШІП ТАСТАДЫ
ашық дереккөз
АҒЫН СУ МӘСЕЛЕСІН ОП-ОҢАЙ ШЕШІП ТАСТАДЫ
Өткен жылы «AMANAT» партиясының атынан Жуалы ауданының Жетітөбе ауылдық округі әкімі қызметіне Қайнарбек Беделбеков үсынылып, сайлауда басым дауысқа ие болған. Бүгінде ол басқаратын ауылдық округтегі 6 елді мекенде 529 аула бар. Ондағы ауыл тұрғындары көбіне мал және егіншаруашылығымен айналысады. Диқандарды әр уақытта суармалы су мәселесі алаңдататыны белгілі. Өз кезегінде Қайнарбек Беделбеков бұл мәселені түбегейлі шешіп тастаған. – Ауылдарымыз тау баурайын жағалай орналасқан. Табиғаттың осынау тамаша сыйын тиімді пайдаланып, тау бөктеріне шағын тоғандар салғанбыз. Қазіргі таңда мұндай 4 тоған бар. Қар еріп, жылғалардан су аға бастаған уақытта ауыл тұрғындарының басын қосып, тоғандарға су жинай бастаймыз. Сол 4 тоғанға биыл бас-аяғы 1 миллион 800 мың текше метр су жинап алдық. Жиналған сол суды әлі күнге дейін сарқып алмай жұмсап келеміз. Бүгінгі күні ағын су еліміз бойынша өзекті мәселеге айналып отыр. Тіпті Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында су мәселесіне тоқталды, арнайы министрлік те құрылды. Дегенмен біздің ауылда су бойынша мәселе туындамайды. Әне-міне дегенше суару науқаны аяқталып келеді. Қазан айының орта тұсынан бастап сол тоғандарымызды ретке келтіріп, келесі маусымға дайындаймыз. Ол үшін ешқандай қаржының қажеті жоқ. Бұл жұмыстарды ауыл тұрғындарымен бірігіп істейміз, – дейді Жетітөбе ауылдық округінің әкімі. Сонымен қатар ауылдық округте ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және ауылдағы шағын және орта бизнесті дамыту үшін 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру бағытында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Мәселен, аталған жоба бойынша 201 өтінім қабылданған. Бүгінгі күнге дейін 147 өтінім мақұлданып, тұрғындар 771,700 мың теңге қаражатқа қол жеткізген. Ал қалған 47 өтінім қаралу үстінде. «Ауыл аманаты» жобасымен «Жетітөбе-2022» ауылшаруашылығы кооперативі құрылып, лизингке жаңа техникалар алу жұмыстары қолға алынған. Ауылда бұдан өзге де атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. – «Бауыржан Момышұлы-Қошқарата» бағытындағы тасжолдың 15 және 34 шақырым аралығындағы жол жиегіндегі ағаштар, қыстағы бораннан сынып, қисайып тұрған 3 700-ден аса ағаш жол жиегіне шығарылды. Далаға тастай салмай, «Жуалы-Су» мекемесінің техникаларымен отын қажет ететін тұрғындарға жеткізілді. Еріген қар суы және көктемгі жауынның суы жиналатын аумақтар және ауылға ағын су келетін бел арықтар мен ауыл ішіндегі суару арықтары тазартылды. Сонымен қатар 1 580 түп түрлі ағаш көшеті отырғызылды, бапталуын назарда ұстап отырмыз, – дейді ауыл әкімі. Ауылдық округтегі жастардың салауатты өмір салтын берік ұстануы үшін біршама іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Кәріқорған ауылында орналасқан ескі сауда үйіне құрылыс жұмыстарын жүргізіп, ауыл жастарына арналған спорт кешені ретінде ашып беру жоспарға алынған. Тағы бір тілге тиек ете кетерлік жайт, округте партияның «Жер аманаты» жобасы аясында 34 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бүгінде оның игілігін ауыл тұрғындары көруде. Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар