Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ЖАСЫЛ» ЭКОНОМИКА – ЗАМАН ТАЛАБЫ

«ЖАСЫЛ» ЭКОНОМИКА – ЗАМАН ТАЛАБЫ
ашық дереккөз
«ЖАСЫЛ» ЭКОНОМИКА – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Қазіргі кезде «жасыл» экономика сөзінің түсінігін әркім әрқалай түсінеді. Бірі бұл экономиканың жаңа саласы деп түсінсе, енді бірі бұл сөзді жаңа технологиялар арқылы табиғатқа көмектесуге және пайда келтіруге бағытталған экожүйенің өзіндік түрі деп санайды. Тағы бірі экологиялық таза өнімдер өндірісін жаппай қалыптастыра отырып, адамзат дамуының жаңа деңгейіне өту деп санайды. Жалпы «жасыл» экономика ұғымы алғаш рет 1989 жылы ғылыми мақалада жарияланған. Кейіннен ғылыми әдебиетте кеңінен қолданыла бастады. Бұл тұрақты даму тұжырымдамасымен тығыз байланысты және елімізде ғана емес, әлемде қалыптасқан ұғым. «Жасыл» экономикада үш қағидатқа табан тірейді, яғни әлеуметтік, экологиялық және экономикалық өсу. Оның дамуында көптеген артықшылықтар бар. Мәселен, экономикада артық тұтынуды ынталандырып, коммуналдық байланыстарды нашарлатып, табиғи байлықты жойса, ал «жасыл» экономика ғаламшардың гүлденуін, қоршаған ортаның тазалығын қалыптастырып, халықтың денсаулығына оңынан әсер етуін қамтамасыз етеді. Еліміздің экономикасы шикізатты өндіруге бағытталғандықтан көп жағдайда өндіріс қалалардың экологиясына кері әсер етуде. Сол себепті 2013 жылы 30 мамырда елімізде мемлекеттің инновациялық іскерлігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасы» бекітілген болатын. «Жасыл» экономика саласы 5 қағидатты ұстанады. Атап айтқанда, салауаттылық қағидасы, әділеттілік қағидасы, планетарлық шекаралар принципі, тиімділік және жеткіліктілік принципі және тиімді басқару принципі. Салауаттылық қағидасына тоқталатын болсақ, «жасыл» экономика барлық адамдардың салауатты өмір салтын ұстануын қамтамасыз етеді. Оның мақсаты – шынайы, ортақ әл-ауқат арқылы байлықты арттыру. Бұл байлық тек қаржылық қана емес, сонымен бірге адами, әлеуметтік, физикалық және табиғи капиталдың толық жиынтығын қамтиды. Ол адамдардың өркендеуі үшін қажетті табиғи жүйелерге, инфрақұрылымға және білімге қол жеткізуге басымдық береді. Ал әділеттілік қағидасында «жасыл» экономика ұрпақтар арасындағы теңдікті қамтамасыз етеді. Ол шешім қабылдау мен пайда және шығындарды әділ түрде бөледі, элиталық үстемдікті жояды. Әсіресе әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуді қолдайды. «Жасыл» экономика бәрінің жылдам және әділ дамуына үстемдік береді және соған қажет шығындарды өтейді. Біліктілікті арттыруда инновациялар енгізеді. Планетарлық шекаралар принципінде «жасыл» экономика табиғатты қорғайды, қалпына келтіреді және оған инвестиция жасайды. Бұл биоәртүрлілікті, топырақты, суды, ауаны және табиғи жүйелерді қорғауға және өсіруге инвестиция жасалады. Тиімділік және жеткіліктілік принципінде «жасыл» экономика тұрақты тұтыну мен өндірісті қолдауға бағытталған. Ол экономикалық дамудың жаңа үлгілерін қамтиды. Тиімді басқару принципінде «жасыл» экономика интеграцияланған және тұрақты институттар арқылы басқарылады. Ол қатаң ортақ стандарттарды, процедураларды және сәйкестік жүйелерін сақтай отырып, жергілікті экономика үшін орталықтандырылмаған шешімдер қабылдауға және табиғи жүйелерді басқаруға ықпал етеді. «Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасын» іске асыру жөніндегі облыс бойынша 2021-2030 жылдарға арналған жоспарын орындауда ілгерілеу байқалады. Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының берген мәліметінше, аталған жоба аясында аймақта 20 іс-шараны орындау тапсырылған. Мәселен, су ресурстары бойынша қалаларда халықты ағынды суларды тазартумен қамту үлесін арттыру жөніндегі жобаларды асыру қолға алынған. Ауылшаруашылығын сумен қамтамасыз ету үшін суарудың қазіргі заманғы әдістері мен қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарға енгізілген. Суды тиімді пайдалану мақсатында суды аз қажет ететін ауылшаруашылық дақылдарына көшу де қолға алынған. Бассейндік деңгейде су ресурстарының тапшылығын төмендету бойынша гидротехникалық құрылыстарды салу және реконструкциялау ұсынылған. Әрбір бассейн бойынша су тапшылығын болдырмау жөніндегі шаралар бойынша жерасты суларын ұтымды пайдалану жоспары құрылған. Ауылшаруашылығы бойынша тозған жерлерді талдау жөнінде іс-шаралар жүргізіледі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жылыту жүйесі саласында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар бойынша жылу желілерін, өндірістік қуаттарды жаңғырту жоспарға алынған. Көлік секторында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды енгізу бойынша көлік легін басқару жүйесі жетілдіріледі . Электр энергетикасында көмірқышқыл газының шығарылу деңгейін төмендету үшін электр стансаларында жаңа қазандықтарды орнату және қолданыстағыларды жаңғырту жүзеге асырылады. Ауаның ластануын азайту үшін қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері бекітіледі. Сондай-ақ қоршаған ортаның санитариялық-эпидемиологиялық мониторингі және қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі деректері интеграцияланады. Қалдықтарды жинау, шығару, кәдеге жарату, өңдеу және көму үшін елді мекендерде қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру қолға алынады. Тұрмыстық қатты қалдықтар көму полигондары бойынша экологиялық талаптарға, санитариялық қағидаларға және құрылыс нормаларына сәйкес тұрмыстық қатты қалдықтарды көмуді қамтамасыз ету, заңнама талаптары мен нормаларына сәйкес келетін жаңа тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын салу және заңсыз қоқыс тастайтын жерлерді жою, қалдықтарды кейіннен сұрыптау, қайта өңдеу пункттеріне шығару қолға алынған. Орман ресурстары бойынша, ормандарға ұлттық түгендеу жүргізу мен облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардың айналасын көгалдандыру жоспарға енгізілген. Соңғысы, экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі ұлттық баяндаманы дайындау ұсынылған. Сондай-ақ облыста 9 жел, 6 күн және 6 су электр стансасы бар. Мамандардың сөзінше, аймақ баламалы энергия көздерін өндіруге өте қолайлы. Мәселен, Сарысу ауданында қуаттылығы 100 Мегаватт болатын «Шоқпар» жел электр стансасы салынуда. Жаңартылған қуат көзін өндіретін нысан жобасының құны – 60 миллиард теңге. Жаңатас қаласынан 8 шақырым жерде орналасқан нысанның құрылыс жұмыстарына 200-ге жуық адам жұмылдырылған. Әзірге 22 жел турбиналарының 10-ы орнатылған. – Біз орнатып жатқан электростанса құрылғылары еліміз бойынша ең алып нысан. Мысалы, бағананың ұзындығы 102 метр болса, қанаттарының көлемі – 76,5 метр. Сонымен қоса бұл турбиналардың өндіретін электр қуаты да жоғары. Бұған дейін «Жаңатас» стансасына 2,5 мегаваттық жел диірмендерін орнатқанбыз. Ал бұлардың қуаты 4,8 мегаватқа жетеді, – дейді жел электр стансасының менеджері Наурызбек Жұмағазин. Жел электр стансасы жылына 350 миллион киловатт сағат электр энергиясын өндіреді. Бұл 50 мың абонентті жарықпен қамтамасыз ететін болады. Гүлденген өмірге қол жеткізу және қазіргі заман критерийлері негізінде экономика салаларын дамыту, экологиялық мәселелердің оң шешімін табу – бұл мемлекет пен осы саладағы жауапты тұлғалар ғана емес, сонымен бірге халықпен бірге жүзеге асырылады. Алға қойылған бастамалар мен мақсаттар бәрімізге қатысты. Ол үшін жауапкершілік әрқайсысымыздың күнделікті іс-әрекетімізден саналы түрде көрінуі тиіс. Аяулым ЖАМАНҚАРА aaiauka@mail.ru
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар