Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сұлулық салонын ашқан көпбалалы ана

Сұлулық салонын ашқан көпбалалы ана
ашық дереккөз
Сұлулық салонын ашқан көпбалалы ана
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдауында кәсіпкерлікті дамытуды назардан тыс қалдырған емес. Әсіресе отбасылық бизнесті дамыту, оның ішінде көпбалалы аналарға қолдау көрсету арқылы олардың өз кәсібін ашуына жағдай жасау басты міндеттің бірі ретінде қарастырылды. Мәселен, Президент «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді... Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бір ай ішінде көпбалалы аналарды микро және шағын бизнеске жұмылдыратын, соның ішінде үй жағдайында кәсіппен айналысатындарды да қамтитын арнайы бағдарлама әзірлеуі қажет», деген еді. Содан бері елімізде «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік жобасы арқылы жыл сайын жұмыссыз жүрген көпбалалы аналар лек-легімен оқытылып, оларға мемлекеттен төмендетілген пайызбен несие, қайтарымсыз қаржы беріле бастады. Биыл Меркі ауданында 2 308 адамнан тұратын 342 көпбалалылар санатына жататын отбасы атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысын алған екен. Ал «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 694 азамат оқып, оның 49-ы мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алса, олардың арасында көпбалалы аналар да бар. Былтыр грант алған көпбалалы ананың бірі – Гүлзада Нүсіпбаева. Ол Меркі ауылында тұрады. 2019 жылдан бастап былтырға дейін аз қамтылған отбасы ретінде мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алып келген. Өткен жылы «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекет тарапынан берілетін 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде гранттар беру» бағдарламасына қатысуды ұйғарыпты. – Ол кезде аудандық мансап орталығы «Халықты жұмыспен қамту орталығы» деп аталатын. Осы орталыққа былтыр жаз айында қайырылып, ондағы мамандарға кәсіпкерлік негізінде жүзеге асырылатын оқыту курсына қатысып, өз ісімді ашқым келетінін айттым. Аталған мекеме мамандары маған «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқып, сертификат алғаннан кейін бизнес жоспарымды қорғау арқылы грант ала алатынымды айтты. Осылайша екі апта онлайн курстан өттім. Онлайн оқу барысында тырнақ бояу, бет әрлеу, шаш қиюдың әдіс-тәсілін меңгердім. Қазан айының ортасында өзімнің бизнес-идеямды жүзеге асыру мақсатында комиссия отырысына қатысып, жобамды ойдағыдай қорғап шықтым. Мен онлайн оқудан сертификат алғанымда, жобамды сәтті қорғағанымда «Enbek.kz» электронды еңбек биржасынан телефоныма смс-хабарлама келіп отырды. Өйткені мен осы платформа арқылы оқыған едім. Сол жылдың желтоқсан айында есепшотыма 1 250 000 теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы түсті. Оған маникюр жасайтын үстел, аппарат, үлкен айна секілді керек-жарақтар мен бутик сатып алып, аудан орталығынан жеке сұлулық салонын аштым. Жалпы 4 балам бар болса, оның екеуі мектеп жасында, үлкені 4-сынып оқиды, екеуі балабақшада. Балабақшаға баратын баламның есімі – Әли. Соның құрметіне сұлулық салонының атын «Әли» деп қойдық, – дейді ол. Ол өз жұмысын былтыр қаңтар айында бастапты. Күйеуі осы ауылдағы Ақкөз Қосанұлы атындағы №18 жалпы орта білім беретін тірек мектебінде қарауыл болып жұмыс істейді екен. Ол айына 100 мың теңге тапса, одан бөлек үйге сұлулық салоны арқылы 100 мың теңгеге жуық кіріс кіреді екен. – Меркі ауылында мен байқаған оншақты сұлулық салоны бар болса, оның бес-алтауы осы «Керуен сарай» сауда орталығында орналасқан. Сұлулық салоны арқылы табыс тек осы көлемде ғана болуы аудан орталығында мұндай салонның көптігінен болып отыр. Десе де менің салоным жаңадан ашылған, болашағы алда деп ойлаймын. Қазірдің өзінде тұрақты клиенттерім бар. Бір өзім үлгере алмайтын болғандықтан қасыма Назира Асылбаева есімді таныс келіншекті жұмысқа алғанмын. Мен 33 жаста болсам, ол менен бір жас кіші. Қолынан іс келетінін біліп, нысаннан бір орынды айына 15 мың теңгеге жалға бердім. Оның қанша табыс табатынын өзі біледі. Өйткені ол орынды жалға алу арқылы өз-өзіне жұмыс істеп жатыр. Өте пысық келіншек, екеуміз табысымыз бөлек демесек, бірге жұмыс істеп, елге бірдей қызмет көрсетеміз. Біз ұсынатын қызмет ішінде шаш қысқарту 2 мың теңге, шаш үлгісін жасау 3 мың теңге мен 15 мың теңге аралығында. Тырнақты 4 мың теңгеге боясақ, бетті әрлеу (макияж), беттің түгін жұлуға (шугаринг) 2 мың теңге аламыз. Қасты 15 мың теңгеге бояп берсек, кірпікті 5 мың теңгеге жапсырамыз. Жалпы әйелдер қауымы өзінің бет-бейнесін, дене бітімін күтіп ұстағанды жақсы көреді. Әсіресе сыртқы келбеті әдемі көрінуі үшін нәзікжандылар шаш үлгісін жасатпай, бетін әрлемей жүре алмайды. Біз сәнді шаш қию, шаш үлгісі, той-томалақ, басқа да салтанатты жиынға арналған сұлулық бейнесінің кез келген түрін жасай береміз, – деді Гүлзада Бекбатырқызы. «Әли» сұлулық салонының тұрақты клиенттері жетерлік. Олар аталған сұлулық салоны ұсынатын қызметті ақысына татитынын айтады. – Осы Меркі ауылында тұрамын. Гүлзадаға ай сайын келіп тұрамын. Шашым ұзын болмағандықтан тек сәндетемін (укладка). Ол үшін тұрақты клиент екенімді ескеріп, менен 1500 теңге ғана алады. Одан бөлек қасымды, тырнағымды боятып, кірпік жапсыртамын. Тырнағымды 3 мың теңгеге бояса, қас тергізу 5 мың теңге. Оның мінезі биязы, сөзі сыпайы және адаммен жақсы қарым-қатынас орнатады. Гүлзаданың қызметін қызым да тұтынады, – дейді Әлия есімді тұтынушы. Гүлзада Бекбатырқызы қазір өзіне жүктелген міндетті сапалы, елдің көңілінен шығатындай дәрежеде атқаруда. Бұл оның алдына қойған мақсатының бірі. Ол алдағы уақытта тырнақ әрлеу мамандығын меңгергісі, жалпы маникюр, педикюр ісін үйренгісі келетін қыз-келіншектерге арнайы курс ашып, оқытумен айналысуды жоспарлап жүр. Көпбалалы ана бүгінгі күнде мемлекеттік бағдарлама арқасында жеке кәсіп иесі атанып, отбасын адал еңбегімен асырауда. Дегенмен ол алдағы уақытта кәсіп аясын ұлғайтқысы, шағын сұлулық салонын кеңейткісі келетінін айтты. Ол үшін мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен несие берілсе деген тілегін жеткізді. Жұмыссыздарды кәсіпкерлікке тарту, оларды жұмыспен қамту саясаты адамды масылдықтан арылтып, еңбекке етене араласуға бастайтын оңды қадам. Мемлекеттің азғантай жәрдемақысына малданып, бірде бар, бірде жоқтың күнін кешкенше, өзге де көпбалалы аналар мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланса, сол ұшпаққа жеткізетіні анық. Нұрым СЫРҒАБАЕВ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар