Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АСУ ДА АСУ, БЕЛ ҚОРДАЙ...

АСУ ДА АСУ, БЕЛ ҚОРДАЙ...
ашық дереккөз
АСУ ДА АСУ, БЕЛ ҚОРДАЙ...
«Қордайдың салқын самал қоңыр желі, Тамсантқан табиғаты, асу, белі. Халқы бар әнге құмар, жырға құмар, Ардақты Кенен атам туған жері», – деп жергілікті ақын Құрманбек Қосалыұлының жырлағанындай, расында, Қордайдың табиғаты жұрт тамсанарлықтай. Қордай – Жамбыл облысының шығыс қиырында – оңтүстігінде Қырғыз елімен, шығысында Алматы облысымен шектесіп жатқан аудан. Қойнауына ежелден құт қонып, қасиет дарыған Қордай өңірінің тарихы осыдан екі мың жылдан астам уақыт бұрын халқын жаудан қорғаған алып тұлғалы Қордай батырдың тұсынан бастау алады. Өмір тынысы қырық қатпарлы тарихпен тығыз байланысқан Қордай жері өзге де елеулі оқиғаларға толы. 1456 жылы іргедегі Шу өңіріндегі Қозыбасыда Қазақ хандығын құруға атсалысқан Керей мен Жәнібек сұлтандардың ат тұяғы Қордай жерінде де сайрап жатыр. Мұнымен қатар бұл өлке жоңғарларды ойсырата жеңген Аңырақай шайқасы, қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының ақырғы жорығы сынды талай қантөгіс шайқастардың куәсі болды. Сол Аңырақайда көзге түскен Өтеген батыр Абылайханның қасында жүрген сенімді серіктерінің бірі болған. Туризмге сұранып тұрған тұмса табиғаты жайлы таңды таңға ұрып жырлауға болады. Бұл ретте Қордай жерінің кереметі жайлы Кененнен артық ешкім жырламаған шығар. Табанында Шу өзені тулай ағып жатқан Кекілік Сеңгір тауының Әулиешоқы аталатын шоқысы алыстан менмұндалап тұр. Одан шығысқа қарай ат ізін салсаңыз, кезінде Мәскеуді алмамен қамтамасыз еткен Алмалы жеріне жолыңыз түседі. Ал Қордай асуының адуынды желі бүгінде елдің энергетика саласына жарап тұр. Мұнда еліміздегі алғашқы жел электр стансалары бой көтерген. Сол маңдағы Мұзбел, Сұлутөр жайлауларының қысы қатал болғанымен жазда нағыз салқын самалымен жаныңды рақатқа бөлейтін қасиетке ие. Отардан солтүстікке қарай бағыт алсаңыз, алдыңыздан қазақ-жоңғар шапқыншылығында қазақ халқының тағдыры оңынан шешілген Аңырақай даласы шығады. Қысқасы, мәдениеті мен өнерінің биіктігімен, әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқынымен өзгелерден оқ бойы озған аудан тарихы алдағы уақытта да алтын әріптермен жазылып, еліміздің дамуына, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына қосар үлесі қомақты боларына сенеміз. Алтынбек ҚАРТАБАЙ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар