Қаржы министріне қатысты ақпарат ЖАЛҒАН!
Әлеуметтік желінің қайсысына кіріп қалсаң да қазір еліміздің Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа қатысты сот ісі туралы ақпаратты жиі кездестіресіз. Онда аты-жөні белгісіз қазақстандық бір банктің министрді сотқа бергені және оны полицейлердің ұстап кеткені жайлы мәліметтер мен фотолар толастар емес.
Жуырда Қаржы министрлігі бұл ақпараттың шындыққа еш сәйкес келмейтінін мәлімдеп, желіде әдейі жалған ақпарат таратылып жатқанын хабарлады. Яғни ҚР Қаржы министрлігі Ерұлан Жамаубаевқа қатысты сот ісі туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды stopfake.kz.
«Әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевты полицейлер ұстап жатыр деген фотосурет тарады. Фотоның астындағы сілтемеде министрді Қазақстан банкі сотқа берді деген тақырыппен мақала шығып жатыр. Мұның бәрі жалған», делінген ақпаратта.
Сондай-ақ министрліктің баспасөз қызметі министрге қарсы сот процесі туралы ақпарат пен оның ұсталғаны жайлы фотосуреттер де жалған екенін хабарлады.
«Интернет желісінде қоғамдық тәртіпті бұзатын, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне нұқсан келтіретін жағдайлар жасауға бағытталған анық емес, көрінеу жалған ақпарат таратылуда. Аталған заңсыз әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», деп атап өтті министрлік өкілі.
Еске сала кетейік, Ерұлан Жамаубаевты сотқа берді деген қауесет бұдан бұрын да тараған болатын. Ақпарат жалған болып шықты және ол шын мәнінде криптовалюта саудасына арналған боттың жарнамасы екені анықталды.
Дәл осы министрге қатысты жалған ақпарат белгілі журналист, «Qazaqstan» ұлттық арнасының жүргізушісі Армангүл Тоқтамұратпен де байланыстырылып тарап кетті. Яғни жалған ақпаратта телеарнаның тікелей эфирінде жүріп жатқан сұхбаттың тоқтап қалғаны айтылады. Бұл жөнінде журналист те үнсіз қалмай, әлеуметтік желідегі парақшасында мән-жайдың ақ-қарасын анықтап берген жазба қалдырды.
«Әлеуметтік желіден демалыс алып едім, алаяқтардың кесірінен ФБ-ға кіріп, пост жазуыма тура келді.
«ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың тікелей эфирдегі сұхбатын тоқтатып тастады, Қазақстан банкі министрді сотқа берді» деген жалған ақпарат тарап кетіпті. Сұхбатты оқып, адамдардың қиялына еріксіз күлдім. Ерінбей небір сұрақтар мен небір жауаптарды жазыпты, алаяқтар.
Есті адам мұның фейк екенін бірден түсінер. Сеніп қалатындар да табылады. Сондықтан сұхбат алушы ретінде менің суретім, аты-жөнім көрсетілгендіктен бұл мәліметтердің жалған екенін ресми мәлімдеймін!
Иә, Ұлттық арнада мен жүргізетін «Жедел желіге» министр мырза келіп, өзекті сұрақтарымызға тікелей эфирде жауап берген (суреттер сол эфирден алынған). Шыққан күні 17.02.2023. Толық сұхбат арна сайтында тұр. Біз қойған сауалдар мүлдем басқа! Сілтемеден (төменде) көре аласыздар!
Ал жалған сұхбат – криптовалютаға инвестиция жасауға шақыратын платформаға қатысты жарнама. Құзырлы органдар әрекет жасап, жалған ақпарат өшіріледі деп сенемін!» делінген А.Тоқтамұраттың «Facebook»-тегі парақшасында.
Жасұлан Сейілханов
Келесі мақала