Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТАРИХЫМЫЗДЫ ТАШКЕНТПЕН ЖАЛҒАП ЖАТҚАН ТҰЛҒА

ТАРИХЫМЫЗДЫ ТАШКЕНТПЕН ЖАЛҒАП ЖАТҚАН ТҰЛҒА
ашық дереккөз
ТАРИХЫМЫЗДЫ ТАШКЕНТПЕН ЖАЛҒАП ЖАТҚАН ТҰЛҒА
Біз қашанда «Көрші ақысы тәңір ақысы» деп бағалап, іргелес жатқан елдермен арадағы достығымызға сызат түсірген емеспіз. Біздің бір көзіміз Қырғыз Республикасы болса, екінші көзіміз – Өзбекстан Республикасы. Сондықтан да бауырлас елдермен арада татулық пен ынтымақтан басқа әңгіме болмауы тиіс. Мемлекет басшысының да басты саясатының негізі – ішкі-сырты саяси тұрақтылық пен ел тыныштығын сақтау. Негізінен ала шапанды ағайындармен достық қарым-қатынас бүгін ғана емес, тым арыдан бастау алатынын айта кетуіміз керек. Бұған Әйтеке бидің Өзбекстанның Науаи облысында жерленуі, ал Төле бидің сүйегі Ташкентте жатуы секілді жайттар дәлел бола алады. Жалпы қазақ атқа қонса, қыздары қырымды, ұлдары ұрымды жаулаған. Сондықтан да бабаларымыздың табаны тиген жерде басы жатыр. Біз кеше ғана Тараз төрінен арнайы екі автобуспен тарихи тұлғаларымыздың бірі, аты ұрпақтарына ұран болған Ұлы жүз Дулат тайпасының бір бұтағы Шымыр атаның басына барып, құран оқытып, ас бердік. Мұны Шымыр атаның бір баласы Жиенбеттен тараған ұрпақтары ұйымдастырды. Сондай-ақ асқа исі Шымырдың ұрпақтары түгел қатысты. Дулат руының құрамындағы төрт атаның бірі – осы Шымыр болса, ол өзі ішінен Бекболат, Шыңқожа, Темірболат деген үш атаға бөлінеді. Тарихта Дулаттан Ботпай мен Шымыр егіз туған дегенде деректер бар. Жалпы Өзбекстандағы Шымыр атаның кесенесі үш ұлынан тараған ұрпақтарының арқасында 2000 жылы қайта салыныпты. Айналасы бау-бақшамен көмкерілген кесененің маңайы толған зират екен. Біз Шымыр атаның басына құран оқып шыққаннан кейін ас беру жиыны басталғанша Ташкент қаласының ішінде жатқан Төле би бабамыздың басына бардық. Құдайдың сәтін салғаны шығар, Төле би бабамыздың кесенесінің алдында тұрып, батагөй ақсақалымыз Орынбай Рысбаев көңілі түсіп, «Төле биден қалған бата еді, сендерге соның шарапаты тисін» деп, қолын жайып батасын берді. Баба басына құран оқытып болғаннан кейін өзбек ағайындардың базарына барып, олардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, қайтадан Шымыр бабамыздың кесенесіне келгенше сағат тілі Өзбекстан уақытымен 12.00-ді көрсетіп, асқа келген қонақтар жайғасып жатыр екен. Бұл жолғы асты атап айтқанда Шымыр атаның Бекболат баласынан тарайтын Жиенбет ұрпақтары беріп, жиынға бас-аяғы 300 адамдай жиналды. Дәстүр бойынша арнайы Түркістан облысынан алдырған Мағаз имам құран оқыды. Ары қарай Шымыр атаның әр атасынан тарайтын игі жақсы ұрпақтары бірінен кейін бірі сөз алып, бірі алғысын айтса, бірі батасын беріп жатты. – Біз бүгін аруақты бабамыздың басында бас қосып отырмыз. Әулие Шымыр атамыз қазақ хандығының қалыптасып, нығаюы кезінде өмір сүрген, өз заманының қайраткер кемеңгер тұлғасы. Ташкент, Сайрам қалаларында билік жүргізіп, бек атанған Шымыр бабамыз ұрпақтар есінде мәңгі сақталады. Сондай-ақ Шымыр бабамыз өзі ғана батыр болған жоқ. Оның ұрпақтары да батыр болды. Шымыр арысы қолбасшы Қойгелді батыр, Байзақ датқа, Балуан Шолақ, берісі Ақәділ Сухамбаев, Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы сынды батырлар мен біртуар ұлдардың шыққан тегі. Бабамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, – деді облыстық «Шымыр ата» қоғамдық кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов. Жалпы Шымыр ата ұрпақтары баба рухына арнап жыл сайын ас беріп келеді. Биылғы игі шара да сол ізгі дәстүрдің жалғасы. Мысалы, 2002 жылы алғаш рет Өмірбек Байгелдінің ұйымдастыруымен жалпы Шымыр ұрпақтары ас берген. Содан бері жыл сайын Шымыр атадан тарайтын әр рудың бетке ұстар азаматтары ас беріп келеді. Негізінен Шымыр ата ұрпақтары Түркістан облысы мен Жамбыл облысында тұрады. «Елдестірмек елшіден» дегендей елмен-елді бабаларымыздың рухы да жалғайды. Олардың сүйегінің жатқан орны көршілес ағайындарды бір-біріне жақындастырып, тұтастырмаса арасын алшақтатпайтыны анық. Олардың кесенесі біздің ұлы достығымыздың, тұтастығымыздың алтын тұғыры. Және бауырлас екеніміздің, туыс екеніміздің айқын дәлелі. – Бүгінгі біздің республикамызда беріліп жатқан, батыр баба Шымырдың рухына арналған астарыңыз бен зияраттарыңыз қабыл болсын. Бұл көршілес екі елдің достығының, татулығының бір көрінісі. Ташкентте жатқан Төле би, Шымыр сияқты тұлғалардың сүйегі екі ел арасындағы татулықты нығайтпаса, суытпайтыны анық. Біздің мақсатымыз да көршілес елдермен бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүру. Елімізде осындай бейбітшілік және ұлтаралық достықтың алтын жібі үзілмей, барыс-келісімізбен, алыс-берісіміз үзілмесін, – деді Өзбекстан өкілі Химайддон Ташболатов. Шымыр атаның жатқан жерінде қалың зираттық бар болғанымен өте таза ұсталыпты. Айналасында шөптерден гөрі гүлдер, неше түрлі розалар жайқалып тұр. Мұндағы шырақшыға қарау ақысын беруді де Шымыр атаның балалары өз міндетіне алған. Мысалы, 2020 жылы Шымыр баба басындағы кесененің жылдық коммуналдық қызметін және шырақшының жылдық еңбек ақысын қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді төлеген. Ал 2021 жылы кесененің жөндеу және қарау қызметінің ақшасын Түркістан облысындағы Шымыр баба ұрпақтары көтерген.

Шапағат ӘБДІР Тараз-Ташкент-Тараз

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар