Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Омарбек батырдың болмысы

Омарбек батырдың болмысы
ашық дереккөз
Омарбек батырдың болмысы
Бізге мына байтақ жер ата-бамыздың қанымен, маңдай терімен һәм ерлігімен келген. Бейбітшілікті, еркіндікті қастер тұтқан халқымыздың ел мен жердің тұтастығын сақтау жолындағы күш-қуаты батырлардың өрлігі мен ерлігіне де тікелей байланысты. Қазақтың ел болып кету жолына хандар мен билердің, батырлар мен шешендердің сіңірген еңбегі орасан. Мәселен, Омарбек Жантайұлы қазақ тарихында орны бөлек, тарихи тұлғаның бірі. Ол патша заманындағы би мен болыстардың озбырлығына қарсы күрескен, халқы үшін жанын қиған нағыз ер. Жазушы-журналист Нағашыбек Қапалбекұлы да Омарбек батыр туралы аз еңбектенген жоқ. Омарбек батырдың болмысы «Кек» романында боямасыз дәл берілген. Жалпы, қоғамдық бейбітшілік пен әлеуметтік тұтастықтың ең басты көрсеткіші – ел бірлігі. Сол замандағы қиындыққа қарамастан Омарбек батыр оңайлықпен сынбайтын, қайғыға қайыспайтын, ешқашан жамандыққа берілмейтін, жаратылысы өз алдына нағыз батыр, халық мақтанышы болып қалды. Тарих өткен күннің естелігі болса да, қазіргі ұрпақ көкейінен де, болашақ ұрпақ санасынан да өшпейтіні анық. Аталған романда да осы жайттың лебі анық сезіледі. Романның басты кейіпкері Омарбек Жантайұлының елі үшін соңғы демі қалғанша, халқына көрсетілген әділетсіздікпен күрескендігі, бүгінгі ұрпақ көкейінде нағыз ер, патриот ретінде сақталды. Батыр – ол елінің мүддесі үшін сын сағатта қолынан келген барлық мүмкіндікті жасайтын адам. Нағыз батыр Омарбек Жантайұлының да есімі ел есінде мәңгі сақталмақ. Романда Омарбек батыр мен патша өкілдері және би-болыстардың арасында орын алған дау мәселелерін анық көруге болады. Ал кез келген дау белгілі бір оқиғаның, тарихи фактордың негізінде орын алары сөзсіз. «Кек» романында кездесетін кейіпкерлер арасындағы дау мәселесі сол күндердегі тарихи оқиғалардан сыр шертеді. Дау – бұл әртүрлі тараптар арасында қоғамдық мәселелер бойынша қарама-қайшы көзқарастар барысында туындайтын келіспеушілік. Романның алғашқы «Сабылтайдың әкесінің асында» бөлімінің өзінде бірнеше мәрте дау өзекті мәселе ретінде көтеріледі. «...Уа, Омарбек, күллі Жетісудағы ерлердің аруағы көтеріліп жатқанда, сенікі не жатыс, бір үн қатпай?! Ел басына күн туған осындай заманда сендей намысты ерлер қол бастамайтын ба еді? Тұр, беліңді бекемдеп атқа қон, аттандап, езілген жұртыңның, егілген жұртыңның еңсесін көтер! Баста жұртыңды, озбыр жұртқа қарсы! Тап бүгін тұяқ серпер күндерің, бас көтерер сәттерің келді! Тұр, деймін саған!..» деп аталған романның 1-бөлімінің 3-бетінде жазылған. Түсінде ата-бабалары осылайша Омарбек батырға аян береді. Бұл батырдың намыс жігерін қайрап, халқы үшін күреске түсуіне себеп болды. Батыр ауқатты отбасынан болса да, жастайынан дала кезіп халық жағдайын көзбен көріп, қарапайым халыққа жақын болып өскен. Романда батырдың ішкі даусымен күресі айқын көрініс табады. Батырға берілген аянның даусы біраз уақыт бойы оны мазалап, құлағынан кетпейді. Оның іс-әрекетін сынап, әмір беріп, бұйырып сөйлеген дауыстың мән-мағынасын біраз уақыт бойы түсіне алмаған ол, ел жағдайын терең ойлап, көзбен көрген, ортасында жүрген жөнбілерлермен тілдесіп, өз-өзімен ішкі дауға түседі. Күртінің болысы Сабылтай да, сол тұстағы көптеген би мен шенділер секілді қарапайым халықтан өзін жоғары ұстайтын, әділетсіз, озбыр ел билеушілерінің қатарынан болған. «Сабылтайдың әкесінің асында» бөлімінде: «Сәл нәрсеге шатынап тұратын қатыгез Сабылтай дүние жинаудың және керек кезде елге жағынудың түрлі әдіс-айласына да шебер болып алған», деп сыйпатталған. Сабылтай ол тек өз пайдасын ойлап қалған, қалай істесем тағы да байиды екенмін деп жүретін, ел арасында сыйлы болса да, шын мәнінде ешкімге құрметі жоқ болыс болған. Сабылтайды ел оның қарапайым халыққа, тіптен өзінің бір туған жақынына көрсеткен озбырлығы үшін де жақтырмайтын. Омарбек батыр мен Сабылтай байдың арасындағы даудың туындауына әділетсіздік себеп болды. Батырдың Сабылтай болыс туралы ойы да дәл осы бөлімде көрсетілген. Ал қарапайым халықпен бірге өскен Омарбек батырды ел шын жақсы көретін, құрметтейтін. Омарбек батыр халықтың бар мұңын қостайтын. Романның ортасында «Бекболат батырды хан көтерді» бөлімінде Үлкенсаздағы жиын соңында Бекболат қасындағы сарбаздарымен қалай қорғану керек, қару-жарақтарды қайдан алуға болатынын жоспарлап отырып, Қаскелең өзенінің бойындағы Бестоғай ауылының болысы Қырбайдың үйіне жол тартады. Қырбай да орыс шенділерімен бірігіп Омарбек пен Тоқашқа қарсы шығып, арада дау туады. Орыс жандайшаптары Қырбайға бұл бүлікшілікті тоқтатсаң хәкім етеміз деп, одан бетер екеуара дауды одан әрі ушықтырып жібереді. Бірақ Омарбек есесін жібермейтін, қайтпайтын тұлға. Омарбек образы тарихта қазақ халқының намысшылдығының көрінісі бола алды. Омарбектің «Алматыдағы абақтыда» бөлімінде әскери тергеушінің Омарбек батырды ұстап алып, өз адамдарыңды бір жерге шақырып берсең, аман қаласың деген ұсынысына оның: «Әй, жетесіз! Тілдеріңді алып солай етсем, жаңа сен айтқан қазақтар арасындағы абыройымнан не қалады? Мен өлсем өлейін, бірақ қандыкөйлек достарымды тірімде сатпаспын. Олар аман болса, күндердің күнінде сендерден біз үшін кек алары анық. Тіпті болмағанда, солардан қалған ұрпақ күндердің күндерінде кек алады», деп тіл қатуы ержүректілік. Бұл дегеніміз қазақ халқының, әсіресе қазақ жігіттерінің қаншалықты абыройлы, намысшыл, өз елін, өз жерін сатпайтын патриот екендігін көрсетеді. Омарбек батырдың бұл жауабы қазақтың ерлерін екіжүзділік, сатқындық, абыройсыздық деген жаман қасиеттердің бойға сіңуінен сақтап тұр. Халқына көрсетілген әділетсіздікке шыдамаған Омарбек батырдың нағыз өжеттілігі мен қаймықпас қайсарлығы дәл осы «Бекболат батырды хан көтерді» бөлімінен анық көрініс табады. Романның «Тасыған өзен сел болар» бөлімінде Омарбек батыр бастаған топ пен патша шенділерінің бұйрығымен келген орыс солдаттар арасындағы дау туралы баяндалады.Тау-тас асып, тығылып, оқ жаудырып, елім-жерім деген қазақтардың батырларының қайтпас қайсарлығын осы бөлімнен байқаймыз. Омарбек батыр әділеттіліктің жақтаушысы болды. Қазақ тарихындағы ұлт азаттық көтерілістер мен соғыстың түбі, әділетсіздіктің кең етек жаюында жатыр. Дәл осы көтерілістер патша заманындағы үлкен даудың айқын көрінісі. Бұл дауда көтерілгендердің барлығы, патша заманындағы биліктегілер мен патша шенділерінің қарапайым халыққа көрсеткен озбырлығы мен әділетсіздігіне қарсы болды. Омарбек батырдың ерлігін романдағы кез келген даудан анық байқауға болады. Батыр бар ғұмырын халқы үшін күреспен өткізді. Омарбек Жантайұлының өз басын ғана ойламай, қарапайым халықтың қамы үшін елін, қазақтардың намысын қорғағаны жайдан жай емес. Кітапта Омарбек батырдың қаталдығы, тік мінезділігі көп жазылғанымен, оның өз алдында бас иген, жалынған адамға залымдық көрсете алмайтын мейірімді болғандығын айтып өткен жөн. Басына қанша қиындық туып тұрса да, қаймықпай, берілмей, бір Құдайға сыйынып өзінің дегенін істеткен Омарбек батырға қалай риза болмасқа? Оны қалай үлгі тұтпасқа? Осындай біртуар батырлардың жан айқайы шенділерге жетпегені қынжылтады. Елі үшін қанын төккен, жанын берген Омарбек Жантайұлы әрқашан да ел есінде. Артынан өшпес із қалдырған ұлы тұлғаның дәл біздің, қазақтың батыры екендігімен шын жүрекпен мақтанамыз.

Арайлым ЕРШЕЕВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ІІІ курс студент

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар