Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Отбасы банктің» оңтайлы шешімдері

«Отбасы банктің» оңтайлы шешімдері
ашық дереккөз
«Отбасы банктің» оңтайлы шешімдері
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «Отбасы банк» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның облыстық филиал директоры Нұрлан Сұлтанов облыста «Отбасы банктегі» Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру жөнінде баспасөз конференциясын өткізді. Оның айтуынша, биыл 15 тамыздан бастап Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жергілікті атқарушы органдарда баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін әлеуметтік тұрғын үйлерді бөлу жаңа әдіспен жүзеге асырылған. Бұл әдіс бойынша, 10 пайыздан басталатын алғашқы жарна болған жағдайда несиелер жылдық 2 пайыз және 5 пайыз мөлшерлемесімен беріледі. Несие мерзімі 20 жылға дейін болады деген Нұрлан Сұлтанов қандай санаттағы адамдардың бұл несиені ала алатыны турасында да тоқталды. – Қолжетімді несие алуға өтініш бере алатын азаматтарға бірінші және екінші топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, көпбалалы аналар жатады. Қазір осы төрт санат бойынша 227 мың қазақстандық баспана кезегінде тұр. Оның ішінде 51 мыңы І және ІІ топтағы мүгедектер. «Отбасы банкінің» аталмыш санаттағы азаматтарды несиелеу тәжірибесі бар. Бүгінгі күні бұрын қолданыста болған бағдарламалар бойынша 564 адам заем рәсімдеген, олардың тең жартысы кепілгер тартқан. Өйткені кез келген банктен несие алу үшін сізде табыс пен төлем қабілеттілігін растайтын құжат болуы керек. Мүгедектік бойынша жәрдемақы қосымша табыс ретінде ғана қарастырылады. Егер мүмкіндігі шектеулі азаматтың кірісі болмаса немесе жеткіліксіз болса, онда ол қосымша қарыз алушыларды тарта алады. Ал бұрын бұл мақсатқа тек жақын туыстары – күйеуі немесе әйеліне, я болмаса кәмелеттік жасқа толған балаларына ғана кепілгер ретінде қатысуға рұқсат берілетін. Сондай-ақ I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарды қолдау үшін және олардың баспана мәселесін шешуге көмектесу мақсатында қосымша қарыз алушылардың тізімі кеңейтілді. Енді кепілгер ретінде олардың туған ата-анасын, асырап алған ата-анасын, асырап алған балаларын, бір ата-анадан туған және бір ата-анадан тумаған аға-інілері мен апа-сіңлілерін, сондай-ақ атасы, әжесі, немерелерін және үшінші тұлғаларды тартуға болады. Пәтер сатып алу мәмілесі тікелей мемлекеттік бағдарламаға қатысушымен жасалатын болады. Бұл жағдайда І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адам еңбекке жарамсыз болса, өкінішке қарай, ол мемлекеттік бағдарламаға қатыса алмайды. Тағы бір жаңашылдық, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша, кредит алу барысында барлық санаттар үшін кіріске шектеу қойылмайды. Бұған дейін мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес отбасының әрбір мүшесінің соңғы алты айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1-ден (2 пайыздық мөлшерлеме бойынша несие алу үшін) және 3,7-ден (5 пайыздық мөлшерлеме бойынша несие үшін) аспауы керек деген талап бар болатын. Ол тиісінше 125 757 және 150 098 теңгені құрайтын. Мәселен, бұл сома белгіленген нормадан кем дегенде 100 теңгеге асып кетсе, отбасы қолжетімді заемнан қағылып, баспана мәселесін шеше алмайтын. Ал қазір тұжырымдамаға сәйкес қатысушылар кредиттің ең жоғарғы сомасы бойынша шектелмейтін болады. Бұрын аймаққа байланысты ол 10 миллионнан 18 миллион теңгеге дейін болатын. Енді кредит сомасы пәтер құнына негізделіп, тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің бағасынан қалыптасады. Әлеуметтік тұрғын үй 3-4 жайлылық класына сәйкес келіп, пәтердің максималды ауданы 80 шаршы метрден аспайтын болады, – деді Н.Сұлтанов. Тағы бір айта кететін жаңалық, енді мемлекеттік бағдарламаға қатысу туралы өтінімдер «otbasybank.kz» жылжымайтын мүлік порталында жылжымайтын мүлік объектілері аясында қабылданатын болады. Бұл – бұдан былай бүкіл Қазақстан бойынша өтінімдерді жалпылама қабылдау болмайды деген сөз. Яғни мемлекеттік бағдарламалардың әлеуетті қатысушылары енді бірден белгілі бір аймақтағы нақты нысандағы нақты пәтерді таңдап барып өтінім беретін болады. Ш.ӘБДІРұлы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар