«Сергек» камераларының Қытайға қатысы бар ма?
Жуырда әлеуметтік желі парақшаларында «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешендері («Сергек» камералары) қазақстандықтардың дерегін Қытайға жіберетіні жайлы видео тараған еді. Нақтырақ айтсақ, видеодағы ер адам «Сергек» – тыңшылық жасағаны үшін АҚШ-тан шеттетілген 28 компанияның бірі. Бұл компанияның сервері Астанада орналасқан, ол жерде бірде-бір қазақ, бірде-бір орыс жоқ, таза қытайлар жұмыс істейді. Олар тек Қытай үкіметі үшін жұмыс істейді» деген күмәнді дерек келтіреді.
Осы орайда біз бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін нақтылау мақсатында ізденіп көрген едік.
Біріншіден, басын ашып алайық, «Сергек» компания емес, ол – қоғам мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйе, кешен. Оның негізін отандық «Көркем Телеком» ЖШС қалаған, ол «Sergek Group» компаниялар тобына кіреді. Кәсіпорын Қазақстанда тіркелген және АҚШ үкіметі тарапынан санкцияға ұшырамаған.
Сыбыстың шығуына «Сергектің» әзірлеушісі «Көркем Телеком» ЖШС-ның қытайлық серіктесі бар екені туралы ақпарат әсер еткен болуы мүмкін. Мысалы, informburo.kz сайты 2018 жылы компания техникалық серіктес ретінде «Dahua Technology»-ды таңдағанын жазды, «әрі мұны жасырмайды» деді. Қытайлық «Dahua Technology» – Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуына қатысы бар деп АҚШ тарапынан санкцияға ұшыраған 28 компанияның бірі. Видеодағы ер адам осы ақпаратты негіз етіп алып, бұрмаласа керек. Дегенмен «Көркем Телекомның» қытайлық компаниямен серіктестігін дәлелдейтін дерек «Сергек» компаниясының сайтында да, «Dahua Technology» сайтында да жоқ.
Сонымен, «Сергек» компаниясының сервері Астанада орналасқан, ол жерде бірде-бір қазақ, бірде-бір орыс жоқ, таза қытайлар жұмыс істейді деген ақпарат жалған болып шықты.
Жоғарыда жазғанымыздай, «Көркем Телеком» ЖШС Қазақстанда тіркелген, ал оның құрылтайшылары қазақстандық – Қайрат және Әсет Ахметовтер. Компанияда Қазақстанда тұратын қазақтар мен басқа этнос өкілдері жұмыс істейтінін түсіну үшін жобаға қатысты сайттарды қарап, қызметкерлер тізімін көріп шығу жеткілікті.
2020 жылы дәл осы ақпарат тарай бастағанда компанияның баспасөз хатшысы деректің жалған екенін, компанияда қытайлардың жұмыс істемейтінін мәлімдеді. Қазір жұмысшылар ішінде қытай ұлты өкілінің бар-жоғы нақты емес, бірақ олар болған күннің өзінде бұл жағдай дабыл қағатындай емес.
Сондай-ақ қазақстандық- тардың деректері Қытайға сатылып жатыр деген ақпарат та дәлелденбеген.
Жалпы жоғарыда тексерілген мәлімдемелердің жалғандығы мұның да шындыққа сәйкес келмейтінін көрсетеді. Дегенмен фактчекиңде біз тек ашық деректерге сүйенуіміз керек. Ал бізде бар ақпарат қазақстандықтардың деректері сатылып жатыр не сатылмайды деп біржақты айтуға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты «дәлелденбеген» деген үкім қоямыз.
Дегенмен компанияның өз ақпараты мен мемлекеттік деректерді келтіре аламыз. «Sergek.tech» сайтының мәліметі бойынша, видеокамералар түсірген бейне қалалық ахуал орталықтарына жіберіледі. Онда полиция қызметкерлері жағдайды бақылап, қажет болса, шара қолдана алады.
«Tengrinews.kz» порталының ресми сауалына «Sergek Group» компаниясы «Сергек» жазбаларын тек құқық қорғау органдары көре алатынын айтқан. Яғни барлық дерек сенімді қорғалған қазақстандық серверлерде сақталады. Әрбір деректі өңдеу орталығы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Мемлекеттік техникалық қызметінде тиісті тексеруден өтеді.
Компания IT егемендікті жақтайтынын және отандық мамандар әзірлеген бағдарламалық қамтамасыз ету мен шешімдерді қолданатынын атап өткен.
Бұдан бөлек «Tengrinews.kz» сайтының ресми сауалына жауап берген Алматы әкімдігі «Сергек» жобасы қалалық полиция басқармасы мен «Көркем Телеком» ЖШС арасындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылатынын хабарлаған. Ал бейнекамераның жазбасы 30 күн сақталады.
Тағы бір айта кетерлігі, қасақана жою және жоғалту деген болмайды, өйткені жүйе пайдаланушыларының барлық әрекеттері сертификатталған бақылау бағдарламаларымен жазылады. Бейнежазбаларға полиция департаменті қол жеткізе алады. «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешендеріндегі деректерді уәкілетті тұлғалар (тергеушілер, адвокаттар) ғана полиция департаментіне жазбаша өтініш беру арқылы алады.
Сергек – жол мен көшедегі түрлі құқық бұзушыларды анықтайтын интеллектуалды бейнебақылау, талдау және болжау жүйесі. Жүйенің кешеніне бір немесе бірнеше камера орнатылады. «Сергек» бейнебақылау камераларын орнату негізінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. «Сергек» жүйесінің жұмыс қабілетін, техникалық қызмет көрсетуін және қолдауын «Көркем Телеком» ЖШС қызметкерлері қамтамасыз етеді.
Компанияның өз дерегіне сүйенсек, қалаларда орнатылған камераның жалпы саны 30 мыңға жуықтаған. Ал биыл наурызда Ішкі істер министрлігі «Сергек» жобасы еліміздің тоғыз қаласында: Астана, Алматы, Өскемен, Атырау, Шымкент, Түркістан, Тараз, Семей мен Ақтауда жүзеге асырылып, барлығы 34 мыңнан астам камера орнатылғанын хабарлаған.
Жасұлан Сейілхан
Келесі мақала