Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МЕРКІ ТАУЛАРЫ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА СҰРАНЫП ТҰР

МЕРКІ ТАУЛАРЫ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА СҰРАНЫП ТҰР
ашық дереккөз
МЕРКІ ТАУЛАРЫ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА СҰРАНЫП ТҰР
Тарихтың тереңінен сыр шертетін туған өлкеміздің аудан болып құрылғанына биыл 95 жыл толады. Осынау мерейлі мерекеге орай туған жердің тылсымын одан әрі насихаттап, насихаттап қана қоймай, оны қалың жұртшылыққа дәріптеу маңызды. Меркі жер өзінің табиғатымен өзге өңірлерден ерекшеленеді. Мұнда тарихтың таңбасындай болған – қойнауы жәдігерлерге толы жайлаулары, мәңгі қарлы мұздықтар басқан мұнарлы шыңдары, сарқырай аққан өзендері, тылсымға толы көлдері бар. Сондықтан Меркі тау шатқалдарының туризмді дамытуға мүмкіндігі мол. Осындай табиғаты тамаша киелі өлкедегі туризмді дамыту және оны көпшілікке насихаттау бүгінгі күні өте өзекті мәселе. Осы бағыттағы жұмысты аудан әкімі Жорабек Баубеков әу баста-ақ қолға алып, бастама көтерген болатын. Меркі тауларындағы туризмді дамыту мақсатында өлкенің флорасы мен фаунасын сақтау үшін Ұлттық парк құру, экологиялық таза орта қалыптастыру, сервистік кешендердің жұмысын жолға қою сынды мәселелердің шешу жолдары жүйеленіп, күн тәртібіне қойылған болатын. Міне, ауқымды бастамалардың алғышарты ретінде ҚР Конституциясы күні мен ауданның 95 жылдық мерейтойына орай жуырда Меркі тауларының «Құмбел» шатқалында Қазақстан Республикасының альпинистер фестивалі өтті. Аталған іс-шара облыс әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасы, аудан әкімдігі, сондай-ақ Жамбыл облысының альпинизм, радиобағдарлау және спорттық туризм федерациясының бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді. Оған туризм басқармасы мен федерациясынан келген мамандар, сонымен қатар Алматы, Түркістан және Жамбыл облысынан келген альпинист спортшылар  қатысты. Фестивальдің ашылуы салтанатты түрде өтіп, онда аймақтың жауапты басшылары өңірдегі туризмді дамыту мәселелері жайында пікір алмасып, өздерінің ұсыныстарын енгізді. Альпинизмді дамыту арқылы туризм мен бұқаралық спортты дамыту, туған өлкені дәріптеу сынды бірнеше бағыттағы жұмысты жандандыруға болатыны жайында орамды ойлар айтылды. Шара қатысушылары, яғни осы саланы зерделеп жүрген мамандар Меркі тауларының әлеуеті бұған толықтай жеткілікті екенін алға тартты. Тек осы бағыттағы жұмыстар назардан тыс қалмай, үнемі ұйымдастырылып тұрса, қолдағы бар мүмкіндікті тиімді пайдалана аламыз дейді. Осы орайда, аудан әкімі Жорабек Баубеков фестивальдің мән-маңызын аша түсті. Аудан әкімі өз сөзінде: «Меркінің тауларында жалпы альпинизммен шұғылдануға мүмкіндік беретін 12 шың бар. Оның ішінде биіктігі 3 мың метрден асатын 3 шыңның әлі күнге дейін атауы жоқ. Сондықтан бүгінгі фестиваль аясында осынау шыңдарды бағындырып, оларды өзіміздің тарихи құндылықтарымызбен байланыстырып атасақ дейміз. Сондай-ақ спорттық туризмді дамытып, альпинизммен айналысуды дәстүрге айналдырсақ деген жоспарымыз да бар», деп, альпинист спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Назарбек Ізімбетов пен облыс әкімдігі туризм басқармасының орталық менеджері Бекарыс Боранбай сөз алып, туризмді дамыту мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді. Сонымен, үш күнге созылған фестиваль аясында жалпы 4 шың бағындырылды. 4020 метрлік шың – жерлесіміз, белгілі Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың, 3 610 метрлік шың – тарихи тұлға, биыл 290 жылдығы аталып өтетін Жауғаш батыр Қырбасұлының есімімен аталды. Сонымен қатар 3 802 метрлік тағы бір шың Елубай Егембердиев атынан бағындырылды. Осынау іс-шараға «Меркі ет» комбинатының директоры Берік Егембердиев, жеке кәсіпкер Арнас Несіпбаев және «Бөрібай» шаруа қожалығының басшысы Аманбай Бектұғұлов демеушілік жасап, фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Қазыбек КАМАЛ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар