Тахауи Ахтанов биігі
Халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы, драматург Тахауи Ахтановтың туғанына биыл 100 жыл болады. Әрине, әдебиеттен, көркем шығармадан алыстап бара жатқан бүгінгі ұрпақ Ахтановты қаншалықты дәрежеде біледі дегенге кесімді жауап айту қиын болар. Бірақ кешегі бір уақыттарда – қалың көпшілік әдебиетті құлшына оқитын кезде Т.Ахтановтың прозасы қолдан түспей оқылатын. Күні кешеге дейін пьесалары, әсіресе «Ант» трагедиясы мен «Күшік күйеу» комедиясы театр сахналарынан түспейтін.
Менің ғылымдағы жолым осы жазушымен түйіскеніне өзімді бақытты сезінемін. 1973-1977 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетінде оқығанда жазушылардың үлкен жиынына, яғни Жазушылар одағына студенттер болып барып тұратынбыз. Сондай бір Жазушылар одағына барған сәтімде Тахауи ағаның мінберде тұрып сөйлегеніне тәнті болғаным бар. Қағазсыз, шешен тілмен әдебиеттің өткір мәселелерін қозғап, кеңінен сөйлеген. Залдағы дүйім жұртшылық тым-тырыс. Екпінді, ашық үн бәрін билеп алғандай. Тахаң сөйлеп болып, сахнадағы алқалы топтың жанынан орын алғанда барып зал дүр етті. Төбе би болып отырған Ғабит Мүсіреповтен бастап аға жазушылар риза болғандай бастарын изеп, құрмет білдірісіп жатты. Осы көрініске ұқсас жай кейін ақын, сыншы Сейфолла Оспановтың тарапынан суреттелді.
«...Менің таңғалғаным, тып-тыныш жатқан ақ шулан шаштың кенет сөз сөйлеген сайын бірте-бірте күдерлене көтеріліп, ең жоғарғы кульминациясына барғанда өз-өзінен желкілдеп, қайдағы бір сағымды пырақтың көкке шаншылған жалындай айбаттанып, қайраттанып сала бергені болды. Аузындағы шешендік отты сөз бен басындағы ақшулан шаштың ұласқан құдіреті күмбезді көкірегіндегі көмбені көтеріп жатқандай әсер тастады. Зал тып-тыныш, шыбынның ызыңы естілмейді. Елдің бәрі сол бір шырқыраған шындықтың отты лебіне тұншығып қалғандай. Осы қалып қашан Тахаңның мінберден түскеніне дейін ұсталды да, кенет ду қол шапалақтау залды басына көтеріп кетті. Әр жерден «қайран, Тахаңдаған» дауыстар шығып жатты. Бағанағы әрқайсысы таяқтай боп көтерілген ақшулан шаш та бірте-бірте өз қалпына түсіп, төрде отырған әрқайсысы бір-бір пайғамбар шалдардың бір шетіне барып отыра кетті. Олар да мәз болғандай отырған орындарынан сәл қозғалақтап, өз ризалықтарын бірінен соң бірі бас шайқап білдіріп жатыр… Тахаңның алғаш рет құдіреттілігін қатты сезгенім осы болды», дейді қаламгер.
Бұл шамасы Т.Ахтановтың 50-дің үстіндегі кезі. Арада 20 жылдың үстінде уақыт салғаннан соң әйгілі жазушымен кездесу мүмкіндігі болды. Профессор Мекерия Атымовтың жетекшілігімен «Т.Ахтановтың драматургиясы» тақырыбында кандидаттық диссертацияны дайындап жүрген кезім. Әрі-бері ойлана келе, автормен байланыс жасауым керек деген шешімге келгенмін. Біріншіден, жазушының шығармасын автордан артық білетін адам жоқ. Оның айтқан сөздері диссертацияны тереңдетуге, қайбір тұстарын қайта ойлауға негіз болуы мүмкін. Екіншіден, дисертация қорғауда арқа сүйейтін мықты тірегің болуы қажет тәрізді. Отыздың үстіндегі кезім, тәуекелшілдігім басым болды ма, Алматыға барған бір күнімде хабарласып, Шевченко-Фурманов көшесінің қиылысындағы үшінші, әлде төртінші қабаттағы пәтеріне бардым.
Жазушы жылы қабылдады. 70-ке келіп қалған кезі. Біраз сырқаттанып жүр екен. Бір кездегі кейін қайырылған қайратты шашы бурыл тартып, сирей бастаған. Жып-жинақы, ықшам денелі жұбайы Гүлшара апай құйып берген күрең қызыл шайды балмен баптап ішіп отырды. «Мен хаттарына ғашық болдым... Боратып жазған махаббат хаттарымен Тахауи менің жүрегімді жаулап алды ғой. Оның үстіне ол жас кезінде сұлу да сымбатты болды» деп айтатын Гүлшара апай ғой бұл. Шай ішіліп болған соң қонақ жайға барып, жазушы шығармашылығы жайлы әңгіме-дүкен құрдық. Мен алдын ала дайындап барған сұрақтарымды қойып жатырмын. Шыны керек, драматургиясы туралы диссертация жазып жатқандықтан ба, жазушының пейілі жақсы болды.
Диссертация қорғайтын уақытым белгіленген. Автореферат шығарғанмын. Авторефератымды алып жазушының үйіне тағы бардым. Сөз арасында: «Аға, мүмкіндік болса, пікір жазып беріңіз» деймін ғой баяғы. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, ештеңеден тайынатын түрім жоқ. «Кейінірек келерсің, жұмысыңды қарап шығайын», деді. Арада үш-төрт күн өткенде жазушының үйіне тағы бардым. «Қағаз-қаламыңды ал, жаз, мен айтып отырамын», деді. Жазушының үнінде бір жайлылық бар екен. Ол айта бастады, мен жылдам жазып отырмын. Кейін машинкаға бастырып әкелдім. Қолын қойып берді. Бұл жазушының менің еңбегім жөніндегі ресми бағасы еді.
«Ғылыми ізденуші Сәмен Оразғалиұлы Құлбарақовтың «Т.Ахтановтың драматургиясы» диссертациялық жұмысы туралы пікір
Диссертация маған ұнады. Автор өз шығармасы туралы ойлағанда, ең алдымен, жетпей жатқан жағын ойлайды. Ал барына онша ой жүгірте қоймайды. Сол себептен де болар, осы диссертацияны оқығанда өзімнің драматургиямның сырына терең үңіліп, өз жазғандарымды өзім жаңадан танығандай болдым. Диссертацияның басты құндылығы да осындай сипатында болса керек.
Бұрын да әр жерлерде айтылып жүрген (өзімнің драматургиям туралы) пікірлермен таныс едім. Ал мына еңбекте сол үздік-создық айтылған пікірлерді жүйелі бір арнаға салып, терең талдаған. Бұл тұтас еңбек болып шыққан. Диссертацияның екінші құндылығы осы сипатында болса керек.
Үшінші қасиеті – автордың өзіндік өзгешелігінің сырын жақсы ашқан. Ол өзгешелік сыр әр пьесаны өн бойында көктеп өтетін психологизм еді. Сол психологизмді диссертант дәл әрі терең бойлай талдаған.
Төртінші қасиеті – бұрын айтылмаған соны, орнықты пікірлер диссертацияның өн бойында есіп отырады. Ол әсіресе «Сәуле», «Ант», «Әке мен бала» пьесаларын талдаған тұстарда айқын көрінеді. Пьесалардағы кейіпкер тілдерін, ақ өлеңді талдауда қызғылықты жемісті шыққан. Сын да әдебиеттің бір жанры ғой. Әдебиет дегенде қай жанры болмасын, ең алдымен, тіл факторы тұрады ғой. Сол тұрғыдан алғанда тілі жатық, оқуға да, ұғынуға да жеңіл. Терең ғылыми ұғымды ауырлатпай, әсерлі тілмен бере алған. Диссертация шын мәнінде ғылыми зерттеу болып шыққан.
Халық жазушысы Тахауи Ахтанов. 28 желтоқсан 1993 жыл».
Бұл пікір сол кезде мен үшін өте бағалы және қажетті еді. Арқамды тауға тірегендей қуат алдым. Алдыңғы келгенімде диссертацияның авторефератына қолтаңба жазып берген. «Сәмен ініме! Әдебиеттің сырына көңіл көзімен терең бойлай беруіңе тілектес көңілден Тахауи. 23 желтоқсан 93 ж.» деген. Бұдан артық не керек! Сынға түсер, сыналар шағыңда мұндай демеуді екінің бірі көрмеген шығар. Тахауи дарқан ағадан мен көрдім.
Сөйтсем, бұл әлі жеткіліксіз екен. «Аға, 7 қаңтар 1994 жылы кандидаттық диссертациямды қорғаймын, қатысыңыз. Мүмкіндігіңіз болса, сөйлеңіз», дедім. Мұным тым артықтау болды. «Барамын, қатысамын», деді.
7 қаңтар 1994 жыл, сағат 10-ның енді болайын деп жатқан кезі. Ұлттық ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директорының кең кабинеті. Бәріміз қарбаласып жүрміз. Ғалым-хатшы, қазіргі филология ғылымдарының докторы, профессор, Қорқыттанудың білгір маманы Шәкір Ибраев айрықша қарбалас үстінде. Атақты әдебиеттанушы профессорлар, Ғылыми кеңес мүшелері жиналып жатыр. Бірінші кезекте академик Серік Қирабаевтың ғылыми ізденушісі, сол кезде Әдебиет институтында ғылыми қызметкер болып істейтін, белгілі ақын Шөмішбай Сариев қорғайтын болып дайындалып жүр. Тақырыбы – ХХ ғасырдың басындағы лирика. Диссертациясының басым бөлігі Мағжанның әйгілі лирикасына бағытталған. Қорғау уақыты болып қалған. С.Қирабаев ағамыз емханада екен, сол себепті ғылыми кеңесті филология ғылымдарының докторы, профессор Мүсілім Базарбаев жүргізетін болған. Бір кезде есік айқара ашылып, ақ селеу шашы көзге оттай басылып Тахауи Ахтанов кіріп келе жатты. Ғылыми кеңес мүшелері орнынан жапа-тармағай көтеріліп, «оу, Таха!..» деп жан-жақтан қауқылдасты. Академик Зейнолла Қабдолов Тахаңды құшақтап, жылы, әдемі сөздерін төгіп жатыр. Ғылыми кеңесті жүргізуші Мүсілім Базарбаев дереу шешім қабылдады. Бірінші – «Тахауи Ахтановтың драматургиясы» бойынша диссертацияны мен қорғайтын болдым.
Ғалым-хатшының таныстыруынан соң диссертация қорғауды бастап кеттім. Алдында іштей толқып, абыржып жүргенмін. Неден бастаймын, немен аяқтаймын. Енді міне, алдымда қақырадай болып тау-тұлға Тахауи Ахтанов отырғанда арқамды алып тауға тірегендей күш-қуат пайда болды. Екі жыл көз майымды тауысқан жұмыстың басты тұжырымдарын баяндай бастадым...
Диссертация қорғалып болғаннан кейін Тахауи ағамыз қарсы беттегі директордың орынбасары кабинетіне барды. Ол кездегі дәстүр бойынша шағын дастарқан дайындалған болатын. Ғылыми кеңес мүшелерінің біраз мықтылары қопарыла көтеріліп, Тахаңның жанынан табылды. Тахаң айтқан әдебиеттің келелі мәселелері орынбасар кабинетінің түндігін желпілдетіп тұрды... Академик Зейнолла Қабдолов «жылқының майы» деп атаған күрең коньяк баппен ішіліп жатты... Әзіл-қалжың, небір қызық әңгімелер түйдек-түйдек ақ қайнар боп ағытылды...
Қандай дарқан, кең заман еді деп ойлайсың қазір. Зейнолла ағамыз көтермелеп сөйлесе, кейде өзіңді-өзің танымай қаласың. Шөмішбай ағамыз диссертациясын қорғап болған соң барлығы дүр көтеріліп Шөмішбай ағамыздың үйіне барды. Бірігіп дастарқан дайындағанбыз. Дастарқанды Шөмішбай ағамыз өзі басқарды. Төрде отырған Тахауи мен Зейнолла ағамыз әңгіме-дүкенді қыздырды. Әзіл-қалжың ақтарылды. Ертеңіне Шөмішбай ағамыздың айтатыны ғой: «Мен бүгін ғылым кандидаты болып ояндым» деп.
Ахтанов биігі әдебиетте дара, оқшау көрінеді.
Сәмен Құлбарақ,
филология ғылымдарының докторы,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры,
«Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры
Келесі мақала