Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ ЕЛ НАЗАРЫНДА

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ ЕЛ НАЗАРЫНДА
ашық дереккөз
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ ЕЛ НАЗАРЫНДА
Елдің экологиялық жағдайын жақсарту мәселесі қашанда күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан отандастарымыздың бүгінгі басты міндеті – қоршаған ортаны, айналамызды келешек ұрпаққа таза әрі қолайлы қалпында аманат етіп қалдыру. Бұл бағытта бірқатар қадамдардың жасалып жатқаны белгілі. Алайда нақты нәтижеге тек қолданыстағы заңнаманы жетілдіру арқылы ғана қол жеткізетініміз ақиқат. Осы мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше назар аударып келеді. Мәселен, Президент жуырда 15-БРИКС саммиті аясында Йохханесбургте өткен мемлекеттер басшыларының «БРИКС Плюс» диалогы отырысына бейнебайланыс арқылы қатысып, Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде сөз сөйледі. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев саммит БРИКС-тің рөлін елеулі түрде күшейтіп, жаһандағы көптеген өзекті мәселені шешуге ықпал ететінін айта келіп, әлемдегі климаттың өзгеру проблемасына тоқталды. «Климаттың өзгеруі жаһандық ауқымдағы теріс салдарға әкеліп соғатыны баршамызға мәлім. Соңғы бірнеше жылда жаһандық Оңтүстік және Орталық Азия елдерінде өте қатты қуаңшылық белең алып, басқа да табиғи апаттар жиілеп кетті. Осыған орай Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымында 2024 жылды «Экология жылы» деп жариялауды ұсынып, осы өзекті проблеманы шешу жолындағы ортақ күш-жігерді ұйымдастыруға дайын екенін білдірді. ШЫҰ-ның Экология жылын өткізу жөніндегі іс-қимыл жоспары – уақытылы көтерілген бастама. Бұл бастама БРИКС-ке мүше мемлекеттер тарапынан да қолдау табады деп үміттенемін», деді Президент. Иә, Қазақстанның, соның ішінде Жамбыл облысының экологиялық жағдайы қоғам назарын аударып отыр. Аймақтың бүгінгі экологиялық мәселелері және оларды шешу жолдары қандай? Қоршаған ортаға қауіп төндіретін және ерекше назар аударуды қажет ететін мәселелер бірінші кезекте шешілуі тиіс. Мысалы, өңірдегі күрделі экологиялық мәселелердің бірі – облыс орталығының кәріз-тазарту ғимаратымен қамтамасыз етілмеуі. Яғни Тараз қаласы ағынды суларды тазарту құрылғысымен қамтамасыз етілмесе, онда Жамбыл ауданына жақын елді мекендер үшін ауызсу сапасы нашарлайды. Сондай-ақ ауылшаруашылық алқаптарының батпақтануына және елді мекендерді су басуына әкеліп соғады. Бұл мәселе туралы облыстық экология департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Темір Смағұлов өз пікірін білдірді. – Мәселені шешу үшін облыстық экология департаментінің КЖТ құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге арналған техникалық тапсырма берілді. Сәуір айында байқаудың нәтижесі шығып, Словенияның «CEST Consulting» компаниясы жеңімпаз деп танылды. Жоспар бойынша, ТЭН-нің аяқталу кезеңі 2023 жылдың қыркүйек-қараша айларына бекітілген. Ал техникалық-экономикалық негізді арнайы әзірлеу үшін ақпарат «Жамбыл су» кәсіпорнының ақпараты «CEST Consulting» компаниясына берілді. 2026-2027 жылдар аралығында ағынды суларды тазарту құрылғыларымен қамтамасыз етілетін болады, – дейді Темір Смағұлов. Келесі маңызды мәселелердің қатарына қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және жағу жатады. Жыл сайын ұлғайып жатқан тұрмыстық қалдықтарды орналастыру орындары санитарлық-гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейді және қоршаған ортаның жай-күйіне теріс әсер етеді. Жергілікті атқарушы органдар полигон ретінде көрсетілген геопорталдан нүктелерді жою бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде. – Ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша облыстың аумағында 200 стихиялық қоқыс орны анықталды. Оның 51 пайызы жойылса, қайта өңделмеген 102 орын және 37 полигон қайта ұйымдастырылды. 2022 жылы өндіріс тұтыну қалдықтарын орналастыру орындарының ғарыштық мониторингінің көрсеткіштеріне келер болсақ, Байзақ ауданында 26 орын анықталып, 8-і жойылды. 15 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы нүктелер расталмады, соның ішінде 3-еуі жойылмады. Жамбыл ауданында 32 орын анықталып, 11-і жойылды. 4 ҚТҚ полигонындағы нүктелер расталмаса, 17 орын жойылмады. Жуалы ауданы мен Тараз қаласындағы полигондар саны бірдей – 15. Егер Жуалыда 8 орын жойылды деп танылса, облыс орталығында жойылған полигондар саны анықталмаған. Талас ауданында 12 полигон анықталып, 5-еуі жойылуға жіберілген. Полигоны көп деп танылған Шу ауданында 92 орын анықталып, 16-сы ғана жойылған, – деді Т.Смағұлов. Бүкіл әлемді алаңдатқан қоқыс өңдеу мәселесіне келер болсақ, Тараз қаласында қайта өңдеу және қалдықтарды жағу зауытының болмауы біраз қиыншылық тудырып тұр. Осыған байланысты 2023-2025 жылдары «Eco Energy Plant» ЖШС ҚТҚ өңдеу және электр энергиясын өндіру бойынша инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі 18,8 миллиард теңгені құрайды. Жоба бойынша 75 мың тонна қалдық қайта өңделеді. Жобаның алғашқы кезеңі қолға алынған. Келісімшарт жасалып, 10 гектар жер телімі бөлінген. Жоба бойынша Тараз қаласы әкімдігі мен компания арасында қатты тұрмыстық қалдықтарды жеткізу туралы меморандум жасалған. Тұрғындардың талап-арыздары бойынша жұмыстар жүргізіліп, қажетті кеңестер де берілуде. Мәселен, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында департамент жоспардан тыс 9 тексеру жүргізген. Тексеру нәтижелері бойынша 5 бұзушылық фактісі анықталып, 3 нұсқама берілген. – Мәселен, «Қазфосфат» ЖШС-ның Тараз филиалы 3 санаттағы объект үшін мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысынан айырылды. «Қазфосфат» ЖШС Тараз филиалы фосфогипс қалдықтарының жаңа үйіндісін салу жөніндегі қызметі тоқтатылды. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС экологиялық рұқсат алғанға дейін фабриканың құрылысы тоқтатылды. Қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалау жүргізілгенге дейін қалдықтарды сұрыптау бөлігінде «Андас-Тазалық» ЖШС қызметі тоқтатылды. Биылғы жылдың 1 жартыжылдық қортындысына сәйкес 73 әкімшілік іс қозғалды, оның ішінде: 5 816 849,749 мың теңге сомасына 67 әкімшілік айыппұл салынды, – дейді Темір Смағұлов. Мемлекеттік экологиялық бақылаудың оң мысалдары мен қабылданған шараларына келер болсақ, қоршаған ортаны қорғау саласындағы жергілікті атқарушы органның құзыретіне кірмейтін мемлекеттік қызметтер көрсету фактілері анықталған. «Қазфосфат» ЖШС фосфогипс үйіндісін, аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің әкімшілік-тұрмыстық корпусының ғимаратын, сондай-ақ диспетчерлік цехты салуға жол берген тұлғаларға тиісті шараларды қолдану үшін облыстық прокуратураға хат жолданған. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-на қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 29 203 099 теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынып, тоқтатуға талап-арыз жолданған. Ал аналитикалық бақылау зертханасының жай-күйіне келер болсақ, бөлім бастапқы құны 60 миллион теңгені құрайтын 4 техникамен жабдықталған. Есепті кезеңде тексеру кестесінің жоспарына сәйкес қолда бар аспаптар мен жабдықтардың 85 пайызы тексерілген. Персонал құрамының өзгеруіне байланысты зертхананың жаңадан қабылданған мамандары ішкі оқыту және аттестаттаудан өткен. Қорытындылай келе, Жол картасы облыстың ең проблемалы экологиялық мәселелерін қамтыған. Бүгінде елді мекендерді газдандыру, автокөлікті газға ауыстыру, фосфогпис қалдықтарын кәдеге жарату, абаттандыру және көгалдандыру жобалары іске асырылуда. Бетті дайындаған Аяулым ЖАМАНҚАРА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар