ҚОҚЫСТЫ СҰРЫПТАУДЫ ҚАШАН ҮЙРЕНЕМІЗ?
Жақында еліміздің елордасы Астана қаласынан келген құрбыммен кездесіп, облыс орталығындағы тамақтану орнының біріне бардық. Сусынға тапсырыс беріп едік, пластикалық түтікшені қоса берді. Құрбым әлгі түтікшені мүлдем қолданбады. Әңгімелесіп отырғанымызда Тараз қаласында сұрыпталған қоқысты қайда өткізуге болатынын сұрады. «Астанада жүргенімде қоқысты үнемі сұрыптап жүретінмін. Мұнда келгелі бері қоқысты сұрыптау жайына қалды. Ғаламтордан ешқандай ақпарат таба алмадым», деді құрбым. Өзім де абдырап қалдым. Облысымызда қоқысты сұрыптау орындары бар ма? Халықты қоқысты сұрыптауға қалай шақырамыз? Ендеше осы төңіректе ой қозғап көрейік.
Өткен жылдың қорытындысына бойынша, елімізде 3 822 820 тонна қоқыс жиналған. Ал Ұлттық статистика бюросының мәлімдемесіне сүйенсек, жиналған қалдықтардың 2 035 878 тоннасы тұрғындардан қалған. Яғни әрбір қазақстандық өзінен кейін 100 келіге жуық қоқыс тастап отырған. Жиналған қоқыстың 1,2 миллион тоннасы ғана сұрыпталып отыр. Ал облысымызда биылғы жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша 25,1 мың тонна қалдық жиналған. Оның ішінде тек 2,4 мың тонна қалдық бөлек жиналып, сұрыпталған. Демек, елімізде қоқысты сұрыптау мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр.
Жалпы облысымызда 163 полигон болса, бесеуі жекеменшікте, қалған 158 полигон коммуналдық меншікте екен. Өңірде қалдықтарды бөлек жинауға арналған 792 контейнерлік алаң және қоқыс қалыбының үш түрі орналастырылған. Жалпы 4 622 контейнер, оның ішінде 700 торлы контейнер полиэтилен, пластик, пластмасса қалдықтарына арналған. Жабық құрамында сынап бар шамдарға 106 контейнер бар, сондай-ақ 3 816-сы тұрмыстық қатты қалдықтарды жиюға арналған. Дегенмен қоқысты сұрыптауға арналған контейнерлерді тиісті деңгейде қолданатындар аз. Бұл туралы экобелсенді Әмина Ерболқызы өз пікірін білдірді.
– Орталық алаңдарда сұрыптау бойынша қоқысты бөлуге болатын жәшіктер тұрады. Алайда тұрғындар контейнердің түсіне де, белгісіне де қарамайды, барлық қоқысты бірге тастайды. Мұның барлығы экологиялық сауатсыз болудан. Қоқыстарды араластыруға болмайды, яғни ылғал қоқыстар мен құрғақ қоқыстарды араластырмаған жөн. Заң бойынша, органикалық қоқыстар үйде утильденуі тиіс. Бірақ көп тұрғын мұндайды білмейді.
Тіпті сауда орындарында тауар сатып салған сәттен бастап-ақ біз өнімнің қайта сұрыптаудан өткізуге болатынын я болмайтынын анықтау қажетпіз. Оны білу түк те қиындық тудырмайды. Кез келген өнімде сұрыптауға арналған деп жазылып тұрады немесе белгі қойылады. Сатып алған өнімді қолданылған соң бірден сұрыптауға да жіберуге болмайды. Ең бірінші кезекте шыны, пластик және қағаз өнімдері деп қоқыстарды сұрыптап алу қажет. Кейіннен шыны және пластик ыдыстарды жуып, кептіріп аласыз. Сыртындағы бумасын да шешуді ұмытпаңыз. Бұл қадамдар дұрыс сұрыптауға әкеледі, – деді экобелсенді.
Облысымызда қалдықтарды жинау, тасымалдау және сұрыптау қызметімен айналысатын 33 мекеме бар. Олар арнайы 191 техникамен қамтамасыз етілген. Аталған мекемелер қалдықтарды 5 компонентке бөлу арқылы сұрыптайды. Яғни пластмасса және пластикалық қалдықтар мен бөтелкелер, шыны, қағаз қалдықтары, қаңылтыр банкалар.
Жиналған қатты тұрмыстық қалдықтар престен өткізіліп, шикізат алу үшін қайта өңдеуге жіберіледі екен. Бұл туралы «KazEcology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Эльдар Малаев айтып берді.
– Тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптауға арналған контейнерлер 2016 жылдан бері қойылған. Тараз қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды үй жағдайында да сұрыптайды. Сондай-ақ контейнерлерге қоқыстарды өз реттілігімен жиятындар да бар. Біз айына 70-80 тонна полиэтилентерефталат (ПЭТ) бөтелке, 10-15 тонна пластик өнімдер қабылдаймыз. Әрбір сұрыпталған өнім үшін компания атынан қаражат та төленеді. Қазіргі кезде сұрыпталған қоқысты Шымкент қаласына жібереміз, – дейді Э.Малаев.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кезінде де орамаға назар аудару керек. Экобелсенді Әмина Ерболқызының пікірінше, полиэтилен пакетті де көп қолдануға болмайды.
– Мәселен, биылдан бастап көршілес Қырғыз елінде полиэтилен пакетті қолдануға тыйым салынды. Осы арқылы билік Ыстықкөлді және оның биоәртүрлілігін сақтап қалмақшы. Және олардың мұндай іс-әрекеті дұрыс та. Неге? Өйткені пакет – экологияның жауы. Пакеттер қалыңдығына қарай 5-15 жылда ыдырайды. Және ол теңізге я мұхитқа түсіп кетер болса, ондағы жануарларға зиянын тигізеді. Иә, пакет біздің өмірімізді жеңілдететіні рас. Бірақ бұл пластик. Сол үшін де пакеттерге деген көзқарасымызды өзгерту керек. Қоқысқа арналған пакеттерді бөлек сатып алған жөн. Иә, тура полиэтилен пакет дерсің. Бірақ супермаркеттен жиып алған пакеттерді сіз мейлінше көп қолдансаңыз, қоқысқа арналған қалталарды айына 5-15 рет қана қолданатын боласыз. Сондай-ақ пакеттердің орнына матадан тігілген сөмкелерді де қолдануға болады. Бұрын ата-әжелеріміз азық-түлікті сатып аларда дорбасын асынып баратын. Қазіргі кезде де жастар біртіндеп экоматадан тігілген шопперлерге көшуде. Бір жағынан, бұл қоршаған ортаға, бір жағынан, сізге де пайдалы. Қайта-қайта полиэтилен пакет сатып алып жүрмейтін боласыз, – дейді Ә.Ерболқызы.
Сондай-ақ әлемдегі экологиялық ахуалға тек жекелеген адамдар ғана емес, алпауыт компаниялар да алаңдатушылық танытуда. Мәселен, 2015 жылдан бері «Технодом» компаниясы елімізде алуан түрлі экоакция ұйымдастыруда. Айталық, 2016 жылы «Біз Қазақстанды сүйеміз. Біз табиғатты жақсы көреміз» атты жоба өз жұмысын бастады. Жоба аясында еліміз бойынша экобокстар қойылып, электроқоқыстар жиналды. Атап айтқанда, пайдаланылған батареялар, аккумулятор, сымдар мен кабельдер, сондай-ақ телефондар және портативті электроникалар қабылданды. Жиылған «қоқыстар» қайта өңдеу үшін арнайы мамандандырылған «Промтехноресурс» компаниясына жіберіліп, қайта кәдеге жаратылды. Өйткені біз күнделікті қолданып жүрген электронды бұйымдарымыздың да табиғатқа әкелер зияны бар. Мысалы, барлық тұрмыстық қатты қалдықтардың улы шығарындылары 50 пайызды құраса, бір лақтырылған батарея 20 шаршы метр жерді ауыр металмен ластайды. Сол себепті оны қоқысқа тастауға болмайды.
Қазіргі таңда да «Технодом» компаниясы «Trade-in» атты бағдарламаны қолға алды. Яғни ескі ыдысыңызды өткізсеңіз, жаңа ыдыс алуыңыз үшін 50 пайыз жеңілдік беріледі. Мұнда алюминий және шойыннан жасалған ыдыстар қабылданады. Акцияның жүзеге асырылуы арқылы металды қайта өңдеу энергияны 75 пайызға дейін үнемдейді. Және токсинді шығарындылардың пайда болуын 86 пайызға азайтады. Акция биылғы жылдың ақпан айынан басталыпты.
«Trade-in» бағдарламасы қазіргі кезде барлық компанияларда жүзеге асырылуда. Мәселен, «Hyundai» компаниясы ескі көлігіңізді жаңа автокөлікке ауыстыруға мүмкіндік береді.
Сондықтан қатты тұрмыстық қалдықтарды залалсыздандыру өте маңызды және қажетті. Бұдан басқа облыс бойынша қайталама шикізат қабылдауға арналған 18 мекеме жұмыс істейді.
Экобелсенді Әмина Ерболқызы сұрыптаумен айналысқысы келген жандарға арналған өз кеңесін берді.
– Сұрыптаудағы ең басты мақсат – бәрін бірден бастамай, ең алдымен бір өнімді бастан-аяқ зерттеп алыңыз. Мәселен, бөтелке. «Ол қайдан шығады?», «Қайта сұрыпталуға жата ма?», «Одан қандай улы токсиндер бөлінеді», «Қайта өңдеу үшін қай жерге бара аламын?» деген сынды сұрақтарды өзіңізге қойыңыз. Кейін барлығын зерттеп алғаннан кейін басқа да өнімдерді сұрыптай бастаңыз, – дейді ол.
Егер қандай да ақпаратты білгіңіз келсе, облыстық экология департаментіне жүгінсеңіз болады. Мәселен, Т.Токонов есімді азамат тоңазытқышын кәдеге жарату және қайта өңдеу үшін департаментке өтініш жолдаған. Оған департамент басшысының міндетін атқарушы А.Плехов пен мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Н.Жанкараева 2021 жылғы 2 қаңтардағы № 400-VI Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 336-бабы, яғни қауіпті қалдықтарды қалпына келтіру және жою саласындағы қызметті лицензиялауға сәйкес түсіндірме берді.
– Аталған бапта кәсіпкерлік субъектілері қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу, залалсыздандыру, кәдеге жарату және құрту жөніндегі жұмыстарды орындау үшін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары бойынша, қызметтің тиісті кіші түріне сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге лицензия алуға міндетті деп айтылған. Ал қалдықтарды жинау жөніндегі операцияларды жүзеге асыру үшін лицензия талап етілмейді. Сонымен қатар азамат Т.Токоновтың өтініші бойынша Жамбыл облысының аумағында қауіпті қалдықтарды кәдеге жарату жөнінде лицензиясы бар мекемелердің тізімі берілді, – деді облыстық экология департаментінің маманы.
ТҮЙІН: Ата-бабамыздан мұра ретінде қалған табиғатты аялау – сіз бен біздің қолымызда. Күнделікті шығатын тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, арнайы қоқыс жәшіктеріне салу арқылы қоршаған ортаны қорғайық!
Аяулым ЖАМАНҚАРА
Келесі мақала
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ ЕЛ НАЗАРЫНДА
Ұқсас жаңалықтар
Әлеумет
208 мың теңгеден асады: 11,1 мыңнан астам қазақстандыққа әлеуметтік төлем тағайындалды
- авторAR-AY
- 19 қыркүйек, 2024