Әлеумет
«ОКРУГ ӘКІМДЕРІ АУЫЛДАҒЫ ӘР ШАҢЫРАҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫН БІЛУІ КЕРЕК»
- author AR-AY
- 21 мамыр, 2022
- 157
«ОКРУГ ӘКІМДЕРІ АУЫЛДАҒЫ ӘР ШАҢЫРАҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫН БІЛУІ КЕРЕК»
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Т.Рысқұлов ауданына барды. Аймақ басшысы алдымен «Жамбыл БТТ» шаруа қожалығының көкөніс алқабына барды. Темірбек Бұралқиев басқаратын шаруашылықта жиырмадан аса адам маусымдық жұмысқа тартылған. 2004 жылдан бері түрлі дақылдар егіп, егістіктің қыр-сырын меңгерген шаруа биыл алғаш рет 120 гектар алқапқа пияз егіп, тамшылатып суғару жүйесін қолдануда. Су үнемдеу технологиясын қолданысқа енгізу үшін аумақтағы жеті ұңғыманы тазалап, трансформатор, және сорғы қондырғылар орнатқан. Алқап басында Нұржан Молдиярұлы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қашан да қолдау болатынын жеткізді.
Облыс әкімі мұнан кейін Қаракөз Ускенбаева басқаратын жекеменшік «Қарлығаш» бөбекжай бақшасына ат басын бұрды. 140 орынға арналған балабақша былтыр пайдалануға беріліпті. Балабақшаның жұмысына қаныққан Нұржан Молдиярұлы білім беру саласындағы мәселелерге назар аударды. Аудан әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Майра Базарова аймақтағы 3 мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын, 5 қосымша білім беретін мекеменің ескірген ғимаратын қайта жөндеуден өткізу қажет екенін алға тартты. Осы ретте облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы бөлім басшысынан оқушыларды ыстық тамақпен қамтудың маңыздылығын айтып, мәзірдегі бал және көкөніс өнімдерінің сапасына селқос қарауға болмайтынын ескертті.
Нұржан Молдиярұлы бастаған топ Құлан ауылы, «Арай» алқабындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің жай-күйімен танысты. Мұнда мердігер «Сырым-Білеке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын бірер айда аяқтайды. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген тұрғын үйлердің сапасына көңіл бөлген аймақ басшысы талап бойынша үйдің инфрақұрылым желілерін толығымен аяқтаған соң пәтер беруді тапсырды. Яғни мұнда ауызсу, табиғи газ, жарық, жол мәселелері жуық арада толығымен шешіледі. Келесі кезекте Т.Рысқұлов аудандық ауруханасына барып, сала мамандарына денсаулық сақтау саласында ең әуелі қызмет көрсету сапасына жоғары мән беру керек екенін ескертті.
– Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлініп, қордаланған мәселелер уақтылы оң шешілуде. Соған сәйкес қызмет көрсету сапасы да жоғары болуы тиіс. Орта білімді мамандар мен дәрігерлер өз жұмысын жетік білгені дұрыс. Медицина мамандарына қойылатын талап жоғары. Сіздер көтеріп отырған аурухана салу мәселесі де назарымызда, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Құлан ауылындағы күрделі жөндеуден өткен «Сұлутөр» кинотеатрының тыныс-тіршілігін көзбен көрген Н.Нұржігітов жастардың бос уақытын тиімді өткізу мәселесіне салғырт қарауға болмайтынын еске салды. Осы ретте Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов кинотеатрда жастарға тегін караоке ашылғанын және ауылдарда мәдениет үйі мен спорт алаңшалары салынып жатқанын айтты. Бір сөзбен айтқанда жастар саясатын дамытуда аудан әкімдігі іске асырып отырған 5 бағытта даму жоспары жемісін беруде.
Іссапар барысында облыс әкімі Абай ауылдық округі әкімдігінің жұмысымен танысып, ауыл халқының табысынан бастап, әр округтегі жайылымдық жер мен мал басына дейін сұрап білді. Ауылдық округтің әкіміне жұмысты ілгерілету бойынша бірқатар нақты тапсырма жүктеді.
– Халықтың тұрмыстық табысын арттыру бағытындағы жұмыстар күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің қатарында. Округ әкімдері ауылдағы әр шаңырақтың жағдайын бес саусағындай білуі керек. Тұрақты жұмысы жоқтарға міндетті түрде қолдау көрсету қажет. Әр үйде кем дегенде бір адамның тұрақты жұмысы болуын қадағалаған жөн. Ауыл әкімдері округтің пилоттық жобаға енуін күтпей, өзінің жоспары бойынша жұмыстарды тиімді ұйымдастырса көптеген әлеуметтік мәселелер шешіледі. Ауылда жайылым мәселесі шешілгенімен, мал саны аз. Сондықтан сүт, ет өнімдерін делдалсыз өткізуге тырыссақ, ортадағы қаражат қалтаға түседі. Мысалы, сүт өнімінің литріне беретін субсидияны да азсынбай алған дұрыс. Округ әкімінің негізгі жұмыстары осы, – деді Нұржан Нұржігітов.
Аталған ауылдық округтегі үй іргесінде қосалқы шаруашылықпен айналысып отырған Орынбай Бекназаровты ауыл тұрғындары жақсы таниды. Тұрғын бірнеше жылдың шеңберінде бау-бақша жұмысын гүлдендіруге ден қойып, шағын ғана шарбағын таңқурай алқабына айналдырған. Осы күнге дейін ауладағы бақшасына түрлі көкөністер егіп, тәжірибе жасап көрген қарияның алдағы жоспарлары да аз емес. Үй иесі істің көзін тапқандар ауланың әр шаршы метрін тиімді пайдаланып, шаруасын шалқытуға болатынын айтады. Нұржан Нұржігітов шағын ғана ауладан мол өнім алып отырған отбасының тәжірибесін басқа ауылдастарына, аудан тұрғындарына үлгі етіп, осындай пайдасы көл-көсір кәсіпке тартудың маңызы бөлек екенін еске салды.
Осы күні Нұржан Нұржігітов «Қарақыстақ ГЭС» шағын су-электр стансасының жұмысымен танысқан соң Құлан, Қорағаты ауылының халқымен кездесіп, 30-ға жуық тұрғынның талап-тілегіне құлақ түрді.
Сәндібек ПІРЕНОВ
Келесі мақала