ЦИФРЛАНДЫРУ ҚЫЗМЕТ САПАСЫН АРТТЫРАДЫ
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде БАҚ өкілдері үшін «Мемлекеттік басқарудың цифрлық трансформациясы: архитектуралық тәсіл, реинжиниринг және деректер» тақырыбында брифинг өтті. Спикер ретінде Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Рүстем Биғари сөз сөйледі.
Брифинг барысында мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда бизнес-процестерді цифрлық трансформациялау мен реинжинирингті үйлестіру, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттандыру объектілерін интеграциялау мәселелері бойынша шешімдер қабылдау процестері талқыланды.
2021-2023 жылдары мемлекеттік органдардың 466-дан астам бизнес-процесіне реинжиниринг жүргізілген. Оның ішінде қоғаммен өзара іс-қимыл бойынша – 155, бизнеспен – 187, үкіметпен – 129.
«Бүгінгі таңда реинжиниринг қорытындысы бойынша әзірленген бизнес-процестердің нысаналы модельдері іске асырылу сатысында тұр. Жалпы ұсынылған шешімдердің тиімділігі кемінде 61 пайызды құрайды», деп атап өтті Рүстем Биғари.
Сондай-ақ ол 2023 жылы бала туу, балабақшаларға кезекке тұру және тіркеу, мектепке және жоғары оқу орнына қабылдау, жұмысқа орналасу, жәрдемақы төлеу, автокөлікке иелік ету, тұрғын үйге кезекке тұру ең көп сұранысқа ие процестердің қатарына енгенін айтты. Олардың барлығы «Invisible Government» тұжырымдамасы аясында қарастырылады.
«Бұған қоса биыл су саласы, медициналық қызметтерге ақы төлеу, бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамыту, транзиттік рәсімдеу, тарифтік саясатты қалыптастыру, сотталғандарды жұмысқа орналастыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауды қамтамасыз ету процестері және басқа да басым процестер қайта қаралатын болады», деді Цифрлық үкіметті қолдау орталығының директоры.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында кәсіпкерлік қызметтің 53 саласы бойынша мемлекеттің бақылау және қадағалау функциялары қайта қаралғанын атап өткен жөн. Реформа шеңберіндегі өзгерістер бақылау және қадағалау тетіктерінің қойылатын талаптарға сәйкестігі бойынша түсіндіру жұмысының рөлін күшейте отырып, профилактикалық бақылау жағына ауысуын болжайды.
Ұсынылған нысаналы модельдер бақылау-қадағалау іс-шараларын жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде рәсімдердің ашықтығына кері әсер ететін адами факторды алып тастауға, кәсіпкерлерге де, инспекторларға да жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Талғат Нұрханов
Келесі мақала