Саяси реформалардың салмағы үлкен
Негізгі заңымызға енгізілген түзетулердің бірінші блогі суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуге бағытталған. Мәселен, Президент өз өкілеттігі кезінде ешқандай саяси партия мүшесі бола алмайды. Бір реттен артық ел басқаруға құқығы жоқ. Сондай-ақ мұндай шектеу Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың, өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы мен мүшелеріне қолданылады.
Сонымен қатар Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ. Яғни ендігі жерде ағасының не әкесінің абыройын пайдаланып, лауазымды қызмет атқаратын кез келмеске кетті. Бұдан бөлек, Президент аудандар, қалалар мен ауылдық округтер әкімдерін қызметінен босата алмайды.
Конституцияға енгізілген түзетулердің екінші блогі бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлуге бағытталған. Сенаттағы Президент квотасы 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқарды. Олардың бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады. Сенат Конституциялық сот пен Жоғары Сот Кеңесі төрағаларының қызметіне Президент енгізетін кандидатураларды мақұлдайды. Конституциялық сот құрылды. Оның құрамындағы 11 судьяның алтауын Парламент бекітсе, төрт судьяны Президент тағайындайды. Конституциялық соттың төрағасын Сенат келісімімен Президент тағайындайды. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылды. Оның төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттары алдында есеп береді.
Ата заңдағы өзгерістің үшінші бағыты Парламент пен оның палаталарының рөлі мен мәртебесін арттыруға арналған. Жоғарыда атап өткеніміздей, Президент квотасы қысқарып, оның Сенатқа берілуіне байланысты Мәжіліс депутаттарының саны азайды. Сондай-ақ төменгі Палата депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланды. Мәжіліске заң қабылдау, ал Сенатқа оларды мақұлдау немесе мақұлдамау ұсынылды.
Келесі бағыт халықтың ел басқару ісіне араласуын жеңілдетуге арналған. Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі деген норма Конституцияда түпкілікті және біржақты бекітілді. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке Президент осы өңірдің барлық мәслихаттары депутаттарының келісімімен ғана тағайындалады.
Жалпы алғанда, өткен жылғы маңызды оқиғалар қатарында Президент сайлауы да бар. Осы орайда, Қ.Тоқаевтың ұсынысымен Президент өкілеттігі мерзімдерінің саны және ұзақтығы қайта қаралғанын айта кеткен жөн. Нәтижесінде Президент мандатының ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектелді. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынды. Мұндай өзгешеліктің бірнеше себебі бар. Біріншіден, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екіншіден, қабылданған конституциялық жаңалық билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтады. Себебі мемлекет тізгінін ұстаған адамның қайта сайлануға үміті болмайды. Сондықтан бүкіл күш-жігерін өзіне берілген жалғыз мүмкіндікке арнап, мемлекеттің мүддесі, халықтың қамы үшін игі істер атқаруға тырысатыны сөзсіз. Халықтың жауапты кезеңде дауыс беруге белсенді қатысқанын мынадан-ақ аңғаруға болады. Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәліметке сүйенсек, электораттың 8,3 миллионы өз таңдауын жасаған. Яғни дауыс бергендер сайлаушылардың 69,44 пайызын құрап отыр. Тоғызыншы территориядағы тағдыршешті кезеңді тәуелсіз бақылаушылар да жоғары бағалады.
Ел тағдырына ықпал еткен келесі оқиға – биыл наурызда өткен Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы. Парламент депутаттарын сайлау алғаш рет пропорционалды-мажоритарлы жүйе бойынша өтті. Мәжіліс пен облыстық мәслихат депутаттарының бір бөлігі, аудандық мәслихат депутаттарының бәрі бір мандатты округ бойынша сайланды. Нәтижесінде өкілді органдар шынайы халық билігі тармағына айналды десек, қателеспейміз. Бұған дейін төменгі палатада 107 депутат болса, конституциялық реформадан кейін олардың саны 9 депутатқа қысқарды. Осылайша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі аумағы бойынша Мәжілістің 69 депутаты, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 29 депутат сайланды. Бұл сайлаудың қызу өткенін мынадан-ақ байқай аламыз. Цифрларды сөйлетейік, Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауға қатысуда 609 кандидат өтініш білдірген. Соның 79-ы елімізде ресми тіркелген 7 саяси партия атынан додаға түсті. Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер тарапынан 5 үміткер ұсынылды. Ең қызығы, һәм ерекше айта кетерлігі, мажоритарлы жүйе бойынша сынға түсетін үміткерлердің басым бөлігі, яғни 525 кандидат өзін-өзі ұсынған-ды. Бұл – бір мандатты округ бойынша өтініш білдіргендердің 86,21 пайызы. Мұның бәрі азаматтардың белсенділігін, саяси бәсекенің қызу жүріп жатқанын көрсетеді. Сайлауға қатысуға тілек білдіргендердің көптігі «тоғызыншы территорияның» саясат тақтасындағы тектоникалық жылжуды дәлелдейді. Дауыс беру қорытындысы бойынша төменгі Мәжіліске алты партия өтті.
Елдегі сайлау үдерісі мұнымен бітпек емес. Ендігі жерде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері де сайланады. Бұл – ауыл әкімдерін сайлаудың логикалық жалғасы әрі мемлекеттік басқару жүйесін демократияландыруға ұмтылыстың нақты айғағы.
Саяси алаңдағы маңызды өзгерістердің бір парасы – бірқатар Конституциялық заңның қабылдануы. Атап айтқанда, Конституциялық сотты құрудың тәртібі бекітілді. Енді әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандықтарын тікелей осы органда қорғай алады. Келесі маңызды құжат – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң. Айта кетерлігі, омбудсменнің мәртебесі, құзыреті мен дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде алғаш рет бекітіліп отыр. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге мұндай ерекше мән берілуі оның қоғамдағы да, мемлекеттегі де маңызын арттыра түсетіні анық.
Еліміз кейінгі бірнеше жылда адам құқықтарын сақтауға ерекше мән беріп отырғанына назар аударған жөн. Қазақстан 2020 жылы өлім жазасына тыйым салуды көздейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хаттамаға қосылды. Халықаралық қоғамдастық бұл қадамды ыстық ықыласпен қабылдады. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуы туралы шешімін «өлім жазасын жою жолындағы маңызды қадам» деп бағалады.
Прокуратура органдарының қызметі алғаш рет Конституциялық заңмен реттелді. Құжатта прокуратураның мақсаттары мен міндеттері айқындалған. Барлық қызмет бағыттары бойынша прокурорлардың құзыреттері тізбеленген. Бұл ең алдымен азаматтар үшін маңызды. Осылайша, прокурордың заңда бар құқықтары мен міндеттерін толық білуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ жүйелі түрде адам құқықтарын қорғау үшін прокурорлар қандай міндеттер атқаруға тиіс екені нақты көрсетілген. Сонымен қатар «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күші жойылды.
Бұдан бөлек, 2022 жыл жаңа партиялар үшін де табысты болды. Жаңадан «Байтақ» және «Республика» партиялары тіркелді. Саяси партиялар туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты партияларды құру тәртібі оңайлатылды. Мәселен, азаматтардың бастамашыл тобының ең аз саны 700 адамға дейін қысқарды. Құрылтай съезін өткізу мерзімі 3 айға дейін ұзартылды, Тіркеу шегі 5 мың партия мүшесіне дейін төмендетілді. Өңірлік өкілдіктердің ең аз саны 200 адамға дейін азайды. Партия филиалдарын (өкілдіктерін) қалыптастыру мерзімі 1 жылға дейін ұлғайтылды.
Сондай-ақ «Қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасалды. Құжатта жасалған қылмыстардың нақты уақыт аралығы және рақымшылыққа іліккен азаматтар тобы белгіленді. Теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандар жазадан толық босатылды. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімдерін қысқарту көзделген. Мәселен, ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар үшін мерзімінің жартысы қысқарады. Егер сотталған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толықтай жазаны өтеуден босатылды. Алайда террористер, экстремистер, рецидивистер, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар және азаптаумен айналысқан адамдарға рақымшылық жасалған жоқ.
Сондай-ақ былтыр қыркүйекте Парламенттің бірлескен отырысында елорданың бұрынғы атауы қайтарылып, Астана деп қайта аталды. Бұған дейін халық арасында бас қалаға қатысты түрлі пікір айтылатын. Сөздің шыны керек, көпшілік Нұр-Сұлтан атауына үйреніспей, сол баяғы күйінде Астана деп атап жүргені рас. Бұл мәселеге билік те назар аударып, халықтың талап-тілегіне құлақ асты. Осылайша, «Әділетті Қазақстан» депутаттық тобы елорданы қайта атау бойынша бастама көтерген. Парламенттің бірлескен отырысында бұл мәселе жан-жақты талқыланып, қажетті құжат қабылданды.
Сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың алғашқы жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазан – Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Аталған ұсынысқа сай Парламент палаталары тиісті құжатты қабылдап, жаңа мереке белгіленді.
«Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Осы орайда, біз ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алуымыз керек. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын тәуелсіздік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын», деген еді Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында.
Былтыр еліміздің әкімшілік-аймақтық құрылымына өзгеріс енді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынды. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет екенін атап өтті. Үшіншіден, Алматы агломерациясына қатысты түйткілдерді ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлу маңызына тоқталды. Осылайша, бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылды. Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласына ауысып, шаһарға ұлтымызға еңбек сіңірген қайраткер Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Президент 4 мамырда жаңа облыстарды құру туралы Жарлыққа қол қойды. Құжат 8 маусымда күшіне енді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тапсырма берген-ді. Осыған байланысты «Жер аманаты» комиссиялары құрылып, белсенді жұмыс істей бастады. Соның нәтижесінде игерілмей бос жатқан 5 миллион гектар жер қайтарылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл да 5 миллион гектар жерді мемлекет меншігіне алуды жоспарлап отыр. Мұнан бөлек, шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстары да белсенді жүргізіліп жатыр. Серпінді саяси реформалар алдағы уақытта да жалғасады деген сенімдеміз.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, журналист
Келесі мақала